Қазақ филармониясы музыка мәдениетін, көркемөнерін жасауда бір қатар игі істер істеп отыр. Даусы төмен, бірімен-бірі бірікпеген ретсіз домбыра даусын біріктірді. Домбырадан, қобыздан, сыбызғыдан ұлы оркестірін құрды. Домбыраның сапасын жөндеп, даусын арттырып өнер жолына салды. Сөйтіп мыңдаған көптің алдында күй тарта алатын оркестірге айналдырды.
Қазақстан филармониясының музыканы өркендетуде істеген істері бұл ғана емес. Сонымен қатар жеке домбыраға арналып шығарылған күйлерді оркестірге лайықтап, өңдеп отыр. Қазақтың жеке әндерін де оркестірге қосылатын етіп отыр. Басқаша айтқанда оркестір құрумен ол оркестірдің репертуарын да бірге жасап отыр.
Оркестір құруда, оркестір репертуарын жасауда флармонияның алға қойған міндеті екеу болатын: бірі қазақтың музыка құралдарын мәдениеттендіру, заманымызға лайықты етіп өркендету. Екіншісі ескі халық күйлерін, әндерін өңдеу, оларды да мәдениеттендіру, оркестірдің репертуарына кіргізу. Сонымен қатар халық мотифтарын пайдалана отырып, жаңа күй, жаңа музыкалық шығарма жасау.
Бұл міндетті филармония біртіндеп ойдағыдай етіп орындап келеді. Домбыра оркестрінің құрылуы музыка аспаптарын өркендетудің алғашқы адымы еді. Қазақтың жеке күйлерін оркестірдің репертуары ету – ескі халық мотифтерін меңгеруі, өңдеуі, мәдениеттендіруі болады. Филармонияның екінші бір бастап отырған игілікті ісі, жеке халық композиторларының, домбырашыларының, әншілерінің кештерін өткізуге кірісуі. Бұл өте мәдениеттік, ғылыми жұмыс. Бұл филармониямыздың өз жұмысының дұрыс бағыт алғанын көрсетеді. Қазақтың ескі композиторлары: Құрманғазы, Мұхит, Ақансері, Жаяу Мұса сияқтылардың жеке кешін өткізу, бір жағынан мәдениетке шөлдеп отырған қалың көпшіліктің тілегін орындау. Екінші жағынан оларды қалың көпшілікке таныстыру. Қалың көпшіліктің ескі халық музыкасын білу жөнінен ұғымын арттыру. Үшінші жағынан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жолға салу. Филармонияның бұл жұмысы құттықтайтын ұлы жұмыс.
Филармонияның бірінші кеші Құрманғазыға арналды. Бұл жұмыстың игілікті іс екенін, және мұның нәтижесі өте жоғары болатынын көрсетті. Құрманғазыға арналған кеш өте жақсы өтті.
Құрманғазы кім? Батыс Қазақстанның атақты күйшісі. Күйші болғанда өз алдына бір бөлек мектеп жасаған, өзінің шәкірттерін туғызған кісі. Өз заманының (1818-1893 жылдар) қалың қара халық бұқарасының талап-тілегін, ой-қиялын, қалың, терең, әсерлі, жалынды күйге түсірген заманының күйшісі болған композитор. Бармағынан бал тамған домбырашы. Орыстың әкімдері, кіші жүздің хандары, сұлтандары, билері Құрманғазыны бұзық, ұры деген лақап таратып, осындай атақ тағып, оның беделін жоймақшы болған. Шынында Құрманғазы езілудегі бұқараның мұңын естіп, өрге талпынған, шығатын жол іздеген адам. Бірақ шығатын жолын таба алмай, бай-бектерден жеке кек алу жолына түскен, жеке бунтар болған адам.
Құрманғазының күйлері өте көп, филармонияның қазірше айқындағаны 30 күйі. Атақты «Адай» күйі, «Серпер», «Көбік шашқан», «Сарыарқа», «Төремұрат» сияқты күйлер осы Құрманғазыныкі.
Құрманғазы жалғыз ғана күй шығарушы емес, сонымен қатар шығарған күйлерін домбырада жеріне жеткізе орындаушы болған. Құрманғазының домбыраға шеберлігі, күйінің өзін тартқыштығы жұртқа мәлім. Құрманғазы жабайы күйші емес, ел кезіп музыка мәдениетін кеңейткен, сол мәдениетін шығармасында көрсеткен адам. Сондықтан Құрманғазының күйлері ескі күйлердің ішіндегі мойын озығы, мәдениеттісі, сонымен қатар бұқараға ең жақыны. Құрманғазының күйлері сол уақыттағы бұқараның баяны «Көбік шашқан» деген бір күйінің өзі сол уақыттағы бұқараның қалы қандай екенін суреттеп береді.
Олай болса филармонияның Құрманғазыны қолға алуы, ғылыми кештерін Құрманғазыдан бастауы өте дұрыс. Құрманғазыны көпшілікке таныту, Құрманғазы жөніндегі өтірік, өсектерді жою. Құрманғазы күйлерін зерттеу өте керек.
Құрманғазы кеші баяндамамен басталды. Ахмет Жұбанов жолдас қысқаша баяндама жасап, Құрманғазымен таныстырды. Баяндамадан кейін оркестр Құрманғазының «Серпер», «Түрмеден қашқан», «Қайран шешем», «Адай күйі» деген күйлерін тартты. Домбыра ұсталары Қали, Оқап жолдастар Құрманғазының жеке күйлерін тартты. Филармонияның балет әртістері «Балбырауын», «Балдыздар» күйлеріне салынған билерді орындады.
Жұрттың өте сүйсінгені Құрманғазының «Көбік шашқан» күйі болды. Бұл күйді оркестірдің тартуы тамаша, терең, әсерлі шықты. Осы күйді оркестірдің орындауы да, қордың орындауы да жұртқа жаңалық ашқандай болды. Филармония Құрманғазыға арнап көрме ұйымдастырды. Жұбанов Ахмет жолдас жазған әдеби кітапша басып шығарылды. Қысқаша филармонияның бұл жұмысы ғылыми жұмыстың басы болды.
Еділ