Қазалы ауданы әкімдігінің мәжіліс залында өткен семинарда мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің артықшылықтары мен тиімді жақтары айтылды.
Басқосуда аудан әкімі Мұрат Ергешбаев аймақтық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының сарапшыларын таныстырып, бүгінгі мәселенің маңызды екенін атап өтті.
– Бұндай игі жұмыстармен облыс көлемінде айналысып жатқан кәсіпкерлер жетерлік. Ауданымыздың да кәсіпкерлері осы бағытта жұмыс жасауға қызығушылық танытады деп ойлаймын. Біздің кәсіпкерлердің потенциалы өте жоғары. Тек қана бағдарламаның мақсаты мен жүйелі жұмысын жақсы түсініп алуымыз қажет, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Басқосуда Қызылорда облысының аймақтық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының сарапшылары Жанат Сапаржанова мен Бауыржан Нұрсейітов аудан кәсіпкерлері, кент, қала, ауылдық округ әкімдері және бөлім басшыларына МЖӘ жобаларын іске асырудың негізгі қағидаттарын, мемлекеттік және жекеше әріптестердің қатысу нысандары мен тәсілдерін, шығындарды өтеу және МЖӘ жобасын іске асырудан түсетін кірістер көздерін түсіндірді.
Семинар барысында жергілікті кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан бұл жобаның қыр-сырын білді.
Аймақтық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының сарапшылары ауданның белгілі кәсіпкерлері «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінажадин Өтеев, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры Қасқырбай Әлімбай, «Намыс Құрылыс» ЖШС директоры Әбдімәлік Өтеулілермен де кездесіп, мемлекет пен бизнестің біріккен бастамасы жайлы жан-жақты түсіндірілді.