Таным • 17 Ақпан, 2020

«Ібір-Сібір» атауы нені білдіреді?

3252 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел арасында жүріп кей-кейде қызық деректерде, ой тудыратын, сөз қудыратын бір түсініктерге ұшырап қаласың. Жуырда бір ауыл ақсақалы Түмен облысынан келген жас жігітке «е, Ібір-Сібірден келген екенсің ғой» деп қалды. Анау болса өзінің орыстілді екенін танытып, ақылдымсынған біреу екен, астамшыл дауыспен: «Ибир не знаю, я из Сибири» деп соғып қалды. 

«Ібір-Сібір» атауы нені білдіреді?

Алайда осы бір қылық бізге қатты ой салды. Еуропаны айтпағанның өзінде Батыс және Шығыс Азияның жер, суларының атаулары  бір кезде тегіс түркі сөздерінен тұрған ғой. Олардың біразына орыстар интерпретация жасап өзгертті, көбін өздерінше атап алды. Әсіресе, Кеңес одағы жылдарында ономастиканы да идеологиялық құралдың бір тепкішіне айналдырып, «Коммунизм», «Комсомол», «Пятилетка», «Ударник», «Партсъезд» тағы басқа жасанды дүниелерге өзгертуімен қатар партия көсемдерінің аттарын қаптатты. Бірақ халық жадында, бәрібір көптеген көне атау ұмытылмай қала берді. Тіпті олардың мағынасын білмесе де, жүрекке жылы тиіп, ата-бабаларымыздың үнін естігендей, сағынышпен еске алынып жататын...

«Ібір-Сібір» атауы да соның бірі.  Біз жоғарыда аталған ақсақалға жабыса кетіп, оның мағынасын сұрап едік, білмейтінін, бірақ өзінің әкелері мен аталары осылай атағанын еске алды.

Сонымен осы атаулардың не мағына беретінін шамамыз жеткенше біз талдап көруге тырыстық. «Ібір» атауы туралы дерек мүлде жоқ болғанымен, «Сібір» түркінің «сыпыр» дегенінен шыққан болуы керек деген болжамдар бар екен.

Қазіргі ғылымда тарихи немесе диахроникалық лингвистика деген бір сала бар. Осы саланың әдістері мен тәсілдерін, сөздердің эволюциясы мен этимологиясын айыра отырып, зерттеушілер көптеген тарихи жаңалық ашады. Мәселен, Олжас Сүлейменов ағамыз орыстың алғашқы жылнамасы «Слово о полку Игорьевадан» мыңдаған түркі сөзін тауып және олардың мағынасын ашу арқылы тарихи жылнаманың не айтпақ болғанын ашып бергенін жақсы білеміз. Мысалы, О.Сүлейменов ашқанша «Куры города Тьмутаракани» деген «Тьмутаракань қаласының тауықтары» болып түсіндіріліп келген. Сөйтсе, «кура» деген түрікше «қора», «қабырға» болып шыққан. Сол сияқты «тощие тулы» деген «арықтанған қалқан» деп түсіндіріліп, оның не себебі барын орыс академиктері айта алмағанда біздің ағамыз «тул» дегеннің «тұл», «тұлданған» қатын, яғни жесір екенін ашып берген... Ондайлардың арық-тұрық (тощие) болатыны да белгілі. Сол сияқты «Ібір-Сібір» сөзінде де бір кілтипан бар сияқты.  

Бұл атаулар өте ертеден бар, оларды венециандық ағайынды картографтар Франциск пен Доминник Пицциганилердің ХІV ғасырда жасаған карталарына да енгізген. Бұл ағайынды екі жігіт сол ғасырда Еуропаның ғана емес Азияның да картасын барынша дәл жасағаны үшін мойындалған мамандар.

Ібір, Сібір атаулары XIV ғасырда Алтын Орданың қарамағында болған кезінде берілгенін Мысыр сұлтанының тарихшысы әл-Омари де өзінің еңбегінде жазған. Бұл сөздерді ол -  Тобыл мен Ертіс өзендерінің арасы деген мағына береді деп ашқан. Соған қарағанда ерте кезде осы екі өзенді Ібір және Сібір деп атағанға ұқсайды.

Бірақ қазақтың ең үлкен өзені - Ертістің атауы бізге жат па деп ойланып қалдық. Алайда, бір көрмеге қазақы атау сияқты болып көрінгенімен «Ертіс» сөзі қазақшада еш мағына бермейді. Уикепидея энциклопедиясында «Ертіс» сөзінің мағынасын тіпті ойға қонбайтын мазмұнмен түсіндіріпті. Орысшадан дәл келтірсек: «По версии В.П.Семенова Тянь-Шаньского ир- означает по-казахски «земля», а тыш — «рыть». Содан «Иртыш» шыққан депті атақты саяхатшы ғалым. Қазақ жерді қашан «ир» депті, тіпті жақындамайды ғой. Ал «тыш» дегенді қазу деп аудару дегені тіпті ақылға қонымсыз... Қазақ тіпті «тыш» емес, «тіс» дейді ғой...

Біздің тарихшыларымыздың бірі Ж.Артықбаев Ертістің атауын тіпті нанымсыз «Ер Төстік» ертегісіне теліп қойыпты. Сөзіміз жалаң болмас үшін Уикипедияға сөз берсек: «Профессор Ж.Артыкбаев обращает внимание на совпадение названия реки с именем главного героя казахского эпоса «Ер Тостик». При этом действие эпоса разворачивается как раз на берегах Иртыша». «Ер» түсінікті болғанымен тіс қайда, төстік қайда? Екеуі үш қайнаса сорпасы бір қосылмайтын түсініктер емес пе?

Жалпы, қазақы болып көрінгенімен «Ертістің» қазақша еш мағынасы жоқ. Ердің тісі деп айту да ақылға қонымсыз. Дұрысында бұл атау қытайдың өзенді «Эрцисыхэ» деп атаған сөзінен алған сияқты. «Қара Ертіс» солардан басталады ғой.

Ал түркілердің өздері өзенді Сібір деп атаған. Ол ерте кезде айтылған «сыпыр», яғни, «тазала» деген ұғымынан шыққан сияқты. Тобылдық өлкетанушы Н.Абрамов та осындай пікір айтады. Осы сөздің жөні бар, өйткені, Ертіс жол бойындағыны жайпап, сыпырып-сиырып әкететін ағыны қатты, жалпақ, мол сулы өзен.

Ал «ібір» дегеннің мағынасы лас, кір дегенге келеді. Ертіске құятын Тобыл, шынында да, күні бүгінге дейін былғанған, суы лас өзендердің қатарына жатады. Сондықтан түркілер оны Ібір, яғни лас өзен деп атаған сияқты. Онда қазір де хлор көп болуымен қатар металл да бар. Орыс деректерінде оны: «река является загрязнённой. По Костанайской области идёт превышение ПДК по некоторым тяжёлым металлам, реку отнесли к загрязнённым водным объектам» дейді.

Қазақ жиналмай, шашылып, лас болып жатқан жерді «ыбырсып» (кейбір диалектте ібірсіп) жатыр демеуші ме еді? Осыдан түркілер Тобылды Ібір деп, Ертісті Сібір деп атағанының арғы жағында: «ыбырсыған лас жерді сыпырған» деген мағына жатқан шығар деп болжаймыз...

Әрине, бұрын түріктер білетін Ібір-Сібір жерін кейін орыс патшалығы «Сибирь» деп атап, Азияның осы аумағындағы барлық басып алған аумағын осы атаудың аясына енгізді. Сондықтан қазір барлық Сибирьді Ібір-Сібір деп қана, яғни Тобыл мен Ертістің арасы деп атасақ қателік болады...

Сол сияқты Сібір хандығының тарихына шолу жасағанда «Тайбұға жұрты» деген халықтың болғанынан аттап кете алмайсың. Бұлардың да тегі сол түркі тайпалары екендігі даусыз. Тіпті «тай» және «бұғы» деген немесе «бұғының тайы» деген мағынадағы атауларының өзі бізге жақын екенін көрсетіп тұр.

Осы Тайбұға жұрты Алтын Ордадан бұрын ұлыс болып, Шыңғыс хан заманында оның бір автономиялық бөлігі деп есептеледі. Алайда оның басшысы хан емес, мырза (орыс жылнамаларының кейбірінде князь) деп аталған. Түмен мен Сібір хандығы осы жұрттың бөлінуінен пайда болған деген нұсқалар да бар.

Ресейдің қазіргі Түмен (Тюмень) қаласы Сібір хандығының астанасы болған Чинг Тура шаһарының орнына салынғаны белгілі. Ал енді осы атаудың өзі «Шыңғыс Төре» деп айғайлап тұр емес пе?.. Тек тарих соқпақтарымен соңғы «С» әрпі ғана желініп қалған.

Демек, біз ғылымның тарихи немесе диахроникалық лингвистика деген саласына сүйенетін болсақ, тарихымызда жоғалтқан талай дүниелерімізді әлі де тауып ала беруімізге болады екен.

Солтүстік Қазақстан облысы