Жалпы, Абай әлемі – ұлтымыздың мінез-құлқы, болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы, жаны, тілі, діні, ділі, рухы жан-жақты көрініс тапқан бірегей құбылыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтой аясында мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарда екенін атап өте отырып, ол шаралардың «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» екенін алға тартты.
Президент сол мақалада «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз», деп атап көрсетті.
Біздің ең бір ескеретін жеріміз, бұл бағдарламалық мақала алдымен еліміздің абайтанудағы жаңа қадамдарын айқындап беріп отыр. Жалпы, аталған ғылымға әр зерттеуші өз биігінен қарайтыны белгілі. Тіпті, хакім қалыптастырған үлкен мектептің ірі-ірі өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты терең зерделей отырып та Абай әлеміне көз жүгіртуге болады. Бұл ретте Абай табиғатымен рухы үндес ақындар шоғыры қазақ әдебиетінде айтарлықтай көп. Әрине, соның бірегейі, жоғарыда айтып өткен, Абайды темірқазық тұтқан тұлға – Мұқағали Мақатаев.
* * *
Сонау соғыстан кейінгі жылдары шалғайдағы бір ауыл мектебінде оқушылардың бірі Абай жөнінде жазған шығармасын «Абай – Гималай!» деп аяқтапты. Оқушысының осы бір ауыз сөзіне риза болғаны соншалық, бағаға сараңдау мұғалім еш ойланбастан бестік бағасын қойыпты. Ол оқушының аты-жөні Мұқағали Мақатаев екен.
Бұл жерде біз шалғайдағы бір ауыл мектебіндегі ұстаздың ұлағаттылығы мен шәкірттің сұңғылалығына тамсана отырып, осы шағын мысалдың өзі-ақ Мұқағалидің бала күнінен Абайдың ұлылығына бас иіп, ұлықтап жүргенін айқын аңғартатынына баса назар аударғымыз келеді.
Мұқағалидің Абай әлеміне жақындығының тағы бір мысалы, оның өмірінде маңызды оқиға болған мына жағдайдан да көрінеді.
Мұқағалитанушы Оразақын Асқардың айтуынша, Мұқағали сайлау науқаны тұсында ауылдық кеңестің хатшысы ретінде төлқұжаттарын өз қолымен туралап алған. Ақын өмірбаянына үңілсек, оның 1948 жылы Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы болғанын білеміз. Ал КСРО тарихынан 1947-1948 жылдары жергілікті кеңес орындарының сайлауы өткені белгілі.
Десе-дағы, Мұқағали туған күнін төлқұжатқа туралап түсірерде, неге нақ 9 ақпан күнін таңдап алды? Өзі нақты есептеп шығарды ма, әлде басқа бір оймен осы күнді әдейі таңдап алды ма? Осы орайда мынадай жорамалға жол беріп көрелік.
1948 жылы мектеп бітірген Мұқағали арман қуып ел астанасы Алматыға келгенде, еш қиындықсыз оқуға түсіп, ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті атанған еді. Алайда орталыққа жақын аудандардың студенттеріне жатақхана берілмегендіктен, алатын стипендиясы не тамағына, не пәтерақысына жетпей әрі ауылда асыраусыз қалған үй-ішінің ауыр тұрмысына алаңдап, оқуын одан әрі жалғастыруды мүмкін деп таппады да, армандап келген оқуын доғаруға мәжбүр болды. Дегенмен, сол тұста ол Мұхтар Әуезовтің дәрістерін тыңдап, Абайдың көзін көрген ұстаздың өз аузынан ұлы ақынның поэзиясы ғана емес, туып-өскен ортасы туралы да лебізін естіді. Әлемдік әдебиеттің, соның ішінде Шығыс әдебиетінің білгірі Мұхаңның дәрістері жас ақынның қиялына қиял қосып, қанаттандырғаны, шартарапты шарлаттырғаны сөзсіз. Жас Абай Шығыс жұлдыздарының жыр жауһарларымен сусындап, ұлы ұстаздарына қалай еліктесе, жас Мұқағалиді де Шығыс поэзиясы солай еліктіруі тым табиғи.
