Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасарлары Ю.Келигов пен Ш.Пулатов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Б.Мәкен, ҚХА мүшелері мен этнобірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында Ассамблея Төрағасының орынбасары мемлекетіміздің Конституциясы ұлты, нәсілі, діні мен басқа да өзгешеліктеріне қарамастан, өзінің барлық азаматтарының мүдделерін қорғауға кепілдік беретінін атап өтті.
ҚХА ұлттық бірліктің мемлекеттік саясатының сенімді тірегі бола тұрып, тұрақтылықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Жамбыл облысы Қордай ауданындағы оқиғада Ассамблея шет қалмай, кикілжіңді шұғыл шешу үшін алғашқы минуттарда-ақ бірқатар жұмыстар атқарған болатын.
Ж.Түймебаев қылмыста ұлт жоқ екендігін атап өтті. Барлық кінәлілер Заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Сонымен қатар ол кикілжіңнің себептеріне тоқтала отырып, мемлекеттің аталған мәселе бойынша толық түсінігі мен оның шешу алгоритмінің бар екендігін айта кетті.
Кездесу барысында «Бірлік көптүрлілікте» принципі негізінде қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайту, этносаралық қатынастың негізі ретінде – мемлекеттік тілді үйрену, жалпыұлттық тарихи сананың дамуы және т.б. бойынша бірқатар міндеттер қойылды.