Саясат • 19 Ақпан, 2020

Қазақстан бастамалары жоғары бағаланған басқосу

227 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Германияда 14-16 ақпан күндері Әлемдік қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы өткені мәлім. Жиында климаттың өзгеруі, әлемдік дағдарыс, сауда соғыстары, санкциялар, денсаулық сақтау, Еуропалық одақтың әскери серіктестігі, киберқауіпсіздік пен жаңа технологиялар жөніндегі келелі мәселелер талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысқан бұл конференцияға халықаралық қоғамдастық жіті назар аударғаны белгілі.

Қазақстан бастамалары жоғары бағаланған басқосу

Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясындағы панельдік пікірталасқа қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Географиялық ор­наласудың маңызы: Орталық Азия­ның қазіргі жағдайы» тақы­ры­бында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан­ның географиялық орналасуы геосаяси тұрғыда маңызды екенін атап өтіп, Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау жолында еліміздің атқарып жатқан шаруаларына кеңінен тоқталды. Әсіресе, Қазақстанның Ауғанстанда бейбітшілік орнату жөніндегі бастамалары халық­аралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Президент Қазақстанның Ауған­станға көрсететін гумани­тар­лық көмегі жөнінде баяндап берді. Білім бағдарламасы аясында бұл елдің 1000 студентінің Қазақстанда білім алғанын, бү­гінде ол бағдарламаның қайта жалғасын тапқанын назарға алды.

Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі тарапынан бөлінетін ауған əйел­деріне арналған гранттарға тоқ­та­лып, «Орталық Азия жəне Ауған­стан» форматының аймақтағы тұрақ­тылыққа үлкен үлес қоса­тынын атап өтті.

The Economic Times газеті­нің хабарлауынша, аталған панель­дік пікірталаста көтерілген мәсе­ле­лердің өзектілігін уақыт көрсетіп отыр. Ауғанстанда тұрақтылық орнату жөніндегі Қазақстан бас­тамаларына тоқталған басылым еліміздің өз еркімен ядролық қарудан бас тартуын да жоғары бағалады. The Economic Times газетінің пайымдауынша, мұндай қадам қазақ халқының даналығы мен көрегендігін анық аңғартады.

Euractiv агенттігі Мемлекет бас­­шысының Еуразиялық инте­­гра­цияны ілгерілетудегі Қазақстан
рөлі жөніндегі сөзіне ек­пін берді. Пікірталас кезінде Қ.Тоқаев Еуразиялық экономи­ка­­лық одақ­тың саяси астары жоқ, эко­номи­калық жоба екенін айтты. Сон­­дай-ақ 182 миллион тұр­ғыны бар аймақты қамтыған бұл ұйым­ның шет­елден инвестиция тар­ту­дағы әлеуеті жөнінде әңгімелеп берді.

Халықаралық қатынастар жө­ніндегі кеңестің төрағасы Ри­чард Хаастың пайымдауын­ша, Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев Мюн­хен конференциясын­да өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақты­лыққа қатысты құнды пікір біл­дірді. Оның сөзіне сүйенсек, Қазақ­стан Президенті панельдік пікір­та­ластың негізгі мазмұнын егжей-тегжейлі ашып бергенін атап өтті.

«Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Қасым-Жомарт Тоқаев сындарлы әрі салмақты ұстанымын білдірді. Ол Орталық Азия тақырыбында, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар тұрғысында баяндап берді. Осы орайда Ресеймен және Қытаймен байланыс төңірегінде сөз қозғады. Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымы бүгінгі панельдік пікірталастың тақырыбына толық сәйкес келді. Осының негізі ретін­де өңірлік өзара қарым-қаты­насқа толық баға берілді. Прези­дент мырза Орталық Азия өңірі­нің экономикалық әрі саяси да­муындағы Қазақстанның рөлі ту­ралы атап өтті. Панельдік пікір­талас қатысушыларына әлемдік сахнадағы Қазақстанның бастамалары мен ұстанымын толықтай түсіндірді», деді Р.Хаас.

Қазақстан Президентінің кеңес­­шісі Ерлан Қариннің пікі­рінше, әлемдік сарапшы­лар­дың Орта­лық Азиядағы процестерге қызы­ғушылығы артып келеді. Бұл – Қазақстанның аймақтық және халықаралық процестерде алатын ерекше орнын көрсетіп отыр.

«Мюнхен қауіпсіздік конференциясында алғаш рет Қазақстан басшысы қатысып отыр. Сонымен қатар бірінші рет Орталық Азияға арналған арнайы панельдік пікір­талас ұйымдастырылды. Бұл әлем­дік сарапшылар тарапынан Орта­лық Азияда, оның ішінде Қазақ­станда болып жатқан про­цес­терге қызығушылық артқа­нын байқатты.  Жиын барысын­да Қазақстан Президентіне қойылған сұрақтар түрлі тақы­рыптарды қамтыды. Осы орайда аймақтық қауіпсіздік, Сирия мен Ауғанстандағы қазіргі жағ­дай, Орталық Азияның саяси-экономикалық дамуы, алпауыт елдермен қарым-қатынас, сондай-ақ коронавирусқа қатысты сұрақтар қойылды. Себебі бүгінде жалпы халықаралық жағдай АҚШ, Ресей мен Қытай секілді алып мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Дәл осы жағдайда қазір негізінен Қазақстан ғана аталған алып мемлекеттермен тиісті қарым-қатынас құрған. Пікір­таласта бұл сұрақтардың қамтылуы осымен байланысты», дейді Ерлан Қарин.

