Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Алматыда ПИК-тердің орнына МИБ келе ме?

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мегаполисте мұнан былай ПИК-тердің орнына МИБ, яғни Мүлік иелерінің бірлестігі мен қарапайым серіктестік (ҚС) жұмыс істейтін болады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев мәлімдеді.

Алматыда ПИК-тердің орнына МИБ келе ме?

«Кондоминиум нысанын басқару органдарының қызметін реттеу мақсатында «бір үй – бір бірлестік – бір шот» қағидаты бойынша мүлік иелерінің бірлестігі коммерциялық емес ұйымының жаңа формасы құрылды. Ол әрбір үйді басқаруда жеке әдіс қолдануды көздейді. Сондай-ақ тұрғындарға ақша түсімін және олардың жұмсалуын мониторингілеу мүмкіндігімен өз үйін ұстауға қаражат жинауға мүмкіндік береді», - деді Мейіржан Отыншиев.

Егер бұрын ПИК, КТ, ПИТК, ЖШС және т.б. басқару органдары бірнеше үйді басқарып, барлық үйге бір шот ұстаса, енді бұл ұйымдар үй Кеңесімен алмасады. Үш меншік иесінен тұратын кеңес әр ай сайын тұрғындар алдында есеп беретін болады.

Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) – заңды тұлға. Оны басқаратын төраға меншік иелері қатарынан бір жылға сайланады. Бұл ретте, штатта аула сыпырушылар, электриктер, сантехниктер сияқты қызметкерлер болмайды. Бұлардың қызметін шарт бойынша сервистік қызмет көрсететін ұйымдар орындайды.

Қарапайым серіктестік (ПТ) – заңды тұлға болмай-ақ барлық меншік иелерімен тікелей бірлесіп басқару, яғни меншік иелері жарналарды ақшалай немесе еңбек салымы арқылы енгізеді.

«Бұл ретте меншік иелері өз құрамынан барлық меншік иелері берген қарапайым жазбаша сенімхат негізінде сенімді тұлғаны анықтай алады», - дейді Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары.

Жаңа басқару нысанына өте отырып меншік иелері өзіне тиесілі пәтер ауыртпалығын көтереді, тұрғын емес үй-жайдың, сондай-ақ кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне жауапкершілікті өз мойнына алады. Осыған байланысты МИБ төрағасы қарапайым серіктестіктің сенім білдірген адамы екінші деңгейдегі банктерде ағымдағы және жинақ шоттарын ашады.
Осылайша Алматыда 900 ПИК-тің орнына 8,4 мыңнан астам басқару органдары пайда болады. Сонымен қатар, меншік иелері бір жылдың ішінде үй Кеңесін сайлау және кондоминиум нысанын басқару формасын таңдау үшін жиналыс өткізуі тиіс.

Қолданыстағы ПИК, КТ, ПИТК 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға құқылы. Сонымен қатар бір мезгілде басқарушы немесе сервистік компанияларға тарату немесе қайта ұйымдастыру рәсімін де жүргізе алады.