Қазақстан • 18 Ақпан, 2020

Сүйек обырына шалдыққан 40 шақты балаға күрделі ота жасалды

534 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде жыл сайын остеосаркомаға шамамен 15 шақты жасөспірім шалдығады. Барлық остеосаркоманың 50%-дан астамы тізе буынына жақын орналасады. Осы күндері Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалардағы остеосаркомаға бірегей күрделі оталар жасалды. Остеосаркома – сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі. Қатерлі дерт көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі.

Сүйек обырына шалдыққан 40 шақты балаға күрделі ота жасалды

Соңғы жылдары сүйек ісігі кезінде жоғары мөлшерлі химиотерапия енгізудің арқасында басқа органдарға метастаздану төмендеп, науқастадың өмірі ұзарды. Бұл көп жағдайда (90%-дан астам) зақымданған аяқтарды сақтауға мүмкіндік берді. Яғни, осы аталған патологиясы бар балалардың кейбір асқынған жағдайларды қоспағанда, аяқ-қолдарын іс жүзінде кеспейді.

Ал остеосаркомамен емдеудің жаңа әдістерін енгізу тиімділіктің әлемдік нәтижелеріне жақындауға мүмкіндік беріп отыр.

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалар мен жасөспірімдердің сүйек саркомасы кезінде эндопротездерді қолдану арқылы аяқ-қолдарды сақтап қалу үшін 2012 жылдан бері ота жасалады.  Орталықтың заманауи модульдік эндопротездерді сатып алу мүмкіндігінің және қарқынды жоғары мөлшерлі химиотерапияны қолданудың арқасында органсақтаушы оталарды жасаудың мүмкіндігі артты, сондай-ақ балалардағы остеосаркоманы біріктіріп емдеу нәтижелері де жақсарды. Атап айтатын жайт, онкологиялық эндопротездер ортопедиялық протездерге ұқсас емес, ерекше мегапротездер болып табылады. Қазіргі таңда хирургиялық емдеудің осы түрі остеосаркомаға шалдыққан балалардың 90%-дан астамына жасалады. Бұл өз кезегінде баланың әлеуметтік бейімделуі мен оның өмір сүру сапасының жақсаруына мүмкіндік береді» - дейді ауыр да, бірегей күрделі отаны жасайтын онкохирург, ПБХҒО балалар онкологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Бахрам Жұмаділлаев.

Аяқ-қолды сақтай отырып емдеу аяқталғаннан кейін жалпы сауығып кету жағдайы елімізде 70%-ды құрайды. Бұл нәтиже остеосаркоманы зерттеу жөніндегі халықаралық мультиорталықтар нәтижесінің деректеріне сәйкес.

Барлығы соңғы 5 жыл ішінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ірі буындарды эндопротездей отырып (тізе, иық, жамбас) остеосаркомасы кезінде 45 орган сақтау отасы жасалды. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың аяқ-қолдары сақталып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасы да жақсарды. Бүгінгі күні олар өздерінің құрбы-құрдастарымен біргем мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметте жұмыс істейді. Тіпті, спортпен айналысып, жаттығу залдарына, бассейндерге барып, ел қатарлы өмір сүреді.