Оба ошағын оқшаулаған Ақажан
...Форт-Шевченкодан дәрігерлік училищені бітіріп, Тұшыбек ауылындағы емханада қызмет етіп, Шайыр ауылына келін болып түскен жас маман Ақажан Күзембаева – өз ісінің білгірі ретінде ауыл-аймаққа бірден танылып, аз уақыт ішінде өзінің білім-білігін көпшілікке мойындатып, науқастарға шипалы қолы мен жанашыр пейілін қатар сыйлаған дәрігерге айналды. Қандай ауру түрі болсын, Ақажанның алдына келуі немесе оны алыс ауылдарға арнайы алдыру – қалыпты жағдай. Бұлданып-бәлсіну табиғатында жоқ, қызметіне адал Ақажан асай-мүсейін салып алып науқасқа аттанады.
Бір күні Аққорған жерінде отырған ауылдың қыз баласы ауырып, дәрігер шақыртады. Қали Бөбетаев атты жүргізушімен ауылға барған Ақажан баланы қарап, оба дертінің белгілерін анықтайды да, дереу оқшаулауға шешім қабылдайды. Сол бойда үйдің адамдарынан баланы оқшаулап, үйге ешкімді жолатпай, өзі қатаң төсектік режім сақтап, науқас баланың жағдайын қадағалап отырады. Сол кездері Шайыр ауылында бас инженер қызметінде болған О.Епеновтің айтуынша, марқұм жүргізуші Қали «Мен далада құрылысшылармен әңгімелесіп тұрғанмын. Бір мезетте Ақажан үйден тездете шықты да, маған қолын сілтеп, алысырақта тұрып: «Сіз мұнда жақындамаңыз. Мына баланың ауруы маған ұнамай тұр – обаның белгісі бар секілді. Ауылға хабарлаңызшы. Ауру баланың денесін ұстадым, маған жұғу қаупі басымдау, енді осы жерде қалып, нәтижесін күтіп, бақылаймын» деп даусын көтере айқайлады. Ауылға келіп, хабарын жеткізіп, одан әрі қапылыс басталып кетті ғой» деп еске алады екен. Ал Оңаштың өзіне Аққорған обасы бойынша аудан, облыс, орталықтан келген қонақтарды күту, орналастыру жауапкершілігі жүктелген екен.
Емізулі ұлы мен тәй-тәй басқан қызын тастап, тәуекелге бел буып науқас баланың жанында карантинде қалған Ақажанның сол күнгі әрекеті – көзсіз ерлік. Алдымен баланы орталыққа алып кетпей, алыс ауылдан-ақ диагнозды дәл қойып, дүйім елді обаның таралуынан аман сақтап қалса, екіншіден қаршадай дәрігер шұғыл шешім қабылдап өз бетінше оқшаулау ісін қолға алды, тиісті орындарға хабар беріп, обаның елге таралмауы үшін қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға сеп болды. Науқас бала о дүниелік болғанмен, қауіпті дерттің салдарынан сырт адамдармен байланыс үзіліп, отбасы мүшелері оқиғаның соңын үлкен уайыммен сарыла тосты. Ауру таралса оның ошағы болған Аққорған, ондағы отбасы мен мейірбике Ақажанның тағдыры қалай болар еді?
– Ақажан сол отбасымен бірге басы қатерде, болашағы белгісіз, ортадан оқшауланып, 10-15 күндей карантинде қала берді. Кез келген уақытта өрттей өршіп, жайпап кету қаупі зор оба ауруы сол жерде отырған адамдардың барлығына да қаупін төндіріп тұрды. Орталықтан арнайы мамандар алдырылып, сақтандыру шараларына ауыл адамдары жұмылдырылды. Маған Қарабас деген жерде жол қарауылында тұру тапсырмасы жүктелді. 7 күн сайын ауыстырып отырады. Міндетіміз – Шайырдан жолаушы шығармау. Кірген-шыққан адамдарды тізімдеп, есебін алып тұру қатаң қадағаланды. Өрлеш деген милиция қызметкері күні-түні ұйықтамастан жиі-жиі тексеру жүргізіп, кезекшілікте тұрғандарды тынбастан аралап жүріп, кез келген уақытта келіп қалады. Жол ешқандай қараусыз қалмауы тиіс. Жұмыс өте қызу жүргізілді. Училищелік қана білімі бар, өзі өрімдей жап-жас маманның оба диагнозын дөп басып айыруы үлкен сауаттылық пен жауапкершілікті, біліктілікті көрсетеді екен-ау. Жасы жиырмадан енді ғана асқан 22-23 жастар шамасындағы мейірбикенің осы бір саналы қадамы мен сауатты бағамы ауыл адамдары арасында аңызға бергісіз сүйсінген әңгімелермен көпке дейін айтылып жүрді. Егер Ақажан өлімнің аз-ақ алдында, кірпігін әзер қимылдатып жатқан баланың денесіндегі өзгерістерге салғырт қарап, аудан орталығындағы ауруханаға немесе ауыл амбулаториясына әкеліп, ем-шара қолдану амалын көпшілік адамдар ортасында алаңсыз жалғастыруға жол берсе, тұтас ауыл немесе аудан тұрғындары қырылып қалуы да мүмкін еді, – деп еске алады ауыл ақсақалы Қ.Өтепбергенов.
Аяқастынан ағзада өзгеріс болып, ауру белгісі байқалып қалса деген күдікпен оқшауланғандарға 2-3 күн сайын үстерінен тікұшақпен азық-түлік, әртүрлі медикаменттер тасталады. Ал олар соны қызықтап, әр төбенің басынан бір-біріне қол бұлғаса айқайлап, лақтырылған заттарды жүгіре жинап, айдаладағы жалғыз үйдің жанында ауыл жақтан қара көрінер ме екен деп телміре күтіп отырады екен.
