Аймақтар • 15 Ақпан, 2020

Барбастау-Индер жолының 50 шақырымы жөнделеді

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Батыс Қазақстан облысында Бөкейорда жолының 100  шақырымы жөнделеді, Жайықтың сол жағалауындағы Барбастау-Индер бағытындағы жолдың 50 шақырымы қайта салынып, Орал-Атырау тас жолын кеңейту үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалады. Бұл туралы өңір басшысы Ғали Есқалиев халық алдында есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Барбастау-Индер жолының 50 шақырымы жөнделеді

- 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Қазталов, Жәнібек және Бөкейордасы аудандарына жол салуды тапсырған болатын.  Жаңа жолдың жалпы ұзындығы 245 шақырым құрайды. 2019 жылы 18 шақырым жөнделді, осы жылы 100 шақырымнан астам жолды жөндеуді жоспарлап отырмыз, - деді Ғали Есқалиев.

Батыс Қазақстан облысы елімізде автожол сапасы ең төмен өңірдің бірі. «Өңірдің үлкен мәселелерінің бірі – жергілікті жолдар. Олардың сапасы бойынша біз соңғы орындамыз. Облыстық және аудандық маңызы бар 5 мың шақырым жолдардың тек 31%-ы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда» дейді әкім.

Дәл қазір өңірде «Самара-Шымкент» республикалық автожолының 150 шақырымы жөндеумен қамтылған. Былтыр 11 млрд. теңгеге 145 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар жолдар жөнделді. Ауылішілік жолдар бойынша Теректі, Ақжайық, Шыңғырлау, Бөрлі, Қазталов және Бәйтерек аудан орталықтарында жалпы ұзындығы 24 шақырым, Орал қаласында 13 көшеде 22 шақырым автожол жөндеуден өтті.

Жалпы өңір бойынша былтыр 27 млрд. теңгеге 360 шақырым жол жасалынған екен.

Әкімнің айтуынша, 2020 жылы жалпы өңір бойынша 400 шақырым автожол жөнделеді. Соның ішінде халық тарапынан жиі көтерілген облыстық маңызы бар «Барбастау-Ақжайық-Индер» жол бөлігінің 50 шақырымын жөндеу басталамақ. Сондай-ақ өңірде «Орал-Атырау» республикалық тас жолын кеңейтуге жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр екен. Көлік апаты өте жиі болатын бұл жол кеңейіп, 4 жолақты болатын болса, жолаушылардың қауіпсіздігіне және қарым-қатынастың жақсаруына ерекше әсер ететіні сөзсіз.  

Батыс Қазақстан