Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Мегаполистегі маңызды жобалар

122 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұртшылық алдында алғашқы есебін берді. Төрт мың адам қатысқан басқосуда тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар ең өзекті мәселелерді қамтыды. Айталық қаланың экологиялық ахуалы, көлік кептелегін реттеу мәселесі тұрғындарды толғандырып отыр.

Мегаполистегі маңызды жобалар

Еліміздегі ішкі жалпы өнімнің 18,5 пайызын, барлық салық пен салықтық емес түсімнің 23,6 па­йызын, сауда операцияларының 41 пайызын иеленіп, республикадағы еңбекке жарамды халықтың 15 пайызын жұмыспен қамтып отырған Алматы – ел экономикасының күретамыры.

Баспана – жастар үшін басты проблеманың бірі. Басқосуда қала әкімі жұмысшы жастарды тұрғын үймен қамтуға арнал­ған «Алматы жастары 3.0» бағ­дар­­ла­масы әзірленгенін атап өтті. «Бұл бірегейлігі төмен пайыз­дық мөлшерлеме. Яғни, 13 млн тең­геге дейінгі қарыз жылдық 5% жеңілдікпен берілетін болады», деді Б. Сағынтаев.

Бағдарламаның тәртібіне сәйкес несиені қайтару мерзімі 3 жыл­дан 25 жылға дейін азамат­тардың төлем қабілетіне байланыс­ты есептеледі. Бастапқы жарна – 10%. Бұл бағдарламаға әкімдік 10 млрд теңге, Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3 млрд теңге бөлген. Қатысушылардың бас­тапқы және қайталама тұрғын үй бағдарламасын сатып алу мүмкіндігі де қоса қарас­ты­ры­лып­ты. Қала әкімі бағдар­ла­­маның мақсатты аудитория­сы – бюд­жеттік саланың жас қыз­мет­кер­лері (35 жасқа дейін) еке­нін атап өтті. Олар мұғалім­дер, дәрігерлер, ЖОО оқытушы­лары, мәдениет, спорт саласы­ның өкілдері, журналистер мен ғалымдар.

Б.Сағынтаев мегаполисте әлеу­­мет­тік маңызы бар қоғамдық көлік­­тердің бағыттары субсидияланатынын айтты. «Біздің бас­ты мақсатымыз – жол жүру тариф­тері­нің өсуіне жол бермеу. Сон­дық­тан 2021-2022 жылдарға біз ұсын­ған есеп бойынша орташа тариф­пен 154 әлеуметтік бағытқа 200 теңге көлеміндегі субсидия 47,4 млрд теңгені құрайды», деді әкім.

Қалада көбінесе газбен жүре­тін автобустарды сатып алуға басымдық беріліп отыр. 2019 жылы алғашқы 10 электробус іске қосылды. Бұл өз кезегінде қала экологиясына зиян тигізбеуге, сондай-ақ шаһар тұр­ғындарының жайлылығы мен мо­бильділігін арттыруға мүмкіндік бермек.

Сонымен бірге жолаушылар тасымалын субсидиялау сомасы да артады. Алматыдағы қоғамдық көліктерде жол жүрудің орташа құны 200 теңгені құрайды, оның 80 теңгесін жолаушылар төлейді. Айырмашылық қалалық бюджет есебінен өтеледі. Сонымен қатар бюджеттен қала тұрғындарының жеңілдігі үшін жолақы субсидия­ланады (оқушылар, студенттер, мүгедектер үшін).

Маршруттық желісі 5 мың шақырымды құрайтын қалада былтыр тұрғындардың өтіні­ші бойынша 14 жаңа бағыт ашыл­ған. Оның 8-і қала сыртына бағытталады. 2020 жылы күн сайын 291 автобус шығатындай 24 қа­лалық және қала маңындағы бағ­дарлар ашу жоспарланған. Сон­дай-ақ Алматы – Қапшағай қала маңы маршрутын ұйым­дас­тыру мәселесі шешімін табуға тиіс. Бұл шаралар орташа жолау­шылар ағынын күніне 850 мың­нан 1,2 млн адамға дейін ұлғай­туға мүмкіндік береді. Соны­мен қатар ҚТЖ ҰК АҚ-мен Ал­маты облысының жақын қала­ларына электр пойыздарын іске қосу жобасы әзірленуде.

