13 Ақпан, 2020

Әл-Фарабидің ұстаздық тұжырымдамасы тақырыпқа арқау болды

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 12-13 ақпанда «Білім беруді цифрландырудағы әл-Фарабидің педагогикалық тұжырымдамасының заманауи интерпретациясы» тақырыбында халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Ұлы ұстаз әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ғылыми-әдістемелік конференция білім беруді цифрландыру жағдайында жоғары мектеп педагогының құзыреттілігін жетілдіру бойынша тәжірибе алмасуды қарастырды.

Әл-Фарабидің ұстаздық тұжырымдамасы тақырыпқа арқау болды

Конференция барысында «Онлайн-курстарды оқу үдерісіне біріктіру. Педагогикалық сценарий әзірлеу әдістемесі» және «Педагог кадрларды даярлаудағы ЖОО мен орта мектептің өзара іс-әрекеттерінің жаңа үлгілері» тақырыптарында шеберлік-кластары өткізілді.

Сонымен бірге университет факультеттерінде «Қазіргі жағдайдағы ЖОО түлегінің құзыреттілік моделі», «Білім беруді цифрландыру жағдайындағы ЖОО оқытушысының құзыреттілік профилі», «ЖОО оқытушыларын оқыту және аттестаттау жүйесі», «ЖОО оқытушыларының пеагогикалық қызметін ынталандыру механизмі», «Білім беру үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологиялар», «Кадрларды даярлаудағы орта және жоғары білім берудің өзара іс-әрекетінің жаңа формалары» сынды негізгі бағыттар бойынша пікірталас алаңдары мен дөңгелек үстелдер өткізілді.

Мәселен, химия ғылымдарының кандидаты М.И.Төлепов модератор болған «Білім беру үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологиялар» секциясында Химия және химиялық технологиялар факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы және жұмыс берушілер өкілі қатысып, секцияда бес баяндама тыңдалды. Жиын соңында қатысушылар білім беру үдерісіне жаңа ақпараттық технологияларды ендіру жұмыс берушінің тікелей қатысуымен жүзеге асуы тиіс деген қорытындыға келіп, тағы да бірнеше мәселелер бойынша резолюциялар қабылдады.   

ҚазҰУ түлектерінің құзыреттілік моделін әзірлеу негізінде сұранысқа ие білім беру бағдарламаларын құрудағы жұмыс қай деңгейде? Оның оң дамуының одан арғы барысын не анықтайды? Қазіргі уақытта білім беру, өндіріс және бизнестің өзара іс-қимыл процесі қандай проблемаларға тап болып отыр? Еңбек нарығында қазіргі заманғы түлектер қандай ерекше атрибуттарға ие болуы тиіс? Ғылыми-әдістемелік конференция барысында қазіргі білім беру үрдісінің осы және басқа да өзекті мәселелері талқыға түсті.

Перизат ҮРКІМБАЕВА,

химия және химиялық технология факультетінің доценті