Аймақтар • 15 Ақпан, 2020

Қордай қақтығысынан 185 адам зардап шеккен

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында жұмыс сапарымен болып, аудандағы төтенше жағдай салдарын жою бойынша облыстық штабтың отырысын өткізді. Жиынға жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Қордай қақтығысынан 185 адам зардап шеккен

Облыстық штабтың мәліметтері бойынша, ауданда болған оқиға салдарынан 185 азамат зардап шеккен. Олардың 34-і ауруханаға жатқызылған. Сондай-ақ, 39 тұрғын үй, 20 коммерциялық нысан және 47 автокөлік өртенген. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 7-13 ақпан күндері аралығында Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе бақылау-өткізу бекеттері арқылы Қырғыз Республикасына барлығы 23 131 адам өтіп,  21 261  адам кірген. Ауылдарды тазалау жұмыстарына 250 адам күші және 53 бірлік техника жұмылдырылып, барлығы 680 тонна құрылыс қоқысы шығарылған.

Қазіргі уақытта 55 дүкен, 3 дәріхана, 14 жанармай құю бекеттері және 30 басқа да коммерциялық нысан тұрақты жұмыс істеп тұр.

Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін Сортөбе ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында халыққа мобильді қызмет көрсету орталығы құрылды. Аталған орталық арқылы күні бүгінге дейін тұрғындарға 54 туу туралы куәлік, 48 жеке куәлік, 1193 балаларға арналған анықтамалық қағаздар, 15 жылжымайтын мүлік туралы құжат, 8 неке туралы куәлік, 1 паспорт берілген. Сонымен қатар, 778 зардап шегуші отбасыға барлығы 57,2 тонна болатын алғашқы кезектегі қажетті заттар мен азық-түліктерден құралған гуманитарлық көмек көрсетілді. Мүлкі зардап шеккен азаматтарға жалпы сомасы 3,9 миллион теңгенің ақшалай көмегі үлестірілген. Сондай-ақ, 17,5 тонна күріш, 40 тонна ұн, 7 тонна қант, 500 литр өсімдік майы және басқа да гуманитарлық көмектер көрсетілген.

Бүгінгі таңда ауданда тұрақты жағдай сақталуда, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда. Отырыс қорытындысы бойынша Бердібек Сапарбаев тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккен нысандарды, мүлікті, құжаттарды қалпына келтіру және елді мекендердегі қалыпты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Жамбыл облысы