Аймақтар • 14 Ақпан, 2020

Республикалық ғылыми жобалар байқауында оқушыларға білім гранттары берілді

456 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсын қорытындылады.

Республикалық ғылыми жобалар байқауында оқушыларға білім гранттары берілді

Ақпанның 11-14 аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өткен байқауда Назарбаев зияткерлік мектептерінің шәкірттері, Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының оқушылары басымдық танытып, білім гранттарына ие болды.

Байқау «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан - 2050 стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат бағдарлары» бағыттары бойынша ұйымдастырылды.

Оқушыларды ғылымға құлшындыру мақсатында өткен зияткерлік сайысқа ҚР Ұлттық ғылым академиясы қолдау көрсетті.

Марапаттау салтанаты Қазақстан Республикасының ҰҒА академигі, ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, конкурстың «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу» бағытының жетекшісі Төлеген Әбдісағиұлы Қожамқұловтың сөзімен ашылды. Сонымен қатар  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі атынан мектепке дейінгі және орта білім комитетінің бас сарапшысы Гүлмира Құлсариева құттықтады.

Конкурстың мектепшілік кезеңіне 21 604, екінші аудандық кезеңінде 7332 оқушы, облыстық кезеңіне 3381 оқушы қатысты. Конкурстың ақтық сынында еліміздің барлық аймақтарынан ең үздік 584 жоба ұсынған 737 дарынды оқушы бақ сынады.

Конкурстың қазылар алқасының шешімімен Қазақстан Республикасының БҒМ I дәрежелі дипломдары  және алтын медальдармен 57 жеңімпаз, ІІ дәрежелі дипломдары және күміс медальдармен 103 жүлдегер, ІІІ дәрежелі дипломдары және қола медальдармен 175 жүлдегер марапатталды.

Қазақстан-Британ Техникалық университеті мен «Астана IT университет» басшылығының шешімімен конкурстың жүлдегер түлектеріне жабылу салтанатында жоғары оқу орындарында білім алу гранттары берілді.