Ол өзінің өзегі тың, өрімі әдемі, өресі биік зерттеулерінде сандық ұғымның сапалы жүйеге айналған інжу-маржандарды тілге тиек ете білді. Әдеби-сыни коньюктуралардан биікте тұрды. Қазақ сөз өнерінде алғашқылардың бірі болып трагедия табиғатын танымдық үлгіде тарамдап бақты. Өнердің эстетикалық нысанасын дөп басып, дәл тануға да алғашқылардың бірі болып құлаш сермеді.
Бүгінгі уақыт талабына, тәуелсіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея, пікір айтуға сонау тоқырау, саясат бұғауы үстемдік етіп тұрған кезеңнің өзінде Рымғали Нұрғалидың батыл қадам жасағанына көз жеткізуге болады. Әсіресе оның ғылыми объектісінің ең күрделі, маңызды, арналы саласына айналған М.Әуезов өміріне, творчествосына қатысты, классик жазушының тұңғыш романы «Қилы заманның» зерттелу, жарық көру тарихына байланысты деректер жылдар қатпарында қалған қызық қиырларға жетелейді.
Ол, әрқашанда, татымсыз таластар мен тәлейсіз тартыстардан, дәрегейсіз даулар мен сын көтермес сыпсыңдардан биік тұратын тұлға еді. Басына түскен тағдыр сындарына іштей күйзеліп, іштей қамығатын бейнетін басқаның баламасынан іздемейтін жұмбақ жан еді. Жұбаныш толасын – өз ғұмырын арнаған, өзі еркін меңгерген әдебиет әлемінің күретамырын басудан табатын. Кешегі «жау» атанған жарық жұлдыздардың інжу-маржандарын тарих тозаңдарынан аршып, бүгінгі ұрпақтың ұлағат танымына айналдыруының төте жолдарын іздейтін. Жас кезінен жанына жебеу болған, жаратылысына демеу болған арыстардың, Абайдан арқау тартып Әуезовке ноқта басын ұстатып кеткен кемелдіктеріне сүйінетін, сүйініп жүріп олардың рухтарының құпиясына үңіле беретін, жарықтық.
«Алаш» ұранымен ұштасқан ұстаздық ұлағаты мен тәлімгерлік тәрбиесі өз биігінен аласармаған қалпында санада сайрап жатыр, ол – «академик Рымғали Нұрғали ізі» деп аталады.
2010 жылғы ақпан айының 16 жұлдызы біз үшін, қазақ әдебиеті мен ғылымы, мәдениеті үшін қайғы жамылған күн болып қалды. Бұл күні тарлан талант, ұлы ұстаз Рымғали аға өмірден озды. Бір апта бұрын ғана ортамызда жүрген академик Рымғали Нұрғали сонау Дубайда бақилық сапарға аттаныпты.
Мен үшін Рымғали ағаның орны бөлек еді. Ғылым жолында да, өмір жолымда да ақылшым болып еді. Туған інісі Айғалидан кем көрмей, ағалық қамқорлығын аямап еді. Туған жері Семей полигонының аумағы екенін айтып сыр бөлісуші еді. Өмірден ерте кеткен ағасы мен екі інісінің, қарындасының жайын айтып мұңаятын. Бәрі де полигонның кесірі деуші еді. Өзін де сол полигонның зардабынан пайда болған түрлі сырқат мазалап жүргенін айтатын.
Ағаның қырық жылдан аса уақыт бойы университет аудиториясында оқыған лекциясы алдынан дәріс тыңдаған мыңдаған студенттердің жүрегінде ұялап, көңілдерінде тоқылғаны сөзсіз. Шебер стиль, шешен тілмен өрілген дәріс мазмұны тыңдаушысын ұйытып, саналарына әдебиет әлемінің қасиетін сіңдірген, Алаш рухын ұялатқан сәттер шәкірт көңілінен өшпек емес.
Қайран аға!.. Орны қалды ойсырап... Санадан өшпес бейнесі, жарқын мінезі, мейірімге толы болмысы қалды елестеп.
