Қоғам • 14 Ақпан, 2020

Биыл халық санағы жүргізіледі

535 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл елімізде Ұлттық халық санағы жүргізіледі. Техникалық жағдайларға байланысты бір жыл кешігіп атқа­рылғалы отырған ауқымды іс-шара 2009 жылғы кемшіліктерді қайталамайды. Сондай-ақ санақты қағазсыз жүргізу қарастырылған. Бұл туралы кеше Президент жанын­дағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов айтты.

Биыл халық санағы жүргізіледі

Комитет төрағасының ай­туынша, халық санағы шарт­ты екі кезеңнен тұрады. 1-30 маусым аралығында өте­­тін дайындық кезеңінде интер­вьюерлер тұрғын үй­лер мен тұрғын емес үй-жай­лар­дың, құрылыстардың, сон­­дай-ақ ондағы тұратын тұр­ғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Яғни, бұл кезде санақтық аудан­дастыруға дайындық жүр­­­гізіледі. Ал санақтық аудан­­дастыру дегеніміз – өңір­­­дегі әрбір елді мекеннің аума­­ғын санақтан өткізу үшін нұсқаушылық және есептік учас­келерге бөлу.

Санақтың негізгі кезеңі қазан айының 1-і мен 30-ы аралығына жоспарланған. Ал­ғашқы 15 күнде интернет-сауалдама жүргізіледі. «2009 жылы Ұлттық халық санағы кезінде болған қате­лік­терді ескердік. Биылғы санақ барлық талаптарға сай өтеді. Бірінші ерекшелік, қа­ғазбен жұмыс істеу болмайды. Сауалдама жауаптары планшетке енгізіледі. Екінші ерекшелік, интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын адам sanaq.gov.kz арна­йы сайтына кіріп, санақ парақ­тарын өз бетімен толтыра алады. Бұл өте ыңғайлы. Біз интервьюерлердің қауіпсіздігі үшін облыстық әкімдіктермен жұмыс істеп жатырмыз. Кей­бір аудандарды интервьюерлер учаскелік полициялармен бірге аралайды», деді Нұр­болат Айдапкелов.

Халыққа сауалдама жүр­гізу барысында респон­дент­ті сәйкестендіру үшін адам­ның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалдама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анық­тама беріледі.

Нұрболат Айдапкелов тіке­лей халық санағын өткі­зу кезеңінде уақытша са­нақ персоналы ретінде (нұс­қаушы-бақылаушылар, интервьюерлер) 32,5 мың адам жұмысқа тартылатынын жет­кізді. «Санақ жүргізетін азаматтарға қойылатын талаптар: бастамашыл, жауап­ты, тез тіл табысқыш 18 жас­тан асқан Қазақстан азаматы болуы керек. Жұмыс өтілі мен кәсіби біліміне талаптар қойылмайды, тек планшетпен жұмыс істей білуі керек. 30 күнге қызмет көр­сетілген кезде дайындық ке­зеңінің интервьюеріне 75 743 теңге, негізгі кезең ин­тер­вьюерлеріне 94 678 теңге төлеу жоспарланған. Ал 45 күн қызмет еткен дайындық және негізгі кезеңдердің нұс­қаушы-бақылаушысына 113 614 теңге ақы төленбек», деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, 2018 жылдан бас­тап 2022 жыл аралығында Қазақстанда Ұлттық халық санағына дайындық және өткізу үшін бюджеттен 8 млрд 211 млн теңге қаржы қа­растырылған. «Бюджеттің негізгі бөлігі – 3 млрд 7 млн теңге интервьюерлердің ең­бегіне төленеді. Онлайн ресурс пен ақпараттық жүйеге де қаржы кетті. Одан кейін әрбір облыс орталықтарында санақ жүргізу бөлімдерін аштық. Аудан, ауылдарда санақ жүргізу үшін көлік жалдайтын боламыз. Шамамен 1 млрд теңгеге планшеттер, сумкалар, шарфтар сатып алдық. Бұл туралы мәліметтер сайтта ашық көрсетілген», деген Н.Айдапкелов тұрғын үйлерге барған кезде интервьюерлерде халық санағының логотипі бар куәлік, сөмке, шарфтың болуы міндетті екенін ескертті.