Үкімет • 19 Ақпан, 2020

Геологиялық барлау жанданады

572 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы қаралып, электронды сауданы дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар бюджет шығыстарын қысқартуға қатысты баяндама оқылды.

Геологиялық барлау жанданады

Пайдалы қазба қорлары сарқылуда

Алдымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мыр­зағалиев Үкімет мүшелерін геологиялық барлау тұжырымдамасымен таныстырды. Баяндама басында елімізде 8 мыңнан астам кен орны тіркелгенін, соның ішінде 317 көмірсутек (мұнай, газ, конденсат), 910 қатты пайдалы қазбалар кен орны, 3 мыңнан астам кең таралған пайдалы қазбалар және 4 мыңға жуық жерас­ты сулары кен орны барын атап өтті. Министр өз сөзінде геологиялық барлау жұмыс­тарын қазірден бастау керегін айтты.

– Соңғы онжылдықта Шығыс Қазақ­стандағы моноқалаларға жақын орналасқан Шемонаиха, Юбилейно-Снеги­рихин, Зырянов ірі қорғасын-мырыш кен орындары толық игерілді. 2025-2040 жылдарға таман Орлов, Ма­леев, Тишин, Риддер-Сокольный секіл­ді кен орындарында да пайдалы қазба қорларының сарқылуы күтілуде. Бүгінгі таңда қорлардың өсім деңгей коэффициенті қатты пайдалы қазбалар бойынша – 0,13, ал көмірсутек шикізаты бойынша – 0,9 (Қашаған кен орнын есепке алмағанда). Сондықтан жаңа кен орындарын ашу және оны іске қосу үшін кем дегенде 10-15 жыл уақыт кететінін ескере отырып, геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру қажет, – деді М.Мырзағалиев.

Қостанай облысының, Орталық пен Шығыс Қазақстан арасындағы аумақ­тардың және Қырғызстанға іргелес еліміздің оңтүстігінің алтын кен орын­дарының әлеуеті зор. Қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындары Қазақ­станның орталық, оңтүстік және Кенді Алтай өңірлерінде ашылуы мүмкін. Сонымен қатар бұл аудандарда вольфрам, молибден, алюминий, қалайы және сирек кездесетін элементтер кен орындарын ашуға мүмкіндік береді. Соңғы үш жылда 75 мың шаршы шақырым болатын аумақта геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазақмыс кәсіпорнымен бірігіп, ірі Дүйсембай қорғасын-мырыш (қоры 2,8 млн тонна), Ulmus қорымен бірге Бесшоқы кен орындары (қоры 1 млн тонна) ашылды. Рио Тинтомен бірлесе отырып, Балқаш қаласы маңында Прибрежное кен орны ашылды. Ынтымақтастық нәтижесінде шамамен 17 млрд теңге тартылды.

– 90-жылдары жүргізілген заманауи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-теңіз, Солтүстік Трува және де басқа кен орындары ашылды. Бүгінгі таңда ескі сейсмикалық мәліметтер көп болғанымен, оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті Каспийдің терең қабаттарының әлеуеті әлі толықтай бағаланған жоқ. Бұл бассейн инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазір көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге ниет білдіруде. Сондықтан жаңартылған геологиялық ақпаратты алу үшін заманауи сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қажет. Қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстары жандандырылуда, – деді министр.

Белгілі болғандай, республикада
4 мыңға жуық кен орны бар. Гидрогеоло­гиялық ерекшеліктеріне байланысты жерасты су ресурстары аймақтарында әркелкі орналасқан. Атап айтсақ, 50%-ға жуығы – оңтүстік, 30%-ы – солтүстік, орталық және шығыс аймақтарда, ал батыс аймақтарында шоғырланған  кен орындары 20 %-ға жетер-жетпес.

М.Мырзағалиевтің айтуынша, халық­ты сапалы ауыз сумен және ауыл шаруа­шылығы, өнеркәсіп салаларын жер­асты су қорларымен қамтамасыз ету үшін гидрогеологиялық зерттеу жұмыс­тарының көлемін ұлғайту қажет.

