12 Тамыз, 2013

Тың өзгеріс екеніне дау жоқ

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Рисунок1Ауыл, қала әкімдерінің алғашқы сайлауы серпінмен өтті. Оған барлығымыз да немкетті қарай алған жоқпыз, елеңдеп отырдық. Себебі, елді мекендерде ауыл әкімдеріне көп мәселе байланысты. Әр тұрғын өзінің басын ауыртқан жағдайын Президентке, Үкіметке, облыс әкіміне тікелей барып айтпайды ғой. Ауыл әкімі мемлекет саясатын әр адамға жеткізуші, дәнекер. Сондықтан ауылдастар алдымен ауыл әкіміне жүгінеді.

 

Рисунок1Ауыл, қала әкімдерінің алғашқы сайлауы серпінмен өтті. Оған барлығымыз да немкетті қарай алған жоқпыз, елеңдеп отырдық. Себебі, елді мекендерде ауыл әкімдеріне көп мәселе байланысты. Әр тұрғын өзінің басын ауыртқан жағдайын Президентке, Үкіметке, облыс әкіміне тікелей барып айтпайды ғой. Ауыл әкімі мемлекет саясатын әр адамға жеткізуші, дәнекер. Сондықтан ауылдастар алдымен ауыл әкіміне жүгінеді.

Сайлаудан бұрын да осы лауазымға лайықты жандар тағайындалып жүрді. Ал мына демократиялық қадам қоғамды серпілтіп тастады әрі аттың белін тартқандай, ауыл әкімдерінің жауапкершілігін тағы бір нықтап қойды. Ауыл, қала, поселке әкімдерінің сайлауы елге келіп жатқан жақсы өзгеріс екенінде дау жоқ. Тұрғындар мұны біліп отыр. Әр үміткер өз бағдарламасын жасады, халық сайлаған депутаттар олардың барлығымен танысты. Әр бағдарламада ауыл-селоны көркейтудің тамаша үлгілері болғанына менің сенімім кәміл. Біздің Қостанай ауданында 40 кандидаттан аудандық мәслихат депутаттары 20 әкімді таңдап алды. Барлығы да қолынан іс келетін азаматтар.

Менің өмірім ауылда өтіп келеді. Балаларға сапалы білім берудің қызығы мен шыжығын арқалап жүрміз. Елдің ішінде барлығы да бір-біріне тонның ішкі бауындай байланысты. Жұрттың тұрмысы жақсармаса, баланың білімі мен тәрбиесі де біз ойлағандай деңгейде болмайды. Ал бала – еліміздің ертеңі. Бүгінде ауылдағы жұмыссыздық, ауызсу, малдың жайылымы, отын-су, жол сияқты толып жатқан түйінді мәселелер бар. Осылардың барлығына ауыл әкімінің басы ауырады, атқарылған істің басы-қасында жүретін де сол. Биылдан бастап ауыл әкімдерінің өз бюджеті болады. Енді әкімдер жергілікті жердегі егін егетін, мал ұстайтын кәсіпкерлерге алақан жая бермей, көп мәселені өзі қаржыландыратын болады.

Сайланған азаматтар бюджет мәселесіне мықты болса екен деймін. Бұл салықтың бірнеше түрінен ғана түсетіндіктен, аса көп қаржы да болмауы мүмкін. Бірақ, ол түскеніне емес, оны халықтың қажетіне адалдықпен, тиімділікпен жұмсауына байланысты. «Ауылына қарап азаматын таны» деген қанатты сөз бар ғой. Енді әкімі қандай болса, ауылы да сондай болады. Қазірдің өзінде осындай көріністер жетерлік. Кейбір ауылдардың қоқысы үйдің арасында, жолдың үстінде жатады. Іскер әкім мұндайға жол бермейді. Малдың көңі мен пештің күлін ауыл­дың сыртына шығарып, залал­сыздандыруға ниет еткен азамат қаржы табады. Жақсы әкімді ауылдастары сыйлайды, сыйлаған жерде оның сөзін де ешкім жерге тастамай тыңдайды. Бұл оның ауылдастарымен қалай жұмыс істей алатынына байланыс­ты. Әкімдер сайлауынан соң елдің ішінде жаңа көйлек кигендей, рухани серпіліс бар. Бәрі де әкімдерден игілікті іс күтіп отыр.

Жанғұтты САРТОВ,

Н.Наушабаев атындағы орта мектептің директоры,

Затобол кентінің тұрғыны.

Қостанай облысы.