Руханият • 15 Ақпан, 2020

Алматыда «Құнанбай» кітабының таныстырылымы өтті

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Мұхтар Әуезов музей-үйінде» Академик Ерлан Сыдықовтың «Құнанбай» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Әйгілі Құнанбайдың тарихи болмысын айшықтаған іргелі еңбек Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясымен жарық көріп отыр. Жақында осы толымды зерттеу еңбектің тұсауы елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада кесілген болатын.

Алматыда «Құнанбай» кітабының таныстырылымы өтті

Кітаптың таныстырылымы ұлт руханиятының алтын бесігіне баланатын Алматыда, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде өтуінің өзіндік символикалық мәні бар. Неге десеңіз, даңқты суреткер әйгілі «Абай жолы» романын дәл осы шаңырақта өмірге әкелген.  Сонымен қатар осындағы Халық университетінде 80-жылдары Құнанбайдың шынайы тарихи тұлғасы туралы алғаш мәселе көтерілген болатын. Шараға жиналған белгілі тарихшылар мен қабырғалы қаламгерлер Абайдың 175-жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген тарихи-ғұмырбаяндық туындыға жоғары баға берді. 

Ұлт және әлемдік руханият тарихында үлкен орны бар қазақ тұлғасы туралы толымды еңбек жайлы автордың өзі былай дейді: 

«Құнанбай Өскенбайұлының өмірі мен қызметіне деген үлкен аудитория – Ресей оқырманының алғашқы қызығушылығы және сұранымы бар екенін бұрыннан байқайтынмын. Енді нарық талабына сай бұл таралым саны арта түсіп, әлем оқырманына жол тартады деп ойлаймын. Құнанбай Ресей империясы тұсында би және болыс бола жүріп, елі үшін талай маңызды істерді атқарған адам. Сондықтан зерттеушілер мен жұртшылық тарапынан оның тұлғасына қатысты қарама-қарсы пікірлердің болуы әбден мүмкін.

Жасыратыны жоқ, кешегі Кеңестік цензура дала билеушісі, "қарадан шығып хан болған" Құнанбай туралы теріс пікір қалыптастырды. Көркем әдебиетте жағымсыз кейіпкер ретінде танылды. Айдауда болған әйгілі поляк зиялысы Адольф Янушкевич саяхат күнделігінде: «Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да дала өңірінде аты кең жайылған адам. Қарапайым қазақтың баласы. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының жетік білгірі. Қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады... Ал, бірақ барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге жарамайды»​ деп таңғалады. Құнекеңнің айрықша тұлғасы ғылым мен өнер қайраткерлері еңбектерінде біршама зерделенген. Асылы, ақылды да рухты тұлға ғана ойшыл, дана, көреген болмақ. Әлемге ұлы Абайдай данышпан, дара ақынды сыйлаған әке арманы ұлт арманымен ұштасқан».

Ерлан Бәтташұлы Сыдықов - тарих ғылымы мен рухани мұралардың зерттелуіне зор үлес қосып жүрген көрнекті ғалым әрі зерделі өлкетанушы. Оның Абайдың айналасы мен Семей қаласының арғы-бергі тарихы, ұлт тарихындағы хандар мен тұлғалар туралы таңдаулы еңбектері ғылыми қауымға жақсы таныс. Басқасын айтпағанда, осы «Молодая гвардия» баспасы «ЖЗЛ» сериясымен шыққан «Шәкәрім» атты танымдық-ғұмырбаяндық еңбегі әлемнің алты тіліне аударылып, Абай шәкіртінің тұғырын одан әрі биіктете түсті.