Қоғам • 13 Ақпан, 2020

Жастар тәрбиесіне мән беру керек

491 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масаншы ауылында болған жанжалдың соңы ушығып, бейбіт күнде бірнеше адам қаза тапты. Осы жағдайға байланысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Оларға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Үкіметтік комиссия құрды. Комиссияға мемлекет қызметкерлері, қоғамдық ұйым өкілдері кірді. Қазіргі таңда Үкімет комиссиясы Қордай ауданында жұмыс жүргізуде. Оқиғаның мән-жайын анықтауға құзырлы органдар іске кірісті. Шағын ерегістің соңы үлкен жанжал мен қақтығысқа айналып, соңы қайғылы оқиғаға соқтырып отыр. Енді жаппай тәртіпсіздікті туғызған бұзақылар анықталып, жазалануы тиіс.

Жастар тәрбиесіне мән беру керек

Болашақта елімізде мұндай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін тек Қазақстан халқы Ассамблеясы ғана емес, қоғам болып жастарымызға тәрбие беру ісін қолға алуымыз қажет. Жастарға тәрбие беру мен түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілгенде мұндай бұзақылықтарға жол берілмес еді. Біздің басты мемлекеттік құндылығымыз – ұлттар арасындағы бірлік пен татулық, ауызбіршілік. Сол себепті береке-бірлігімізді бұзатындар, мемлекетіміздің мүддесіне зиян келтіретіндер заң жүзінде жауапқа тартылуы тиіс деп ойлаймын.

Ауғанстандағы соғысқа қатысқан жауынгер-интернационалист ретінде айтарым, ондай зұлмат соғыс болмасын, еліміз тыныш болсын деймін. Ауғанстанда мен қызмет еткен әскери бөлімшеде Кеңес Одағындағы барлық ұлт өкілдері болды. Взводта 17 адам 10 ұлттан едік. Бәріміз бір отбасының баласындай қызмет еттік. Өздеріңіз білетіндей, 15 ақпан – Үкімет қаулысымен Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – мереке күні деп белгіленді. Осы мереке күні және басқа уақыттарда да ауған соғысының ардагерлері мектептерде, арнайы білім беретін оқу орындарында, ЖОО-да патриоттық мазмұнда іс-шаралар өткізеді. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялатып, рухани және тарихи құндылықтарды қастерлеуге үйретеді. Жастардың соғыс жайында ардагерлердің өз аузынан естуі басқаша әсер қалдырады. Осындай тәрбиелік іс-шараларға көп мән беретін болсақ, жоғарыдағыдай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді. Бұзақылық ұлт таңдамайды. Әлеуметтік желілерде әр түрлі пікірлер айтылуда. Біз сабырлық танытуымыз керек.

Өздеріңізге белгілі, биыл Екінші дүниежүлік соғыстағы Жеңіске 75 жыл толады. Ата-бабаларымыз әр түрлі ұлттармен бірге жүріп соғысты, жерімізді басқыншылардан азат етті. Еліміздің тыныштығы үшін күресті. Ал, Ауған жерінде азамат соғысы әлі жалғасуда. Соғысты кітаптан оқып, кинодан көріп емес, өз көзімен көрген куәгер ретінде айтарым, ешқандай жанжал, соғыс болмасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Қазір еліміз жыл өткен сайын экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағынан дамып келе жатыр. Мемлекет тарапынан халыққа арналған көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Еліміздің болашағы, мемлекеттілігіміздің нығаюы тұрақтылық пен бейбітшілікке байланысты. Сол себепті қоғам болып, ел болып тыныштықты сақтауға тиіспіз. Ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтып, ортақ үйіміз – Қазақстанда бірлік пен татулықта өмір сүруіміз қажет.

Жанкелді МАХАШОВ,

Ауғанстандағы соғыс ардагерлерінің «Ауғанстан ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы