12 Тамыз, 2013

Шекарашыларға арналған шапшаң қайық

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Оралдағы Шаған өзенінің жағасында жылдам жүзетін FС19 катерін суға түсіру салтанаты өтті. Бір қуанарлығы – бұл шағын қайық өзіміздің отандық өнім. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-та құрастырылған.

 

Жуырда Оралдағы Шаған өзенінің жағасында жылдам жүзетін FС19 катерін суға түсіру салтанаты өтті. Бір қуанарлығы – бұл шағын қайық өзіміздің отандық өнім. «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-та құрастырылған.

IMG 0930

Қайық жағалау күзеті мен шолғыншылықта жүруге, сондай-ақ, ішкі сулар мен Каспий теңізінің жақын жағалауларын торуыл­дай­тын қаскөйлер мен бұқпа «барым­ташылардың» ізіне түсіп, ұстау жолында таптыра бермес су көлігіне айналып отыр. Тұсауы кесілген су көлігінің ұзындығы 20, ені 4, ал биіктігі 2,5 метрге жуықтайды. Бұл катердің экипаж құрамы 4 адам­нан жасақталған. Ал басты ерек­шелігі не десеңіз, ол оның жыл­дамдығында. Жаңа қайық сағатына 100 шақырымға (48-50 торапқа) дейін жүйтки алады.

– FC19 қайығының жақсы тех­ни­калық мінездемесін ескере отырып, ҚР ҰҚК-нің шекара қызметі осындай катерлерге тапсырыс беруді жоспарлап отыр,– дейді Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов. – Және болашақта Каспий алабының тыныштығын күзету үшін тек қана суда жүзетін ғана емес, әуе кемелерін де пайдаланатын боламыз.

Естеріңізге сала кетсек, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ су кемелерін құрастырумен 1993 жылдан бас­тап айналысып келеді. Осы уақыт аралығында зауыт ҚР ҰҚК-нің шекара қызметіне арнап «Сұңқар», «Бүркіт», «Барыс» кемелері мен жылдам жүзетін екі FC19 кіші қайығын жасап шығарды. Қазіргі кезде бұл су көліктері Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекарамызды қырағы түрде күзетіп келеді.

Сол күні ҚР ҰҚК Шекара қызметінің басшысы, генерал-лейтенант Нұрлан Жоламанов пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мемлекеттік қорғаныстың тапсырысы бойынша кезекті кемені құрастырып суға түсірген зауыт ұжымын шын жүректен құттықтады. Алдағы еңбектеріне толайым табыс­тар тіледі.

Амангелді АЛДОҢҒАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар