Аймақтар • 14 Ақпан, 2020

Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

164 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы айтып, өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіптік кешен мен тұрғын үй құрылысы бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Қоғамдық кеңес алдында есеп берді

Жыл қорытындысында жалпы экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда үздік 8 облыстың қатарында тұр.
Былтыр облыс экономикасына 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 17,4 пайызға артқан. Осының арқасында Қызылорда инвестициялар өсімі өскен өңірлер қатарынан орын алды. Өткен жылы 25 әлеуметтік нысанның құрылысы басталып, оның 12-аяқталды, қалған 13-і биыл жалғасады.

Облыс әкімі қоғамдық кеңес алдындағы есебінде  шикізаттық емес секторды, әсіресе, экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға баса назар аудару қажеттігін айтты.

Осы жылдың көктемінде ас тұзын өңдеу және йодтау зауытын іске қосамыз. Оған қоса, 4 мың тонна балық өңдейтін цехты, қуаты 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын, ірі қара мал өсіретін кешенді аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, түйе сүтінен құрғақ сүт шығаратын өндірісі мен шыны пластикалық желілік және жоғары қысымдағы сорғы-компрессорлық трубалар өндірістерінің құрылысы басталмақ, деді облыс әкімі.

Өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің өнімі әлемнің 19 еліне жіберілуде. Экспортталатын өнім тізбесі де соңғы жылдары арта түскен. Өткен жылы облыста 760 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 

Кездесу барысында өңір басшысы «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру, «Қорқыт ата» әуежайында халықаралық талаптарға сай жолаушылар терминалын салу, 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік Әлеуметтік жол картасы мәселелеріне де тоқталды.

Қоғамдық кеңес мүшелері де ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.