Қоғам • 19 Ақпан, 2020

Автобус аз, жол ұзақ

439 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта облыс орталығындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметіне сын көп айтылып жүр. Осыдан 7 жыл бұрын құрылған серіктестік жұмысына көңілі толмайтындар маршрутты көліктердің уақытымен жүрмейтінін, демалыс күн­дері сирек қатынайтынын, кейде жүргізушілер мен кон­дук­торлардың жолаушыларға дөрекі мінез танытатынын айтады.

Автобус аз, жол ұзақ

 

Сауалдама сан мәселе көрсетті

Жолаушылардың жүйкесін жұқартқан мәселеден облыс билігі де хабардар. Көлік қыз­ме­тіндегі қордаланған пробле­маларды анық­тау үшін жуыр­да облыстық ішкі саясат бас­қармасына қарасты «Ақпараттық-талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік ме­ке­месі мамандары сауалдама жүр­­­гізіпті. Әлеуметтанулық сұ­рауға қатысқандар қоғамдық кө­­­лік қызметінің сапасы мен ба­ғасына, жүргізушілер мен кон­дукторлардың біліктілігіне, аял­дамалардың ыңғайлылығына қатысты ойларын білдірген.

Сұрау нәтижесі қала тұрғын­дарының басым көпшілігі қо­ғамдық көлікті күнде пайдалана­тынын көрсетті. Көліктер санына байланысты пікір екіге жа­рылып тұр, 44,3 пайыз респондент оның жеткілікті екенін айтса, 55,8 пайызы бұл пікірді жоқ­қа шығарған. Автобустардың жүру жиілігіне көңілі толып, жақ­сы баға бергендер – 38 пайыз. Рес­понденттердің жартысы аял­да­­мада көлікті көп күтпейтінін айт­қан, ал сауалдаманың бұл тұ­сын «нашар» және «өте нашар» деп белгілегендер 15 пайыз болып тұр.

Жалпы, сауалдамаға қатыс­қандардың жартысына жуығы бұл сала қызметіне көңілі толмайтынын білдіріпті. Олар жолаушы тасымалымен айналысатындардың жұрт таңертең жұмысқа, кешке үйге асыққан мезгілде бір-біріне жол бермей жарысып, қауіпсіздік талаптарын сақтамайтынына, көз байлана сап тыйылып, демалыс күндері сирек қатынайтынына наразы.

Осыған байланысты серіктес­тікке барып, басшылармен тілдес­тік. Жолаушылардың жанай­қа­йы­на байланысты олардың да айтары аз емес екен.

 Шығыны көп шақырымдар

Осыдан 7 жыл бұрын облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында несиелік келісімшартына қол қойылып, соның негізінде келер жылы серіктестік шетелдік автобустар ала бастады. Қазір несие­ге алынған осы 92 автобустың он екісінің тозығы жетті. Ал 80 автобус маршрутта жүр.

Автобус паркі басшылығы әлі күнге дейін 2013 жылы сызылған маршруттық сызбамен жұмыс істеп келе жатқанын айтады. Ал одан бері қала аумағына жаңадан 14 шағын аудан қосылды. Жеке секторлар да әжептәуір ұлғайды. Ондағы тұрғындарды «ауданың сызбада жоқ» деп сыртқа тағы тебе алмайсың. Амал жоқ, соңғы аялдаманы қолдан созуға тура келеді, осыдан келіп көліктің жолы ұзарады. Мысалы, темір жол вокзалынан шығып, қаланы көктей, іргедегі Сабалақ саяжай учаскесін жанай өтіп, әуежайға жетіп тоқтайтын №30 автобустың күнделікті табатыны 18 мың тең­­генің шамасы. Ал жүргізуші айлығын, жұмсалатын май-суын, амортизациясын есептегенде бір күндік шығыны 42 мың теңгенің үстіне шығып отыр.

– Маршрут рентабелді жұ­мыс істеуі үшін бір бағыттың ұзақ­тығы 20-22 шақырымнан аспауы керек. Бұдан артып кетсе, шығының көп, пайдаң аз болады. Ал бізде қазір бір бағыт 38 шақырым болып отыр. Осылай есептегенде әр автобус күніне 250-300 шақырым жол жүреді. Әри­не мұндай жүрістен темір де тозады, – дейді автобус паркі дирек­торының орынбасары Қанат Рах­метов.

Осы күні қала ішінде 25, ал маңайындағы ауылдарға 8 мар­шру­т қатынайды. Ал олар уақ­тылы жүріп отыруы үшін шамамен түр­лі сыйымдылықтағы 500 кө­лік керек. Тек қала ішіндегі бағыт­тардың өзіне 150 маршрутты кө­лік жетіспей тұр. Осыдан да кө­ліктер аялдамаға өз уақытынан кешігіп келіп жатады. Осы парк­тен шығатын автобустарда GPS-бақылау жүйесі бар. Олардың қайда жүргені алақандағыдай көрініп тұрады. Бірақ автобус паркімен келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатқан орта және шағын сыйымдылықтағы көлік­терді қадағалау қиындау. Жолау­шының жүйкесін жұқартатын мә­селенің біразы осы жеке тасымалдаушылар тәртібіне байланыс­ты болып отыр.

Қала әкімдігі маршрутты жол сызбаларды оңтайландыру ба­ғытындағы автобус паркінің ұсы­нысын қолдады. Мемлекеттік сатып алу тәртібімен жүретін бұл бастама аясында жеңімпаз ком­пания жолаушылар легіне қарай бағыттар сызбасын жасап, аялдамалардың да орнын бел­гілеуі тиіс.

 Тиімдісі – электронды билет

Билет демекші, Қызылорда жолақысы қымбат өңірлер қата­рында тұр. Осыдан 3 жыл бұрын қоғамдық көлік жолкіресі ересектерге 90, мектеп оқушыларына 40 теңге болып белгіленген. Қа­­зір соны электронды билетке ал­­мастыру бастамасы қолға алын­ды. Осыған байланысты былтыр облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жариялаған конкурста алматылық «Alem Pay» компаниясы жеңімпаз болып танылып, жақында тестілік ре­жімде жұмыс барысын көрсетті. Олар осы айдың соңына дейін қо­ғамдық көліктердің бәріне тиісті қондырғы орнатып шығады.

– Ең тиімдісі осы, – дейді дирек­тордың орынбасары. – Элек­­тронды билет жүйесіне өтсек күніне қай бағытта қанша жолаушы тасымалданғаны нақты-ланады, соған байланысты қан­ша көлік керектігі де анық бола түседі. Орта және шағын сы­йым­дылықтағы көліктерге қа­тысты көп мәселе де осы элек­трон­ды билет енгізілгеннен кейін шешімін табуы тиіс.

Мекеме басшылығы қосымша көліктер алу үшін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына техникалық-экономикалық негіздеме ұсы­ныпты. Басқарма ұсынысты қа­рап, енді тиісті орындардың ке­лі­сімін алуға жібереді. Осыдан кейін бюджет қаржысын үнем­деу есебінен паркке жаңа көлік­тер алынады. Былтыр облыс бюджетінен серіктестікке 209 млн теңге бөлінді. Жалпы, мекеме бас­шылығы жыл аяғына дейін 13 автобус алуды жоспарлап отыр. Сонда ғана саладағы түйткілдің тіні босап, жолаушыға жасалар жағдай жақсара түспек.

 

ҚЫЗЫЛОРДА