Басылым басшылары • 17 Ақпан, 2020

Басылым басшылары - Ғұмар АҚҚҰЛОВ (1912-1957)

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газеттiң жиырма төртiншi редакторының өмiрбаянын баяндамас бұрын қызықты бiр дерек келтiре кетелiк.

Басылым басшылары - Ғұмар АҚҚҰЛОВ (1912-1957)

«...Отыз жетi жыл iшiнде мен жетi редактормен iстес болдым, – деп еске алады «Социалистiк Қазақстанның» 80-жылдарғы бас редакторларының бiрi Балғабек Қыдырбекұлы өзiнiң «Жетпiс бестiң отыз жетiсi» деген мақаласында («Егемен Қазақстан», 1994 жылғы 8 желтоқсан). Соның iшiнде мақаланы iшекқарнын ақтарып қарап беретiн бiр редактор елу екiншi жылдың күзiнде келген Ғұмар Аққұлов болатын. Ол да Орталық Комитеттен келдi. Ол жаққа бiзден партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiлiгiнен баспасөз секторының меңгерушiсi болып барған-ды. Бөлiмде жүргенде бiр бөлмеде отыратынбыз».

Бәкең бастығының тағы да бiраз қызықты мiнезiн айта келiп, Ғұмар Аққұловтың Батыс Қазақстан облысының Орда ауданындағы Жетiбай деген ауылдан екенiн, бiрақ оның паспортсыз (төлқұжатсыз – авт.) жүретiнiн, себебi кезiнде Қытайда халықтық өкiмет орнату жолында жасырын жұмыста болғанын жазады.

Әйтсе де бiз мұражай құжаттары мен сол кездегi шыққан кейбiр газет-журналдарды ақтара отырып Ғ.Аққұловқа қатысты бiраз дерек таптық.

Ол Батыс Қазақстан облысының Жетiбай ауылында кедей шаруаның отбасында өмiрге келген. 1930 жылдан бастап мәдени-ағарту салаларында жұмыс iстей бастайды. Бас­тауыш мектеп меңгерушiсi, зауыт-фабрика оқуы мектебiнiң қызметкерi болып iстейдi. Кейiн комсомол, партия қызметтерiне ауысады.

1936 жылы Ғ.Аққұлов республикалық «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң редакциясына жұмысқа келедi. Мұнда 1950 жылға дейiн әдеби қызметкер, мектеп бөлiмiнiң меңгерушiсi, жауапты хатшы және партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып қызмет атқарды. 1950 жылдан 1952 жылға дейiн Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң аппаратында баспасөз және баспа секторының меңгерушiсi болып iстейдi.

1952 жылы ол «Социалистiк Қазақстан» газетiнiң жауапты редакторы қызметiне жоғарылатылады және екi рет Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң мүшесi болып сайланды. Осылайша, Ғ.Аққұлов бiздiң газетке 1955 жылға дейiн басшылық етедi.

1955 жылдан өмiрiнiң соңына дейiн ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң жанындағы Партия тарихы институтының аға ғылыми қызметкерi болып iстедi. Осы жерде жүрiп марксизм-ленинизм классиктерiнiң шығармаларын қазақ тiлiне аударуға белсене қатысты.