Студенттік шақ. Арман жетегінде, қиял құшағында өткен күндер ғой ол. Бітпейтін пікірталасқа, таусылмайтын талпынысқа толы, өзіне тән қиындығына қоса қызығы да мол жастық дәурен еді ғой, ол бір! Әртүрлі оқу орындарында оқып жүрген дос-жаран, жолдас-жора бас қосқан уақыттарда сондай пікірталас тақырыптарының бірі әр мамандықтың артықшылығы, онда оқитын студенттердің ерекшелігі төңірегінде өрбіп жатар еді... Ол кезең қазақ тілінің қызмет аясы барынша азайып, соған орай қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының да өрісі шегіне жете тарылған жылдар еді ғой. Техникалық, ауыл шаруашылығы, т.б. мамандықтарының қазақ тілі мен әдебиетіне қарағанда мүмкіндігі мол, болашағы зор болып есептелетін, көпшілік көңілінде сондай пікір орныққан, психология қалыптасқан.
Біз, филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде оқитындар ең әуелі ұстаздарымызбен, одан соң оқу объектімізбен мақтанар едік.
– Сендер мектепте оқыған қандай оқулық авторларынан лекция тыңдайсыңдар, кімдермен бетпе-бет кездесе аласыңдар? – деуші едік ол кезде болашағы «бұлыңғыр» көрінетін қазақ тілі мен әдебиетіне кемсіте қарайтын өзге мамандықта оқитын достарымызға іштей жасыған көңілден сыр бермей. Әрине олар тосылып қалар еді.
– Ал біз мектеп оқушыларына арналған қазақ тілі, қазақ әдебиеті оқулықтарының авторлары М.Балақаев, І.Кеңесбаев, К.Ақанов, С.Қирабаев, М.Базарбаев, Б.Сахариевтердің лекциясын тыңдаймыз, кездесулерде әңгіме, естеліктерін естиміз. Орта мектеп оқулығына енген Абай, Сұлтанмахмұт, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндер туралы зерттеулер жүргізген, ғылыми еңбектер жазған, Абай мен Сұлтанмахмұттан кейінгі қаламгерлермен қоян-қолтық қызметтес болған, тағылымын алған Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Х.Сүйіншалиев, Т.Кәкішев, З.Қабдолов, С.Садырбаев, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғалиев, т.б. ғалымдардан тікелей дәріс аламыз, әсерлі әңгімелеріне қанығамыз, – деп таңдаған мамандығымыздың мәртебесін өсіруге тырысамыз.
Шындығы да солай еді. Қазақтың тұңғыш университетінде ол кезде дәріс беретін республикаға белгілі ұстаз-ғалымдардың барлығын айтпағанның өзінде, «көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған» Бейсенбай Кенжебаевтың алдынан тәрбие алу, Мұхтар Әуезовтің өзі болмаса да ұлы тұлғаның тағылымын бойларына терең сіңірген шәкірттерінен Әуезов үнінің әсері жадыларынан әлі өше қоймаған уақытта лекция тыңдау, Т.Нұртазин тәрізді профессордың телегей білім, терең талдау үлгісінде оқылатын дәрісіне қанығу біздің буынның бақытына қарай кездескен мүмкіндік деуге болады.
Осындай асыл ұстаздардың ішіндегі біз айтқан пікірдің айқын айғағындай, нақты мысалындай болып, сол ұлағатты ортаның жиырма бірінші ғасыр басындағы ұрпаққа үнін жеткізер, мұңын шертер көзіндей болып күні кешеге дейін ортамызда жүрген айтулы тұлғалардың бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және гуманитарық ғылымдар саласы бойынша берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиұлы.