Бұл мәселелерді шешу үшін 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламаның тұжырымдамасы да­йындалды. Бағдарламаны іске асыру кезеңінде көмірсутегін барлауға шамамен 680 млрд теңге, қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлауға 100 млрд теңге инвестиция тарту болжануда.

 Электронды саудада Қытай мен Америка көшбасшы

Үкімет отырысында электронды сау­даны дамыту мәселелері туралы Сауда және интеграция министрі Б.Сұл­танов, «Қазпошта» АҚ басқарма төр­ағасы С.Сәрсенов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев баяндады.

Б.Сұлтановтың баяндамасында был­тырғы қорытынды бойынша бөлшек электронды сауданың әлемдік көлемі авиатасымалға билеттер мен іс-шараларға билеттер сатуды есепке алмағанда, 3,5 трлн доллар құрағаны айтылды. Соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіштің жылдық өсу қарқыны 20%-дан асады деп күтілуде. Қытай мен АҚШ әлемдік электронды сауда нарығының 71,3%-ын алып отыр.

– Біз ірі сауда орталықтары сауданың электронды форматын белсенді түрде дамытып отырғанын көріп отырмыз. Соңғы 2 жыл ішінде АҚШ-та 10 мыңнан астам оффлайн дүкендер жабылды, – деді Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, электрондық коммерцияда маркетплейс деген құралдарға сұраныс артып келеді. Бұған Аlibaba және Amazon электронды платформалары мысал бола алады. Электронды сауданың тағы да бір тренді – көбінесе смартфондар арқылы сатып алу. Смартфондардың көмегімен тапсырыстарды ресімдеуші сатып алушылардың үлесі әлемде 54%-ды құрайды. Қазақстанда бұл көрсеткіш 65%-ға жақындаған.

Қазақстанда электронды сауда нары­ғының көлемі 2019 жылы 1,8 есеге өсіп, 700 млрд теңгеден асты. Электрон­ды сауданың бөлшек саудадағы үлесі 3,7%-ды құрады. Бұл ретте, ішкі нарық қар­қынды дамуда. Қазақстандық интернет-дүкендерден сатып алу көлемі 422 млрд теңгені құрады. Сатып алулар саны 40,5 млн-ға дейін өсті. 2019 жылы белсенді сатып алушылардың саны 72%-ға артып, 3,2 млн адамды құрады. Елімізде 2 мыңнан астам интернет-дүкен бар. Оның ішінде табыс салығын төлеуден босату түрінде салық жеңілдіктерін алу үшін 579 интернет-дүкен тіркелген. Сондықтан Б.Сұлтановтың айтуынша, нарықтың реттеу ресімдерін қатаңдатпай, осы саланың заңды қызметін ынталандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Бұл ретте 2019 жылы электронды коммерция­ны дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды. Бұл құжат бо­йынша электронды сауда­­да экспортты арттыру, отандық кәсіпкер­лерді электронды саудаға тарту және ин­фрақұрылымды дамыту, тұтынушы­лардың құқықтарын қорғау және электронды сауданы ілгерілету бағыттары көзделген.

– Өткен жылғы жазда қойылған мін­дет электронды сауда үлесін 5%-ға дейін жеткізу болды. Алайда Сауда жә­не ин­теграция министрлігі құрылғалы жүр­гізілген талдау нәтижесінде электронды коммерция үлесін 10%-ға арттыру мақ­саты қойылды. Осыған байланысты біз қо­сымша шаралар қабылдадық, – деді Б.Сұлтанов.

Электронды сауданы дамыту және Жол картасын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндаған «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы С.Сәрсенов қазіргі таңда Қазпошта 3 857 бөлімшеден тұратынын, соның ішінде 520-сы франчайзинг моделі шеңберінде екенін айтты. Желі тұрғындардың 100%-ын қамтиды. Былтыр автоматтандырылған іріктеу желісі 18 миллионнан астам пошта жөнелтімін өңдеді. Алыс елді мекендерге газеттер мен журналдарды дрондармен жеткізу жалғасуда.