Кездесуде тұрғындар көгілдір отын қостыру мәселесіндегі кедергілерді алға тартып, қосылу құнының қымбаттығына наразы екенін білдірді. Қалада расымен де мұндай проблеманың бар екенін растаған әкім әсіресе газ құбырының жоқтығына байланысты шағымдардың көптігін атап өтті. Бұл қиындықты еңсе­ру үшін қала әкімдігі Халық бан­кімен бірлесіп, мегаполис тұр­ғын­дарының газбен жылыту және үй ішілік жабдықтарға қосылуы үшін 0%-бен несие беру мүмкіндігі туралы келісімге қол жеткізген. Қазір несие бе­ру мерзімі қарастырылуда. Сон­дай-ақ Халық банкінің әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды газға және газбен жылыту үшін үй­­іші­лік жабдықтарға өтеусіз не­гіз­де субсидиялау мәселесі күн тәртібінде тұр. Өсімпұлсыз несие адамдарға газға қосылуға қара­жат алуға мүмкіндік бермек. Аталған несиені 1 жылға ресімдеуге болады. Жалпы, қала бойын­ша жеке сектордағы 2912 үй газ­дандырылмаған күйінде қалып отыр. Оның ішінде 1791 үй же­ліге қол жеткізе алса, 1121 үйдің қосылу мүмкіндігі жоқ. Жеткі­зушілермен бірге қалған 1121 үйге сыртқы желілерді жүргізу бойынша жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Басқосуда сөз алған алматылық кәсіпкер Сергей Спицын Медеу ауданындағы жағдайы төмен 50 отбасына газ қосып беруді қаржыландыруға дайын екенін айтты. Атымтай азамат барша бизнес қауымдастық өкілдерін осы игі бастаманы қолдауға шақырды.

Қаланың белсенді тұрғындары тұтас жиналған есептік кездесуде мектептегі орын тапшы­лы­ғы мәселесі де айтылмай қал­ған жоқ. Бұл проблема Ала­тау ауда­нын­да­ғы «Рахат» шағын ауда­ны­на тиесілі. Әкімнің айтуын­ша, оқу жылы басталғанға дейін 2021 жылы МЖӘ аясында 12 900 орынды 8 мектеп салу жоспарлануда. Бұл 8 мектептің біреуі «Рахат» шағын ауданында ашылады. 2020 жылдың өзінде оқу жылының басына қарай 1800 орынды 2 мектеп, қолданыстағы мектептерге 2017 орынды 5 қосым­ша құрылыс бой көтереді.

Алматы – халықтың өсу қар­қыны жоғары ірі мегаполис екенін атап өткен жөн. Орта есеппен алғанда оқушылар саны жылына 12 мың балаға артып келеді. 2019 жылы 13 білім беру нысаны және 3174 орынға арналған 162 жекеменшік мектеп пайдалануға берілген. 2020 жылы 27 білім беру нысанының құрылысы жалғасуда.

Сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын оңтайландыруға жеке бизнес те белсенді атсалысуда. 2020-2022 жылы жеке инвес­тициялар есебінен 2240 орынды 4 мектеп, 8 мың балаға арналған 300 балабақша ашу жоспарланған.

Қаладағы Сейфуллин мен Жан­сүгіров көшелерінде жол айры­ғын салу үшін бұзу қарасты­рылған 117 үйдің иесіне, сонымен бірге Абай даңғылын кеңейту үшін сүрілген 59 үйдің иесіне өтемақы төленген.

Мегаполис тұрғындары жер учаскелері мен жеке тұрғын үйлерді заңдастыру мәселесін де көтерді. Бұл туралы: «Бүгінде 700-ден астам жер телімі заң­дас­ты­рылды», деді әкім. Қалған 200 учаске су қорғау аймағын­да неме­се қызыл сызықта орна­лас­қан. Осыған байланысты Б.Са­ғын­­таевтың тапсырмасы бойынша әкімдік мүдделі мемлекеттік орган­дар­мен қажетті заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

 

АЛМАТЫ