Бозбала Абайдың: «Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз – бу һәммаси, Мәдет бер, я шағри фәрияд» деп, Шығыстың ұлы шайырларын айрықша құрметпен тілге алып, олардан шалқар шабыт жолында медет сұрап, ерекше қадір-құрмет тұтқаны белгілі. Осы аталған шайырлардың ішінен Әлішер Науаиға Абай айрықша тәнті болып, оның шығармашылық дәстүрін жалғастырған. Мұхтар Әуезов: «Оған тілдері түсінікті ең жақын ақындар болғандықтан, Науаи, Физули үлгісі көп әсер етеді. Жас шағында сол ақындар өздеріне үлгі еткен Фирдауси, Сағди, Хожа Хафиз тәрізді ұлы классиктердің ескі өзбек тіліне аударылып, Абайға сол аударма арқылы таныс болуы көңілге қонымдырақ көрінеді. Бұл соңғыларды Абай білгенде, түрікшеленген аудармалардан білу керек», деп жазған және де: «Өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынан үлгі іздейді», деген.
Ал енді барлық дереккөздерінде Әлішер Науаидің 1441 жылғы ақпан айының 9-ы күнінде қазіргі Ауғанстан аумағындағы Герат қаласында туғаны айтылады. Араға 490 жыл салып, дәл сол ақпан айының 9-ы күні алыстағы Қарасаз ауылында дүниеге Мұқағали келеді. Осы кездейсоқтық па, әлде басқа жағдай ма?
1948 жылы Әлішер Науаидің шығармалары қазақ тілінде тұңғыш рет «Таңдамалы шығармалар» деген атпен Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен басылып шықты. Сол жылы Науаи жинағы Ташкент қаласында орыс тілінде де басылды. Мұның елдің мәдени өміріндегі осы ұлы оқиғалардың енді ғана әдебиет әлеміне есік ашқан Мұқағалидің дүниетанымына әсер етпеуі әсте мүмкін емес. Жас ақынның өз жанын қатты толқытқан қаһарманға еліктеуі, «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай айтқандай, соған ұқсауға тырысуы неге болмасын? Сондықтан, ол өз туған күнін таңдарда ұлы адамның дүниеге келген уақытымен дәлме-дәл келуін ойластыруы әбден мүмкін. Ырымшыл қазақтың баласы ғой, «ұлы шайырдың жолы маған да жұғысты болсын» деп ырымдауын, «сол сияқты атақты ақын болсам» деп армандап, «поэзия көгінде жарық жұлдыз болсам» деп қиялдауын жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, отбасылық жағдайға байланысты оқудан қол үзіп, сонау шалғайдағы ауылда жүріп асқақ арман-қиялға бөленіп жүрген бозбаланың аңсары әрнеге ауа беретін көңіл күйі нешік? Бұндай психологиялық жағдайды да ескермеске болмайды. Бұл бозбала ақынның табиғатына, болмысына келеді-ақ.
Абырой болғанда, он сегіз жасқа тола қоймаған албырт шағында ол құжатнама толтырып, іс-қағаздарын жүргізетін ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарады. Сол тұста өз төлқұжатын дұрыстап алған Мұқағали мұндай мүмкіндіктің туғанын «Жаратқанның сыйы» деп қабылдауы хақ. Оның туған күніне байланысты осы жорамалымыз шындыққа жанаса ма? Оны бір Жаратқан Ие біледі. Қалайда, күнтізбеде екі ұлы ақынның есімі қатар тұр.
«Қуат алам Абайдың тіл-күшінен, Жыр жазамын Абайдың үлгісімен. Абай болып табынам бір кісіге, Абай болып түңілем бір кісіден», деп ақиық ақынның өзі жырлағандай, Мұқағали ұлы ұстазына еліктеп жыр жазғанын оның алғашқы өлеңдерінен-ақ анық аңғаруға болады. Мәселен, мына төмендегі «Ауырмай жаным қиналды» атты өлеңінен Абайға тән теңеулерді танимыз:
«Жүректе – сәуле, ойда – шам,
Жарығы шықпай ішімнен.
Ауырмай жаным қиналам,
Жадына сақтар түсінген».
Десе-дағы, Абай мен Мұқағали поэзиясындағы үндестікті тек сыртқы ұқсастықтан іздемеу керек. Мұқағали Абай дәстүрін әрі қарай жалғастыра отырып, жаңаша жырлап, тыңнан түрен салды. Өз өрнегімен өлең жазып, поэзия әлемінде қайталанбас сара жолын тапты.
Өлмеу үшін, құлқынды жемдеу үшін.
Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.
«Жаздым үлгі жастарға бермек үшін»,
Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін.
Екі бөлек ғасырда өмір сүрген екі ұлы ақын айтар ойын, идеясын өз жүректерінің терең тұңғиығынан өткізіп барып, терең тебіреніспен жазды. Мұқағали Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты әйгілі өлеңіндегі алғашқы тармақты аз ғана өзгерте, өз өлеңінің өн бойына арқау ете отырып, әрі қарай өз идеясын жеткізеді. Абай көзі ашық, көңілі сергек жастарға ақыл-кеңес айтса, Мұқағали «адамдардың қуанышын, шаттығын, мұң-наласын арқалап», солардың «жаралы жүректерін емдеу үшін» толғайды. Абай «мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды, ертегіні термек үшін» десе, Мұқағали оның ойын дамыта түсіп, «ермек үшін белгілі жырламасым, ермек десе, ел мейлі тыңдамасын» деп, елге талғам туралы талап қоя білетінін аңдатады. Абай мектебінен дәріс алып, Абайша жазуға талпынған, заман бейнесін Абайша көрсетуге тырысқан Мұқағали «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» ұлы ақынның дәстүрін әрі қарай жалғастыруды көздеген.
Мұқағали философиясы өз арнасын Абай сынды ұлы бастаулардан тартады. Осы ретте Т.Ахметжанның: «Мұқағали – үлкен философ ақын. Мұқағали философиясын түсіну үшін Абай философиясын бойымызға сіңіре білуіміз керек. Мұқағалидің философиялық ой бастауы Абайдан арна тартады», деген қисынды пікірін келтіре отырып, зерттеушінің Мұқағали философиясын дөп басқанын айта кетуді жөн көрдік.
Мұқағалидің баласы Жұлдыз Мұқағалиұлы әкесінің шығармашылық шабытты шақтарын былай еске алады: «Әкемнің жазу үстелінде Абай атамыздың шағын мүсіні тұратын. Өлең жазуға отырған сайын өз еңбегінің өнімділігін сол мүсінге қарап таразылайтын. «Шалдың қабағы бүгін маған ашық-жарқын, шамасы, еңбегім нәтижелі болатын шығар», дейтін. Ал кейде: «Шалдың қабағы түсіп кетіпті ғой, әй, қайдам, бүгін жазуға шабытым келмейтін шығар», деп налитын».
Ақын замандастарының бірі Мұқағалиға Абайдың екі томдығын сыйлап тұрып: «Абай – Шығыстың сегізінші жұлдызы», деп әзілдегенін айтады. Сол әзілдің астарында ұлы ақынды әспеттеу, оған деген халық сүйіспеншілігін, Абай мұрасының мұсылмандық Шығыс елдеріне де ортақ қазына екенін білдіру жатса керек.
Мұқағали Абайдың өзіндік шын бағасын «Дала данышпаны» атты өлеңінде бере білген.
Дала жатыр өн бойы тұнған өлең.
Абай, міне, жапанда тұрған емен.
Ата сөзі тербеткен бесігімді,
Ата сөзін өмірде тыңдап өлем.
«Мыңмен жалғыз алысқан» Абайды «жапанда тұрған еменге» теңегенде, Мұқағали оның ақындық қуатын, мызғымас мықтылығын, ешкімге ұқсамайтын даралығын айтады. «Жапан» деп ХІХ ғасырда әлі де болса өркениеттен тыс қалған, қараңғылық жайлаған қазақ даласын меңзесе, «емен» деп, еменнің мықтылығын ғана емес, сондай-ақ, оның ұзақ жасайтындығын, жаңғағын төгілтетін мәуелі ағаш екенін де ескереді.
Ата сөзі тербеткен бесігімді, Ата сөзін өмірде тыңдап өлем, – деп Абайдың сөзін ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тарап келе жатқан бабалардың бай мұрасымен сабақтастыра отырып, дәстүр жалғастығына да назар аудартады.
Дала деген – күй сандық бұл қазаққа, Абай десе, құлағы елеңдеген, – дей отырып, бай рухани мұраны бойына тұмар еткен қазақтың ендігі жерде жазба әдебиетінің негізін салып, ұлы жаңалықтар әкелген Абайдың зор үніне елтитінін айтады.
