Аймақтар • 15 Ақпан, 2020

Алматының Бостандық ауданында 2019 жылы 27 балабақша ашылды

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының Бостандық ауданында өткен жылы 27 балабақша ашылған. Бұл туралы Бостандық ауданының әкімі Алтай Рақымбетов Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығы алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Алматының Бостандық ауданында 2019 жылы 27 балабақша ашылды

Алтай Рақымбетов хабарлағандай, бүгінгі таңда ауданда жалпы 10 595 орындық 29 мемлекеттік және 89 жеке меншік балабақша жұмыс істейді. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезектілігі 2936 құрайды.

«Балабақшаларға кезектілікті қысқарту үшін МЖС аясында 2019 жылы 27 жеке меншік балабақша мен шағын орталықтар ашылды. Одан өзге, №21 гимназия аумағында 120 орындық №189 балабақша құрылысы аяқталуда», – деді Бостандық ауданының әкімі.

Сондай-ақ «Асыл Тау» тұрғын үй кешенінің аумағында әлеуметтік жауапкершілік аясында жеке компаниямен 195 орынды 191 балабақша құрылысы аяқталды.

Жалпы және орта білім беру жүйесіне 56 ұйым кіреді, оның 22-і жеке меншік және 34-і мемлекеттік мектеп. Бостандық ауданы мектептерінің жобалық қуаты 25 873 оқушы орнын құрайды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылардың өсімі 4019 баланы құрады.

«Оқушы орнының тапшылығы 4270 құрайды және сондықтан мектептердің негізгі ғимараттарына қосымша құрылыс салу бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Өткен жылы №105 мектепке қосымша орын құрылысы жүргізілді, ал қазіргі уақытта №140 мектепке қосымша орын құрылысы жүргізіліп отыр. Сондай-ақ №65 мектептің қосымша құрылысын салу жоспарланған. Жоғарыда айтылған барлық қосымша құрылыстардың әрқайсысы 300 орынға арналған», – деді Алтай Рақымбетов.

Өткен жылы №38 және №60 гимназияларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бүгінгі күні құрылыс басқармасымен кешенді жұмыстар қолға алынған және биыл әрқайсысы 600 орынды құрайтын мектепке жапсарлас құрылыс жұмыстары басталады.

 

АЛМАТЫ