Ауыр атлетика • 18 Ақпан, 2020

Ауыр атлетика: Ташкентте алты жерлесіміз жүлде алды

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ташкентте ауыр атлетикадан өтіп жатқан жастар мен жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы табыстан табысқа жетуде.

Ауыр атлетика: Ташкентте алты жерлесіміз жүлде алды

Кеше жерлестеріміз тағы екі алтын медальді иеленді. Жасөспірімдердің 81 кило салмақ дәрежесіндегі сайысында Карина Құзғанбаева қоссайыстың қорытындысы бойынша 227 (101+126) килолық зілтемірді еңсеріп, алтыннан алқа тағынды.

Аса ауыр салмақта күш сынасқан Айсамал Сансызбаеваның да өнері көрермендердің көңілінен шықты. Шешуші тұста Тайпей мен Моңғолия өкілдеріне шаң қаптырып кеткен қазақ қызы 249 (109+140) килолық көрсеткішпен бас жүлдені олжалады.

Осы күнге дейін Қазақстанның ауыр атлеттері арасынан 55 кило салмақтағы Абылай Әуелханов қоссайыстың қорытындысы бойынша 227 (97+130) килолық зілтемірді еңсеріп, жасөспірімдер арасында екінші және жастар арасында үшінші орынды иеленді.

64 кило салмақтағы Гүлнұр Ыбырай жасөспірімдер сайысында алтыннан алқа тағынса, жастар арасында күміс медальді мойнына тақты. Қазақ қызының көрсеткіші – 198 (88+110) кило.

61 кило салмақтағы Ақмолда Сайрамкез 267 (117+150) килолық нәтижемен жастар арасындағы жарысты қола медальмен қорытындылады.

67 кило салмақтағы Сайхан Тайсуев бас жүлдені олжалады. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 299 (130+169) килоны еңсерген ол қарсылас шақ келтірмеді.

Осылайша, әзірге Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен алты жерлесіміз жеңіс тұғырына көтерілді. Алдағы күндері Есенкелді Сәпи (81 кило), Нұрғис Әділетұлы (89 кило), Артем Антропов (96 кило) және Рақат Бекболат ( 96 кило) жарыс жолына шығады. Ал осы дода 20 ақпанда өз мәресіне жетеді.