Халықаралық қатынастар кеңесінің президенті Ричард Хаас тізгіндеп отырған пікірталасқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани қатысып жатыр.
Алғашқы болып сөз алған Қ.Тоқаев географиялық орналасудың маңызы туралы сөз қозғады. «Қазақстан жер көлемі бойынша 9-орындағы мемлекет. Бұл, әлбетте, бізге көптеген мүмкіндік пен жол ашады. Ресей, Қытаймен көршілес болудың да артықшылықтары бар. Ортақ шекара тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.
Қазақстан – Орталық Азияда маңызға ие мемлекеттердің бірі. Орталық Азия да күннен күнге дамып жатыр. Менің ойымша, аймақ өзінің геосаяси маңызын жоғалтпайды», деді Мемлекет басшысы.
Ричард Хаастың энергия көздері туралы сұрағына Президент «Мемлекетіміз түрлі энергия көздеріне ие. Бұл да бір артықшылық. Сонымен бірге жаңа сайланған Президент ретінде цифрландыру саласына да басымдық беретінімізді айтып өткім келеді. Экономиканың дамуы үшін жаңа жобалар мен бағдарламалардың қажет екенін түсінеміз», деді Қ.Тоқаев.