Өзгелерді қайдам, мен үшін ұлы есім, өмірімдегі ең жақын адамға, ардақты жанға айналған, ара-қатынасымыз ұстаз-шәкірттен аға-інілікке, аға-ініліктен достыққа ұласқан аяулы Рымғали аға – Рекеңмен алғаш рет «Жұлдыз» журналында жарияланған мақаласы арқылы сырттай таныс болдым. «Жұлдыздың» 1968 жылғы бір санында жазушы Жекен Жұмахановтың «Cоқпақ соңы» повесі туралы сын мақаласы шықты. Оқып шықтым. Мақаланың ең әуелі көркем шығармадай оқылатын әсем нақышты тілі әсер құшағына бөлеп, баурап алды. Шығарманы талдау тәсілі, тереңіне бойлап, астарлы ойларды ашуы, оқырманның шығармаға құштарлығын оятатын ой-тұжырымдары ерекше әсерлендірді. Мақаланың ықпал еткені сонша, артынша «Cоқпақ соңын» тауып алып оқыдым. Көп ұзамай аудан орталығына жолым түсті. Әдеттегідей үлкен кітап дүкеніне кіріп жаңа шыққан кітаптарды іздей бастадым. Әрине ол кезде бірінші кезекте іздейтініміз көркем шығармалар екені рас. Сөредегі тізілген кітаптарды шетінен көріп келе жатқанда «Трагедия табиғаты» атты кітапқа көзім түсті. Авторы «Жұлдыздағы» мақаласы арқылы Жекен Жұмахановтың повесін оқуға еріксіз «мәжбүрлеген» Рымғали Нұрғалиев екен. Ескі танысымдай көзіме жылы ұшырай кетті.
Сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетіне түсіп, арман орындалғандай болды.
Ол жылдардағы тәртіп бойынша жыл сайын студенттер күздің алғашқы айларында ауыл шаруашылығы жұмыстарына көмектесіп, егін жинауға қатысатын. Сабақ содан кейін басталады. Біз де сөйттік. Студенттік өмірдің алғашқы сәттері. Жоғары мектеп жүйесіне қатысты біз үшін бұған дейін бейтаныс терминдер, тосын атаулар: аудитория, лекция, семинар, курстық жұмыс, семестр. Олар жайындағы алғашқы түсінік, алғашқы пайым қат-қабат өріліп, қатарласа санаға сіңіп жатты. Сабақ кестесінен қандай пәндер жүретінін, қай пәннен кім беретінін жазып алдық. Сабақ берушілердің біреуі Рымғали Нұрғалиев екен. Таныс есім, таныс фамилия тағы да жылы ұшырай кетті...
Міне, өзге де курстастарыммен бірге қазақ әдебиеттану ғылымының көшбасшыларының бірі, көрнекті әдебиет зерттеушісі, сыншы, жазушы, энциклопедист ғалым, көптеген мәртебелі атақтар мен биік лауазымдар иесі болған, сан қырлы талант, ұлт мақтанышы Рымғали Нұрғалиевпен жақындықтың алғашқы жүздесу сәті осылай болып еді. «Туған ай тураған етпен тең» дейді халық даналығы. Қалай дәл айтылған теңеу? Содан бері де аттай елу жылдан аса мезгіл өтіпті-ау. Зулаған күндер, жылжыған жылдар білдірместен артта қала беріпті. Оны осындай еске түсірер себеп-жайларда ғана аңғарғандайсың.
Сол студенттік кезден ғылым жолына түсуіме ықпал етіп, курстық жұмысқа жетекшіліктен докторлық диссертацияға кеңесшілік жасауға дейін үздіксіз жалғасып келген жақындық аясында ұстаз бойындағы өз әлімше сезіп білген, көзбен көрген, талай рет куә болған асыл қасиеттері, талант қырлары, қабілет-қарымы, адамгершілік пен азаматтық келбеті туралы ұзақ-ұзақ толғауға болар еді. Алайда ұстаз-ағаны етене жақын сезініп кеткендіктен бе, ол жайында ақтарыла жазуға үнемі имене беремін, тартына сөйлеймін.