Қолжетімділікті дамыту мақсатында компания сәлемдемелер супермаркеті желісін дамытуда. Қазпоштаның қазір еліміз бойынша 248 сәлемдемелер супермаркеті мен 351 поштаматы жұмыс істейді. 2025 жылға қарай пошталық сәлемдемелер көлемін 10 есеге арттыру көзделуде.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұ­ма­ғалиев сонымен қатар бүгінде электронды сауда қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

– Қазіргі уақытта 117 қала және 250 адам­нан астам тұрғыны бар 3100-ден астам ауыл кең жолақты мобильді интер­нетке қосылған. Жыл соңына дейін тұр­ғындар саны 250-ден асатын мыңнан астам ауылды жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қамту жоспар­ланған. Осы орайда ауылдарға жоғары жылдамдықты мобильді интернетті жүргізудің жоспар-кестесі құрылып, барлық әкімдіктермен келісілді, – деді министр. Белгілі болғандай, 2021-22 жылдары 250 адамнан аз тұрғыны бар 877 ауылды кең жолақты интернетке 3G/4G теxнологиясымен және қалған 930 ауылды спутниктік интернетке қосу жоспарланып отыр.

 Қазына қаражаты оңтайландырылмақ

Күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе – бюджет шығыстарын қысқарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә.Смайылов баяндады. Ол алдымен Президенттің мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы басым емес шығыстарды қысқарту бойынша берген тапсырмасын негізге ала отырып,  бұл бағытта талдау жұмыстары жүргізілгенін айтты.

– Жалпы алғанда шығыстарды оңтайландыру бойынша жалпы сомасы 128,6 млрд теңгеге ұсыныстар берілді, соның ішінде мемлекеттік органдардан 23 млрд теңге, өңірлерден 26,6 млрд теңге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен 79 млрд теңге, – деді Ә.Смайылов. Мемлекеттік бюджет бойынша оңтайландыруға мынадай шығыстар ұсынылды: семинарлар, конференциялар өткізуге, автокөлік, жиһаз сатып алуға арналған шығыстар – 4,2 млрд теңге, іссапар, өкілдік шығыстар, талдамалық зерттеулер – 15,7 млрд теңге, өзге де өнімді емес шығыстар – 29,7 млрд теңге. Қаржы министрлігінің 2018-2019 жылдарғы бюджетті негізге ала отырып, 2020 жылға арналған бюджетті нақтылау қайта пысықталмақ. Бұл үнемдеуге өңірлерге бөлінетін қаражат та еніп отыр. Өңірлерден 26,6 млрд теңге сомасында қаражатты оңтайландыруды ұсынды, соның 72,5%-ы Алматы және Түр­кістан облыстарына, сондай-ақ Алматы қа­ласына тиесілі.

Біз өткен жылы өңірлердің  кірістері асыра орындалғанын көріп отырмыз. Осыған байланысты, республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен іске асырылатын жобалар бо­йынша өңірлердің қоса қаржыландыру үлесін қосымша 7%-ға ұлғайту ұсы­ны­лады, – деді Ә.Смайылов.

Сөйтіп мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың жүргізген жұмыстарының нәтижелері бойынша қысқартуға ұсынылған шығыстардың жалпы сомасы 128,6 млрд теңгені құрады, соның ішінде орталық мемлекеттік органдардан 23 млрд теңге, өңірлерден 26,6 млрд теңге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінен 79 млрд теңге қысқартылмақ.

Тақырыпты түйіндеген Премьер-Министр А.Мамин жергілікті бюджет­тердің шығыстары бойынша әкімдіктер мәслихаттар арқылы осы шығыстарды қысқарту жөнінде бюджеттердің тиісті деңгейлерінде шешім қабылдауы қажет екенін атап өтті.

Үкімет басшысы ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшыларына директорлар кеңестері мен басқарма отырыстарының аясында ұсынылған шығыстарды қысқарту жөнінде тиісті корпоративтік шешімдерді қабылдауды тапсырды.ф