Қазақстан • 18 Ақпан, 2020

Қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары ашылуы мүмкін

2260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай облысының, Орталық пен Шығыс Қазақстан арасындағы аумақтардың және Қырғызстанға іргелес еліміздің оңтүстігінің алтын кен орындарына әлеуеті зор. Қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары Қазақстанның орталық, оңтүстік және де Кенді Алтай өңірлерінде ашылуы мүмкін. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары ашылуы мүмкін

Сонымен қатар бұл аудандарда вольфрам, молибден, алюминий, қалайы және сирек кездесетін элементтер кен орындарын ашуға мүмкіншілік бар.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда геологиялық барлауды жүргізуге инвесторларды тартуда оң тәжірибе қалыптасуда.

Соңғы үш жылда 75 мың шаршы км болатын аумақта геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазақмыспен бірігіп, ірі Дүйсембай қорғасын-мырыш ен орны (қоры 2,8 млн тонна), Ulmus қорымен бірге Бесшоқы кен орындары (қоры 1 млн тонна) ашылды. Рио Тинтомен бірлесе отырып, Балқаш қаласы маңында Прибрежное кен орны ашылды. Ынтымақтастық нәтижесінде шамамен 17 млрд теңге тартылды.

Көмірсутектер тұрғысынан геологтар шартты отынның болжамды ресурстары шамамен 76 млрд тонна болатын 15 шөгінді бассейн барын атады.

«90-жылдары жүргізілген заманауи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-теңіз, Солтүстік Трува және де басқа кен орындары ашылды. Бүгінгі таңда ескі сейсмикалық мәліметтер көп болғанымен, оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті, Каспийдің терең қабаттарының әлеуеті әлі толықтай бағаланған жоқ. Бұл бассейн инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазіргі кезде көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге деген өздерінің ниеттерін білдіруде. Сондықтан да, жаңартылған геологиялық ақпаратты алу үшін заманауи сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қажет. Қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстары жандандырылуда», — деді министр.

Республикада қоры тәулігіне 43 млн шаршы куб болатын жерасты суларының 4000-ға жуық кен орындары бар. Гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты жерасты су ресурстары еліміздің аймақтарында әркелкі орналасқан. Атап айтсақ, 50%-ға жуығы – оңтүстік, 30%-ы – солтүстік, орталық және шығыс, 20%-дан азы – батыс аймақтарында шоғырланған.

М. Мырзағалиевтің айтуынша, халықты сапалы ауыз сумен және ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын жерасты су қорларымен қамтамасыз ету үшін гидрогеологиялық зерттеу жұмыстарының көлемін ұлғайту қажет.

Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасы дайындалды. Негізгі мақсаты – еліміздің минералдық-шикізат базасын дамыту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және тұрақты толықтырылуына жағдай жасау.

Бағдарламада негізгі 7 міндет белгіленді:

- Қазақстан аумағының геологиялық зерттеу дәрежесін арттыру.

- Минералды-шикізат базасын толықтыру (яғни, пайдалы қазбалар қорының өсімін ұлғайту).

- Ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету.

- Саланы ақпараттандыру және цифрландыру.

- Геология саласының инфрақұрылымын дамыту.

- Кадрлармен қамтамасыз ету.

- Ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету.

Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарлама аясында аз зерттелген шөгінді бассейндердің мұнай-газ әлеуетін бағалау және тау-кен аудандары шегінде, бірінші кезекте, моноқалалар ауданында зерттеулердің тереңдігін арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарланып отыр.

Мемлекеттік бағдарлама мемлекеттік бюджет және жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады.

«Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде көмірсутегін барлауға шамамен 680 млрд теңге, қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлауға 100 млрд теңге инвестиция тарту болжануда», — деді министр.

Осылайша, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында, яғни 2025 жылдың соңына қарай, экономиканың бірнеше салаларында мультипликативтік әсері бар бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізіледі.

- аумақтың зерттелу деңгейі 25,8%-дан 37%-ға дейін арттыру;

- пайдалы қазбалардың болжамды ресурстарын бағалау және пайдалы қазбалардың әлеуетті перспективалы 50-ге жуық объектілерін бөлу;

- шөгінді бассейндердің зерттелу дәрежесін арттыру: игерілген бассейндерді – 60%-ға дейін; аз зерттелген бассейндерді – 10%-ға дейін; 

- пайдалы қазбалар бойынша болжамды ресурстардың өсуін қамтамасыз ету;

Геологиялық барлау жұмыстарына 200 млрд теңге салудан күтілетін қайтарым 800 млрд теңгеге бағаланып отыр. Яғни, салынған 1 теңге 4 теңге әкеледі.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде геологиялық барлау жұмыстарында халықты жұмыспен қамту 60 мың адамға дейін артады. Шамамен 10 кен орны ашылған жағдайда одан да үлкен әсер келесі жұмыс сатыларында болжанады: 6,3 трлн теңге көлемінде инвестициялар және 20 мың жаңа жұмыс орнын ашу.