Дей тұрғанмен әдеби орта, зиялы қауым жақсы білетін, алдынан дәріс алған жүздеген шәкірттеріне де белгілі ұстаз келбетінің кейбір тұстарын қайталап айтудың артықшылығы жоқ деп білемін. Осы орайда Р.Нұрғалиев талантының алғаш ауызға ілінер ерекше бір қыры – оның лекторлық шеберлігі. Біздің топқа Рекең бірінші курста «Әдебиеттануға кіріспе», төртінші, бесінші курстарда «Қазақ әдебиеті тарихы» пәнінің кеңестік кезеңінен және арнаулы курстар бойынша дәріс берді. Біз оқуға түскен жылдары «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша қазақша оқулық жоқ болатын. Зекеңнің «Сөз өнері» кітабы әлі шықпаған кез. Бірінші курстың алғашқы күндерінен оқытылатын «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен лекция оқитын Р.Нұрғалиев шәкірт көңілін бірден-ақ баурап алып, әдебиет әлеміне деген құштарлығымызды бұрынғыдан да арттыра әсемдік әлемінің гүлзар бағына енгізіп жібергендей болды. Әдеби болмысты түсіндіруінде қазақ әдебиеті шеңберінен әлдеқайда әрі асып, әр мысалын орыс және әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сабақтастыра түйіндеп, ағыл-тегіл сөйлегенде лекция жазуға әлі дағдыланбаған, жүйелі ой қорытуға қалыптасып үлгермеген біз абдырап қалушы едік. Тума талант, қабілет-қарымына орай жинақтаған терең білімі, философиялық тұжырымды ойлары шешен тілмен көмкерілгенде айызымыз қанып, қанаттануға қоса, бұған дейін ештеңе оқымағандай күйге түсетінбіз. Рекең қандай тақырыпта лекция оқыса да студенттердің ынтасын тудыра, нәрлі ой тұжырымдарымен әсерлендіре, өзінің жазу мәнеріндегі көркемдікті әлсіретіп алмай сөйлейтін, үнемі шабыт үстінде жүретіндей көрінетін. Ол оқыған лекцияларда тіпті трафарет тәрізді есептелетін жазушы өмірбаянының өзі өзгеше стильде, өзгеше өрнектеле баяндалып, көркем образ деңгейінде тыңдалатын.
Бұл құбылыс Сәкен, Ілияс, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов тақырыптары өтілгенде ерекше көрініс табатын. М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы тұсында аса бір сүйіспеншілік сезім мен шабытты күйде болды. Ұлы жазушыға арналып бірнеше күн бойы оқылған лекцияда «Абай жолы» эпопеясына көп орын берілді. Эпопеяның жазылу, жарық көру тарихын баяндай келе, ондағы образдар әлемі, кейіпкерлер болмысы, құрылымдық сипаты, табиғат құбылысы, мінез бен портрет, т.б. толып жатқан мәселелер жайында жеке-жеке талдай отырып ойын жинақтай сөйлегенде кітапта суреттелетін бар әлем қайта жаңғырып, жан бітіп көз алдыңа келгендей болатын. «Эпопеяда кейіпкер көп. Үш жүзге тарта кейіпкер бар... кітапта аянышты тағдыр көп. Иіс кемпір, оның баласы Иса, немересі, т.б...» деп алып әр алуан кейіпкерлер тобының басты тұлғалары, түрлі тағдыр иелері, көркем бейне ретінде олардың өзіндік орны мен көтерер жүгі жайлы жіліктеп талдап кетер еді.
Романда боран, жауын, қыс, жаз, көктем, күз, т.б. алуан түрлі құбылыс, қилы іс-әрекеттің мол көрініс табатыны, оның бәрі де қазақ өміріне байланыстырыла суреттелетіні, белгілі бір авторлық мақсатқа қызмет істеуге, шығарманың идеялық мазмұнын ашуға жұмылдырылатыны туралы айта келіп, сол әртүрлі құбылыс, іс-әрекеттің әрқайсысына жеке тоқтала отырып, оларға байланысты роман ішіндегі өзіне керекті детальдар, оқиға, сюжетті жатқа айтып, ой маржанын төгілте баяндайтын. Бұрынырақ оқыған эпопеядағы ұстаз келтірген дерек, детальдарды аңғармағаныңды, не ұмытқаныңды сезініп, қайта оқығың келіп кетуші еді.
Әсіресе «Абай жолын» кең тыныспен талдап түсіндіру барысында романның екінші кітабының аяғындағы эпилог арқылы түйінделген ойларды жеріне жеткізе зор шабытпен толғаған тұстары әлі күнге көз алдымда, көңілімнен өшкен емес. Эпилогтағы Мұхтар Әуезовтің қалам қуатымен өрілген әуезді әсем ырғақты сөйлемдер лектор Рымғали Нұрғалиевтің құлаққа жағымды қоңыр үнімен тыңдалғанда оқылғаннан әлдеқайда әсерлі еді.