Қауіпсіздік жөніндегі бұл жиын қазіргі таңда өте өзекті. Әсі­ресе, Таяу Шығыстың тыны­шы қашып, Аустралияны өрт жал­мап, Қытайдан шыққан вирус халықты қынадай қырып жат­қанда әлем елдері «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шыға­руы» тиіс. Жиын барысында атал­ған мә­се­лелер жан-жақты талқы­лан­ды.

Әйтсе де, жер жаһанның бұқа­ралық ақпарат құралдарының назары Мюнхен конференциясында айтылған тұшымды ойлар мен пікірлерге емес, АҚШ – Қытай – Еуропа үштігінің арасындағы қарым-қатынасқа ауды. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, АҚШ президенті Дональд Трамп ұстанған саясат трансатланттық қарым-қатынасқа сызат түсірген-тұғын. Ақ үй басшысының Па­риж келісімінен шығуы, Иран келі­сімінен бас тартуы секілді мәсе­лелер «қарт құрлықтың» шенеу­ніктерін тығырыққа тірегендей көрінген-ді.

Екіншіден, Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы да шартараптың түкпір-түкпіріне салқынын тигізіп үлгерді. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» демекші, екі алпауыт дер­жаваның экономикалық алаңда «шекісіп» қалуы дамушы елдерге оңай тиіп жатпағанына бүкіл әлем куә.

Үшіншіден, Еуропаның басында да бір құрлыққа жетерлік мәселелер жетіп-артылады. Мә­селен, Таяу Шығыстан ағылған босқындардың жағдайы әлі күнге түпкілікті шешілген жоқ. Таяуда Ұлыбритания Еуропалық одақпен ат құйрығын кесісті. Оның үстіне, Шығыс блоктың ахуалы әлі де күн тәртібінде тұр. Әсіресе, Қытайдың Шығыс Еуропа елдерімен «15+1» форматындағы байланысқа екпін беруі де «қарт құрлықтың» сая­сат­керлерін алаңдатады. Жығыл­ғанға жұдырық болғандай, Еуро­паның бірқатар елінде популис­тер партиясының беделі артып келеді. Бұл да құрлықтағы ахуалды күрделендіре түсті.

Қысқасы, жиын барысында аталған мәселелердің бәрі жан-жақты талқыланды. Конферен­цияның ашылу салтанатында Гер­мания президенті Франк Штайнмайер бірқатар мәселені сөз етіп, АҚШ-тың кейінгі саясатын түйрей кетті. Ф.Штайнмайер әлем­дегі сенімсіздік пен тұрақ­сыз­дыққа АҚШ, Қытай және Ресейді айыптады.

Өз кезегінде АҚШ-тың мемле­кет­тік хатшысы Майк Помпео Ақ үй ұстанған саясат жемісін беріп отырғанын мәлімдеді. «Транс­атланттық одақтың ақыры туралы пікірдің асыра сілтеу екенін айт­қым келеді. Батыс жеңіске жетіп келеді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз», деді ол жиын барысында.

АҚШ-тың қорғаныс министрі Марк Эспер де шығыстан келетін қауіп туралы ескертті. Оның сөзі­не сүйенсек, Қытайдың Хуавей ком­паниясын нарығына енгізуді көз­дейтін елдер бұдан былай амери­калық барлау қызметінің көме­гіне жүгіне алмайтынын жеткі­зіп, сес көрсетті. Алайда Ақ үй­дің өкілдері Қытайға қатысты қандай пікір білдірсе де, Еуропа­ның саясаткерлері үндеген жоқ.

Конференция барысында Ресейдің АҚШ-тағы президенттік сайлауға ықпалы сөз болған. Facebook желісінің негізін қалау­шы Марк Цукерберг алдағы уақытта компаниясының фейк жаңа­лықтармен күресуді күшей­тетінін мәлімдеді. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Батыс елдерінің Ресейге қатысты көзқарасы қате екенін жеткізді. Оның пайымдауынша, тағы бір қырғи-қабақ соғыстың алдын алу үшін Ресей және оның президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізу қажет.

Қорыта айтқанда, Мюнхен кон­ференциясы әлемде бейбіт­шілік орнатып, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын паш етті. Сондай-ақ аталған жиында әлі де шешілмеген мәселелердің көптігі, әлемдік державалардың өзара келіспеуі тұрақсыздықтың негізгі себебіне айналғаны сөз болды.