Қоғам • 14 Ақпан, 2020

Қазақ балалары Калифорниядағы ISEF-2020 ғылыми жобалар конкурсына барады

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда оқушылар арасындағы республикалық ғылыми жобалар конкурсы мәреге жетті.

Қазақ балалары Калифорниядағы ISEF-2020  ғылыми жобалар конкурсына барады

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйытқы болған байқаудың нәтижесінде жеңімпаздардан тұратын еліміздің құрама командасы 10-15 мамыр аралығында Анахайм қаласында (Калифорния штаты) өтетін жыл сайынғы ISEF-2020 оқушылардың халықаралық ғылыми жобалар конкурсына барады.

Конкурс ұйымдастырушылары Алматы қаласының командасы, Назарбаев зияткерлік мектебі, Павлодар, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматыдағы Абай атындағы Республикалық  мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттың командалары ғылыми жобаларын жақсы қорғап, жоғары нәтиже көрсеткенін атады.

Төрт күнге созылған байқау «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан - 2050 стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат бағдарлары» бағыттары бойынша ұйымдастырылды.

Конкурстың ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында барлық секциялар онлайн-режимде өтті. Бейне-көрсетілімдерге сілтемелер Қазақстан Республикасының БҒМ және «Дарын» РҒПО-ның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында ұсынылды.

Конкурстың мектепшілік кезеңіне 21 604, екінші аудандық кезеңінде 7332 оқушы, облыстық кезеңіне 3381 оқушы қатысты. Конкурстың ақтық сынында еліміздің барлық аймақтарынан ең үздік 584 жоба ұсынған 737 дарынды оқушы бақ сынады.

Конкурстың қазылар алқасының шешімімен Қазақстан Республикасының БҒМ I дәрежелі диплом  және алтын медальдармен 57 жеңімпаз, ІІ дәрежелі диплом және күміс медальдармен 103 жүлдегер, ІІІ дәрежелі диплом және қола медальдармен 175 жүлдегер марапатталды.

 

АЛМАТЫ