Жеті жарым беттен тұратын эпилогтың кей тұстары «Ақшоқыда туған өлең мен ән, сан салалы жырлар көшіріліп жатталып, әуендеп толқып, тарап жатты. Алуан сырлы жаңа сөз Арқаның қоңыр желіндей жай жылжып, бірақ кең жайылып тарады...
Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, көшіріліп, әуендеп толқып Ералыға жетті...
Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән көшіріліп, жатталып Мұхаметжан әуенімен Ұлжан аулына жеткен еді...
Ақшоқыда туған ән жатталып, сол күндердің бір кешінде ұйқысыз жатқан Құнанбайдың құлағына жетті...
Ақшоқыда туған өлең, өлең мен ән жатталып, әуенге қосылып, кең атырапқа тарап жатты. Даланың қоңыр желіндей, жай соққан самалындай лүпіп-толқып, Тобықты жайлауларын түгел шарпып өтті...» тәрізді болып белгілі бір тіркестің қайталануы арқылы басталып отыратын, бірақ әрқайсысы жаңа мазмұнға құрылып, бірін-бірі толықтыра түскен бірнеше абзацтық мәтінді жатқа айтып, шығарма түйінін берудегі жазушы шеберлігін ғылыми терең пайыммен, философиялық толғаммен тұжырымдап, шешендікпен жеткізе, кестелі тілмен баяндаған тұста Абай-Мұхтар, Мұхтар-Рымғали әлемі болып тұтасып, жарасым тапқандай көрінер еді.
Бұлар арқылы қазақ әдебиетінің үш дәуірі бірімен-бірі жалғасқандай, бір нүктеде түйіскен үш дәуір болып, бір ниетте ұласқан үш тұлға күйінде ұлт ұраны, қазақ үні, қазақ сөзі, қазақ ойы болып, бірін-бірі демеп, болашақ бойлығына жол тартқандай.
Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасына айналған Рекеңнің ғалымдық таланты, зерттеушілік қабілеті, сыншылық өресі өз алдына бір төбе. Сонау студент кезінің алғашқы жылдарында-ақ ғылым-білімге деген ынтасын, қабілет, дарынын бірден байқатып, ұстаздар назарын өзіне аудара білген ол қазақ әдебиеттану ғылымының қайсар қайраткері, бойына сіңірген Алаш рухын бір сәтте өшірмеген дана ұстаз Бейсенбай Кенжебаевпен бірігіп «Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» (1961) атты кітаптың авторы болғаннан бастап қазақ әдебиетінің тарихына, теориясына, жеке жанрлық, т.б. көкейкесті мәселелері мен әдебиетіміздің дара тұлғаларының шығармашылығына арналған монография, сын, зерттеулерден тұратын қазақша, орысша басылған ондаған іргелі ғылыми еңбектер, публицистикалық және прозалық туындылар берген академик Р.Нұрғалиевтің энциклопедиялық біліммен қаруланған кең шеңберлі ғалым ретінде ғылымның биік тұғырына көтерілгенінің куәсіміз. Оның қаламынан туған «Трагедия табиғаты» (1968), «Талант тағдыры» (1969), «Күретамыр» (1973), «Өнер алды қызыл тіл» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы» (1977), «Поэтика драмы» (1979), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ революциялық поэзиясы» (1987), «Древо обнавления» (1989), «Арқау» 2 томдық, «Әуезов және Алаш» (1997), «Вершины возвращенной литературы» (1998), «Сөз сыры» (2000) тәрізді ғылыми еңбектері мен «Дән» (1977), «Ай қанатты арғымақ» (1990), т.б. прозалық туындыларының қай-қайсысы да өз кезіндегі бұрын көтерілмеген мәселе бойынша жаңалығымен, бұрын айтылмаған тұжырым, ашылмаған тұстар төңірегіндегі соны ойлармен, тың тақырып, соны бағытымен құнды, бүгін де таптырмайтын кітаптарға айналған, келер ұрпаққа мағлұмат жеткізетін, қазақ әдебиеттану ғылымындағы көп жаңа көзқарас, идеялардың бастау көзі болғандығын көрсете алатын, көркемдік қуаты мол, ғылыми деңгейі жоғары, философиялық ой-тұжырымдары терең, мәнді еңбектер.
