Экономика • 19 Ақпан, 2020

Властимил Самек: БҰҰ 75 жылдығын мерекелеуде цифрландыру мен жастарды тартуға мән береді

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сонау 1945 жылы 24 қазанда халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы биыл өзінің 75 жылдық мерейтойына аяңдап келеді.

Властимил Самек: БҰҰ 75 жылдығын мерекелеуде цифрландыру мен жастарды тартуға мән береді

Суретті түсірген: Марат ЖҮНІСБЕКОВ

Осы айтулы оқиға қарсаңында БҰҰ Алматыдағы кеңсесінде Қазақстанда тіркелген БҰҰ агенттіктерінің басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосты. Журналистер БҰҰ-ның Қазақстандағы агенттіктерінің биылғы жоспарымен танысты.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақов, Қазақстандық Медиа Альянсының төрағасы Арманжан Байтасов, БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат сөз алған аталмыш шара ара БҰҰ 75 жылдығы мен БҰҰ-ның Қазақстандағы бірінші Өкілдігінің кеңсесінің ресми ашылған – 1993 жылдың 17 ақпанына сәйкес келді.

Ал  Властимил Самек БҰҰ-ның 75 жылдығын мерекелеу екі басымдыққа – цифрландыру мен жастарды тартуға арналғанын айта келе: «Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан цифрландыру саласындағы жетекші елдердің бірі болып табылады және аймақтағы елдер мен халықаралық компаниялардың өкілетті өкілдерін тарта отырып, ауқымды іс-шараларды атқарып отыр. Осы жылдың қаңтар айының соңында өткізілген шаралардың біріне БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильд та қатысты. Жастарды тарту тақырыбы ел үкіметінің күн тәртібінде де өзекті, мәселен 2019 жыл – «Жастар жылы», ал биылғы жыл  – «Еріктілер жылы» деп жарияланды. Қазақстан БҰҰ агенттіктерінің жұмысына белсенді қатысады және елеулі үлес қосып отыр. Ұйымның аймақтық ұйымдармен диалог алаңдарының өзара іс-қимылының дамуына ықпал етеді және БҰҰ-ның негізгі бағдарламалық құжаттарын жүйелі түрде жүзеге асырады» деді.