Медицина • 19 Ақпан, 2020

Алматыда коронавируске қарсы іс-қимыл қалай жүріп жатыр?

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең алып мегаполистің тұрғындары қала әкімімен кездесуде шаһар жұртын алаңдатқан маңызды мәселелерді тілге тиек етті.

Алматыда коронавируске қарсы іс-қимыл қалай жүріп жатыр?

Алмалы ауданының тұрғыны әкімнен коронавирусты инфекцияның таралуын болдырмау ісінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. 

«Біз бірінші күннен бастап жұмысқа кірістік. Әкімдікте жұмыс тобы құрылды, штаб әкім орынбасарының төрағалығымен құрылды. Барлық қызметтер жұмысқа тартылды», - деді әкім.

Алматыда барлық жұмыстар ДДҰ ұсыныстарына сәйкес жүргізілуде. Барлық деңгейде: ұшақ бортында, әуежай аумағында тексеру шаралары қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ қала басшысы мегаполисте дәрілік заттардың жеткілікті қоры бар екенін атап өтті. Б.Сағынтаев бетперделердің барлығы сатылып, дүрлікпенің орын алғанын айтты. Бұл ретте бетперде өндірісінің көлемін арттыру бойынша шаралар қабылданды, сондай-ақ сатып алу да жүргізілді. Бүгінде бетперделер саны қалада қажетті көлемде бар.

«Біздің кәсіпорындар 3 ауысымда жұмыс істеді. Қазір бетперделер саны жеткілікті. Соның ішінде кәсіби бетперделер де сатып алынды. Бұл тұрғыда сұрақтар жоқ. Бізге ҚХР-дан келгендердің барлығын мекен-жай бойынша, тегі бойынша тексердік. Бізге жүгінген қызуы бар адамдар да тексеруден өтті. Жағдай қалыпты. Бәрі жақсы болады. Барлық қызметтер жоғары деңгейде жұмыс істейді», - деді әкім.

Айта кету керек, ЖРВИ мен тұмауды жұқтыру қаупі жоғары кезеңде, сондай-ақ бірқатар елдерде вирустық инфекциялардың таралуы бойынша жағдайды ескере отырып, мегаполис тұрғындарына адамдар көп жиналатын жерден аулақ болу және қауіпті аймақтарға шықпау ұсынылады.