Жүргізілген жұмыстар оңынан оралып, қауіпті оқиғаның соңы жақсылыққа ұласады.
Сол жылы обаны ауыздықтауға атсалысқан бірқатар азаматтар КСРО Қызыл Крест Жарты ай қоғамының, өзге де жоғары марапаттарға қол жеткізеді, ал нағыз ерліктің иесі болып, өз өмірін қатерге тіккен, ауыл-аймақты ажалдан арашалаған жас мейірбике Ақажан Күзембаева тасада қалып, оның ерен ерлігі бір грамотамен ғана бағаланады.
– Анам 1949 жылы Форт-Шевченко қаласы, Баутин кентінде теңізші отбасында дүниеге келіп, медициналық училищені бітірген соң, Тұшыбек шипажайында, кейіннен Шайыр ауылдық фельдшер-акушерлік пунктінде мейірбике қызметін атқарып, зейнетке шықты. Шешуші сәтте ажал апанында қалып, басын қатерге тігіп, тағдырын тәуекелге қойған анамның еңбегі елеусіз қалып бара жатқаны көңілімізге қаяу салатынын жасырмаймын. Уақыт өте келе, құжаттар көмегімен тарихымызды бағамдайтын, ел ішіндегі елеулі оқиғаларды саралайтын сәттерде анамның еңбегі көмескіленіп қалмасына кім кепіл?! Жаны жайсаң, жүрегі жұмсақ, кісіге болсын деп тұратын анам ешкімнен марапат дәметкен жоқ, сол сабырлы қалпында 2004 жылы 55 жасында өмірден өтті. Оның қадірін ауыл-аймақ, ағайын-туыс, абысын-ажындары жақсы біледі, әсіресе ерлікке бергісіз ерен ісін ел-жұрты аңыздай етіп айтады, одан асқан марапат-мадақ бар ма? – дейді қызы Әлия Түгелбайқызы.
Ақ халаттыларға мәңгі үлгі
Алыс ауылда өзі гинеколог, өзі кардиолог әрі терапевт, хирург те бола алатын дәрігерлер болды. Сам өңірінде болған Қаму, Бақыт, Есіркеп, Көптілеу, Балта, Шаршаған, Бозашы беттегі Сайын сынды саңлақ дәрігерлер сапында «мың баланың кіндік шешесі» атанған Мейіз ана мен оба ауруынан тұтас елді аман алып қалған Ақажан ананың есімдері ел арасында мәңгі құрметпен атала бермек. Олар марапат алған жоқ, биік мінбелерден мақтау естіген жоқ, салтанатты жиындарда жарқ-жұрқ еткен сөлкебайларға омырауларын тосып мерейленген жоқ, бірақ қызметін Алла ырзалығы үшін деп атқарып, адамдардың алғысын арқалады, бұл – маңызды әрі мәңгілік құрмет.
– Жалпы, Ақажанның мейірбике болса да көп тұстарда ауру диагнозын анықтауға шеберлігін, жұмысына адалдығын, система қою, тамыр табу, ине шаншу процедураларын мүлтіксіз жинақы атқаратынын, айналасына мінезі өте жағымдылығын, ұжымдастарымен сыйлы әріптес бола білгенін, адамгершілігі мол, «ақ халатты абзал жан» атауына лайықты идеал тұлға болғанын ұзақ жылдар Шайыр ауылындағы медициналық пункттің аға дәрігері қызметін атқарған марқұм Жұмажан Есбергенов аузынан тастамай жиі айтушы еді. Ауыр жағдайларда міндетті түрде ілестіре кететінін немесе өз мүмкіндігі болмай жатса Ақажанды жұмсап, алаңсыз жүретінін, қаншама сәби теріс келіп (қазіргі таңда арнайы мамандармен ота арқылы ғана көмек беріледі), босанып жатқан ананың жаны қиналған тұстарында батыл шешім қабылдап, ауыр толғақтарды аман-есен, сауаттылықпен өткізетінін, қандай қиын жағдайда да сасқалақтамай, байыппен тыңдап, парасатпен ой қорытып барып іске кірісетінін және өте сабырлы Ақажанның арқасында өзінің де дәрігерлік жолының шыңдалып, тәжірибе жинауға үлкен септігі тигенін айрықша риза сезіммен әңгімелеп отыратын. Жүзі жылы, бидай өңіне ерекше көрік беріп тұратын мөлдіреген, аялы, әдемі жанарына мейірім тұнған, жұмсақ жүректі, жайлы мінезді Ақажан іске келгенде шапшаң қимылдайтын. Шапағатын көріп, шарапаты тиген ауыл тұрғындарының қай-қайсысы да осы аяулы жанның асыл, бекзат қасиеттерін сүйсіне айтып бере алады.
Шайыр ауылында өмірге келген нәрестелердің біразының кіндік анасы атанған, талай жанды өлімнен арашалап, өмірге қайта келгендей қуаныш сыйлаған Ақажан ананың Аққорғандағы бір ғана ісі, ерлігі – бүгінгі дәрігерлер үшін өшпес үлгі, өнегелі сабақ. Жоғарыда есімдері аталған «дала академиктері» деуге болатын ауыл дәрігерлері бүгінгі ғылымы мен әлеуеті дамыған кезеңдегі медицинада орын алып жатқан олқылықтарды көрсе, не дер екен деп ұяла ойға қаламын. Ел арасында, медицина саласында орындары ойсырап тұрған тұлғалардың есімін ұмытпай, лайықты құрметтеп жүру – парыз.
Маңғыстау облысы