Тірі Абайды әлдиле, дарқан далам,
Өлең селі өңіріңді тербесін бір.
Абай өз заманына ғана Абай емес, бүгінгі де, ертеңгі де заманға Абай боп қалады. Ол – мәңгі тірі, уақытқа бағынбайды.
...Ұлы емес Абай жалғыз сахараның,
Мен емес, солай деген аталарым.
Сол ұранды ұрпаққа апарамын,
Мен қазақ – Абай болып атанамын.
Абай тек қазақтың ғана ақыны емес, күллі адамзаттың ақылгөйі. Өзге жұрт қазақ десе, Абайды таниды, Абай десе, қазақты таниды. Міне, Мұқағали осыны ұғындырып, бүгінгі оқырманына жеткізіп отыр.
Пушкиннің «Я памятник себе воздвиг нерукотворный» дегенін өзгерте айтқанда, Мұқағалидің шоқтығы биік бұл шығармасын ұлы ұстазына өлеңнен орнатқан ескерткіші десек те артық болмайды.
Мұқағалидің өзі жанрын «кансон» (латынша – «канцона») деп қойған «Жапанда жалғыз жас емен» атты жас кезінде шығарған өлеңіне әдебиетшілер аса назар аудара бермейді. Ал шындығында, осы жырын талдай келгенде, оның астарында жасырынған үлкен жұмбақ-сырды аңдауға болады.
Жапанда жалғыз жас емен,
Келеді өсіп жаңадан.
Тербеліп баяу желменен,
Өткізген күнін санаған.
Осы өлеңінде Мұқағали «жас емен» деп өзі туралы айтып отыр. Өзін жас еменге теңей отырып, сол арқылы өзінің көңіл-күйін, психологиясын беріп қана қоймай, қоғамдағы өз орнын да белгілейді. Ақын өлеңін мұңмен бастаса да, «жаңарып бірге күнменен, өсе бер толып, жасыма!» деп, асқақ оптимизммен аяқтайды.
Енді осы жастық жырын Абайға арнаған «Дала данышпаны» атты туындысымен салыстырсақ, екінші өлеңінде «жапан», «емен» сөздеріне байланысты қайталаушылықтарды байқаймыз: «Жапанда жалғыз жас емен» – «Абай, міне, жапанда тұрған емен». Алайда бұл – жай ғана сөз қайталаушылық емес, ойды дамыту, шарықтату. Ақыл-ойы толысқан Мұқағали бір кездегі жас Мұқағалидің ойын дамыта отырып, жаңа, биік сатыға шығарады, ұлы Абайдың деңгейіне жеткізеді. Уақыттың «баяу желіменен тербелген» «жапандағы жалғыз жас емен» – Мұқағали, енді, міне, «жапанда тұрған емен» – «дарқан даланы өлең селімен тербеткен» «тірі Абайға» айналды. Осыдан-ақ, Мұқағали шығармашылығындағы ішкі сабақтастықты, өзектестікті, өміршеңдікті көреміз.
Абайды рухани Темірқазық еткен Мұқағали ұлы ұстазының сұңғыла ізденістерін көңіл сарабынан өткізе отырып, өз сара жолын табуға тырысты.
Сөзімізді жалғастыра түссек, аталмыш «канцона» дегеніміз (итальянша «canzone» – «ән-жыр») – лирикалық махаббат жыры. Ол трубадурлар поэзиясында кеңінен тараған еді. Кейінірек оны галисиялық-португалдық һәм итальяндық ақындар қабылдап алып, аталмыш өлең түрі Италияның ұлы ақыны Франческо Петрарканың шығармашылығында дамудың биік шыңына жетті. Осы мысалдан Мұқағалидің жас кезінде Петрарканың поэзиясына құмартқанын байқауға болады. Сол арқылы ол Петрарканың атақты замандасы Данте Алигьеридің шығармашылығымен танысып, ақыр соңында оның «Құдіретті комедиясын» аударуға шешім қабылдаған сияқты.
Мұқағалидің ішкі түйсігі оны ортағасырлық Батыс мәдениетінің үлгілерімен танысуға үндеген тәрізді. Батыстың классикалық әдебиеті мен философиясы қаншалықты бай екендігі белгілі. Ақынның жас кезінде неміс факультетіне оқуға түсуі оның Батыс әдебиетіне қаншалықты аңсары ауғанын аңдатады. Аталмыш факультетте неміс, ағылшын тілдері қатар оқытылатын. Мұқағалидің Гете мен Шекспирдің тілін біліп, олардың шығармашылығын, жалпы, Батыс мәдениетін тереңірек ұғынуға талап қылуында осындай үлкен сыр жасырынып жатқандай.
Бір қызығы, Мұқағали өз жинақтарына шығармаларының бәрін енгізе бермеген. Елеп-екшеп, ең таңдаулысын ғана беруге тырысқан. Мұқағалидің өз шығармашылығына қаншалықты талаппен қарайтындығы жөнінде жұбайы Лашын былай деп жазады: «Кей ақындар жазған өлеңінің сиясы кеппей, газет-журналдарға ала жөнеледі. Ал Мұқағали тез бастыруға асықпайтын. Өзі оқып, жолдастары алдында оқып, әбден өлеңінің ширақ екеніне көзі жеткен соң ғана баспаларға ұсынып жүрді».
Осылайша өнімді еңбек еткенмен, ақын әдебиет сыншыларының назарынан тыс қалды. Тек үшінші жинағына ғана Әбіш Кекілбаев жылы пікір білдіріп, араға біраз уақыт салып «Лениншіл жас» газетінде сын мақаласы жарияланды. Сөйтсе-дағы, аталмыш мақала әдеби сынға қозғау салмады. Аузы дуалы дейтін ақын-жазушылар да, сыншы, әдебиетшілер де, келісіп алғандай, Мұқағали туралы жұмған ауыздарын ашпады.
Ақын шығармашылығының дер кезінде бағаланбауы неліктен? Бұл турасында мұқағалитанушылардың бірі, Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар былай дейді: «Эмиль Золяның шығармаларынан: «Егер сенің шығармаларыңды оқыған адамдар сені көтермелеп, шығармаларыңды мақтап жатса, онда сен сол айтқан кісілердің деңгейінде бірдеңе жазғансың. Ал егер сенің шығармаларыңды оқығандар үнсіз қалса, онда сен олар айтпағанды айтып, олардың қызғанышын тудырғансың», деген сөздерді оқыдым. Мұқағалидің поэзиядағы жолы осы айтылғанның екіншісіне ұқсас. Ол кітап шығарып, баспасөзде жарияланып жүрсе де, басқа ақындар секілді сыйлыққа ұсынылып, шығармалары талданып, жаппай насихатталып кеткен жоқ. Керісінше, еленбей қалып жатты».
Зады, Абайдың өз тұлғасы, болмысы туралы «мен бір жұмбақ жанмын, оны да ойла» дегеніндей, Мұқағалидің тұлғасын тұтастай алғанда, оның да ұлы ақын сияқты жұмбақ жан екенін түйсінеміз. Зерттеушілердің екі ұлы тұлғаны қатар қойып шендестіруі, екеуін бір биіктен көріп теңестіруі тегін емес. Осы тұрғыда біз белгілі шығыстанушы-ғалым, ақын Өтеген Күмісбаевтың Абай жөніндегі пікірін Мұқағалиға қарата айтқанындай қабылдаймыз. «Абай біз үшін әлі де жұмбақ жан, таңдай қағып тұшынғанымыз болмаса, тереңіне барып бойлай алмай жүрміз, әлі күнге дейін Абайды түсіндірумен, түсініктеріне түсінік айтумен келеміз. Абай бізден бұны күтті ме, күтпеді ме, ол жағы ұлылар үшін бәрібір сияқты көрінеді. Сайып келгенде, Абай Батыстікі де емес, Шығыстікі де емес, қазақтікі, қазақ мәдени өлеңінің басы», дейді Шығыс поэзиясының білгірі.
Расында да, Абай бізге қаншалықты жұмбақ болса, Мұқағали да бізге соншалықты жұмбақ. Абайды әлі күнге дейін түсіндірумен келе жатсақ, Мұқағалиді да әлі күнге дейін түсіндірумен келеміз. Мұқағалидің өзі көрегендікпен айтқандай, оны арайлы таңы жаңа атқан ХХІ ғасырдың, мүмкін одан арғы ғасырлардың ұрпақтары түсінетін болар, бәлкім.
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
жазушы