Спорт • 18 Ақпан, 2020

Жекпе-жек: Шахмарал Жетпісов Бразилияның алыбымен айқасады

446 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11 сәуірде Ресейдің астанасы – Мәскеу қаласында Fight Nights Global компаниясының ұйымдастыруымен ережесіз жекпе-жектен халықаралық турнир өтеді.   

Жекпе-жек: Шахмарал Жетпісов Бразилияның алыбымен айқасады

Айтулы жарыстың басты ерекшелігі – қатысушылардың бойы 190 сантиметрден, салмағы 120 килодан кем болмауға тиіс. Осы алыптар арасындағы айқаста қазақтың нар тұлғалы азаматы, «Алаш Прайд» клубының мүшесі Шахмарал Жетпісов өнер көрсетеді. 35 жастағы қандасымыз жауынгерлік самбомен айналысып, бірқатар дүбірлі додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Әлем біріншілігінде екі рет қола медальді иеленді. Ережесіз жекпе-жектен де түрлі жарыстарға қатысып, біршама табыстарға қол жеткізді. Шахмаралдың бойы – 193 см., салмағы 110 кило.

Мәскеудегі турнирде қандасымыз бразилиялық Зулузиньюмен айқасады. 41 жастағы Сан-Луис қаласының тумасы вале-тудоны жетік меңгерген. Оның бойы – 201 см., салмағы – 180 кило. Кезінде оның Федор Емельяненко мен Антонио Родриго Ногейро сынды аттары аңызға айналған саңлақтармен жұдырықтасқаны да есімізде. Айқас алаңында барлығы 23 кездесу өткізген Зулузинью 13 рет жеңіске жетті. 9 рет ұтылып, тағы бір бәсекенің нәтижесі есепке алынған жоқ.