Осындай қордалы тақырыптарды қопарып құнарлы ойлармен түйінделетін кітаптар жазуға қоса ғылыми мамандар даярлауға қосқан үлесі қаншама!?
Оның ғылыми жетекшілігімен және оппонент болуымен диссертация қорғаған бірнеше ондаған ғалымдардың ішінде филология ғылымдарының докторлары Ш.Елеукенов, М.Мырзахметов, У.Қалижанов, С.Дәуітов, Қ.Әбдезұлы, М.Хамзин, С.Байменше, Д.Мәсімханұлы, С.Тапанова, М.Шындалиева, А.Ищанова, С.Дауытова, А.Әлтай, Ж.Жарылғапов, филология ғылымдарының кандидаттары Л.Әділбекова, Р.Шаханова, З.Тайшыбаев, Ш.Уәлиханов, Г.Орынханова, т.б. сияқты республикаға белгілі қоғам қайраткерлер, түрлі мемлекеттік құрылымдар мен жоғары мектептерде ұстаздық етіп жүргендер бар.
Ол өз мамандығы саласында білімпаз ғалымдығына орай тәуелсіз Қазақстанның ғылыми дәреже мен атақтар беретін тұңғыш жоғары аттестациялық комитетінің мүшесі болып, филология ғылымдары бойынша сараптау комиссиясының төрағасы ретінде жаңа ұйымның бекіп, орнығуына іскерлікпен атсалысты, ғылым жолындағы талай азаматтардың тағдырын шешті.
Бір мүшелге жуық уақыт, он екі жылдай Қазақ энциклопедиясын басқару барысында ұлт мүддесін көздейтін, ұрпаққа қызмет істейтін сан алуан озық идеялардың, жақсы бастамалардың ұйытқысы болып, оның жүзеге асуы үшін барынша тер төгіп, мол қажыр-қайратын жұмсады, ұлттық энциклопедияны ғылыми теориялық тұрғыдан жаңа биік деңгейге көтерді. Профессор Р.Нұрғалидың бас редактор кезінде «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия», «Ол кім? Бұл не? Шәкірт энциклопедиясы», «Шаңырақ», «Свод памятников истории и культуры Казахстана», «Ислам», «Философиялық сөздік», энциклопедиялық принциппен жасалған «Айқап», Ә.Бөкейхан «Таңдамалы», «Әлемде талай қызық бар» тәрізді дүниетанымдық мәні зор еңбектердің шоғырлана дүниеге келуі соны да, тың бастамалардың іске асуының көрінісі еді.
Біз, шәкірттері академик Рымғали ағаны ұстаз, ғалым ретінде де, қайраткер тұлға, азамат ретінде де мақтаныш етеміз. Оның ұстаздығы мен ғалымдығы адамгершілікпен ұштасқан, қайраткерлігі мен азаматтығы принципшілдігімен тұтасқан.
2010 жылдың 19 ақпаны. Алматы қаласы. Ұлы ұстазды жер қойнына жатқызып келеміз. Табиғат ана да, асыл азаматты қимағандай жабырқау күйде. Төгілген көз жасындай болып жаңбыр да құйып тұр. Ауа райының қолайсыздығына қарамай қарақұрым болып жиналған адамның көптігінің өзі аяулы ұстаздың, аcыл тұлғаның халық сүйіспеншілігіне бөленгендігінің белгісіндей еді.
Содан бері де Рымғали ағасыз күндер өтіп жатыр. Көңілімізде қалған бір өкініш – жетпіс, жетпіс бес, сексен жастық мерейтойларын ағаның өзінің көре алмай кетуі. Алланың ісіне шара бар ма?! Құттықтау сөздің орнына естелік айтылып, шаттана қуанудың орнына мұңая еске алу болады деп кім ойлаған!?
Құныпия АЛПЫСБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор