Технология • 14 Ақпан, 2020

Алматыда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату мәселесі қаралды

585 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е.Бабақұмаровтың төрағалығымен қаладағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті.

Алматыда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін тарату мәселесі қаралды

Жиынға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы К.Шәмшидинова мен Қамқоршылық кеңес мүшелері – Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Л.Жылқыбаева, Алматы қаласы мәслихатының депутаты А.Нәбиев, Алматы қаласы «Физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі» филиалының директоры Ж.Сүлейменова, AlmaU университетінің негізін қалаушы және президенті А.Қожахметов, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Р.Кенжеханұлы қатысты.
Отырыс барысында мектептің 2019 жылдың даму қорытындысы шығарылды, сондай-ақ білім беру қызметтерінің сапасын одан әрі арттыру, материалдық-техникалық базаны жаңғырту жөніндегі жоспарлар қаралды. Бүгінгі таңда НЗМ Алматы филиалының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсенді қатысады: 600-ге жуық оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды, 358-і ғылыми жарыстар мен конкурстарда жеңіске жетті.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім беру тәжірибесін қалалық мектептерге тарату мен барлық оқушылар үшін НЗМ технологияларының қолжетімділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. 23 жетекші мектеп НЗМ жүйесі бойынша сабақ беруге көшті. Алматы әкімдігінің бастамасымен 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап пилоттық жоба аясында НЗМ стандарттары қаланың шалғайдағы 8  мектебінде енгізіліп отыр. №7, №195, №186, №193, №184 мектептерде семинарлар, мастер-кластар, ашық сабақтар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар дарынды оқушыларды қолдаудың жаңа шараларын енгізу, сондай-ақ білім беру қызметіне, әсіресе физика-математикалық, инженерлік бағыттар бойынша және химия, робототехника, бағдарламалау саласында жаңа IT шешімдерін енгізудің келешегі талқыланды. Бұл шаралар оқушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еңбек нарығының өзгермелі талаптарына дайындауға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша әкімнің орынбасары, Алматы қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қамқоршылық кеңесінің төрағасы Е.Бабақұмаров Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев атындағы мектептерде ұлттық білім беру сапасын арттыру үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Қала әкімдігі өз кезегінде білім беру инфрақұрылымының сапасын одан әрі жақсарту бойынша қажетті қолдау шараларын көрсетеді.

Сонымен қатар Қамқоршылық кеңес мүшелері мектептің кабинеттік қоры мен ғылыми базасының жұмысын тексеріп, зертханалар, физика, химия, робототехника кабинеттері, оқу телестудиясы, оранжерея, кітапханаларды көріп шықты.