Саясат • 20 Ақпан, 2020

Жүйелі жұмыс жалғасады

178 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көрме» павильонында жамбылдық тұрғындармен кездесіп, есеп берді. Өткен жылды қорытындылап, өңірде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспарларымен бөлісті.

Жүйелі жұмыс жалғасады

Б.Сапарбаев 2020 жылы Жамбыл облы­сында жалпы құны 114 млрд теңге бо­латын 18 ин­вестициялық жобаны іске асы­ру жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар тиімді инвес­ти­циялық саясат ағым­дағы жыл­дың қорытындысы бойын­ша өнер­кәсіптің 5 пайыздық өсі­мін қамтамасыз етуге мүмкіндік бере­тінін жеткізді. Ең үлкен қуатты жоба­ларды «Еурохим минералды тыңайт­қыштар», «Қазфосфат», «Qazaq soda», «KORSEM» және «TALAS INVESTMENT COMPANY» ком­пания­лары жү­зеге асырады. «2025 жылға дейін­ жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 66 жоба іске асырылады, сол ар­қы­лы 11,4 мың жаңа жұмыс орнын құру көз­­делуде», деді әкім.

Жиында өңір басшысы жер­гі­лікті би­ліктің күн тәртібінде «Тараз «Хим­парк» арнайы эко­но­ми­ка­лық аймағын дамыту міндеті тұрғанын, оны шешу үшін жеті жобаны іске асыруға 648,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тар­тылатынын, нәтижесінде бұл 2 мың­­нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүм­кін­дік беретінін жет­кізді. «Өңдеуші өнер­кәсіпті дамыту мақсатында 12 кәсіп­орын жаңғыртылады, тағы төртеуі зама­науи инновациялық технологияларды енгізеді. Облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұ­ра­тын аймақтың ерекшелігін ескер­сек, аграрлық секторды дамы­туға барынша көңіл бөлудің маңы­зы жоғары. Жоспарланған инвес­тициядан басқа саланың мұқтаж­дықтары үшін 21 млрд теңге көлемінде субсидия бө­лі­неді. Ағымдағы жылдың бас­ты міндеттерінің бірі – егістік алқап­тарын 705 мың гектарға, ал суар­малы жер көлемін 8 мың гек­тар­ға кеңейту», деді Б.Сапарбаев.

Өз сөзінде облыс әкімі егіс алқапта­рын рентабельді, майлы және бұршақты дақылдармен әрта­раптандыру, жер­гі­лікті қант за­уыттарын барынша­ жұ­мыл­ды­ру үшін қызылша шаруа­шы­­лы­ғын дамытуға көңіл бөлу қа­жеттігін де айтты. Тағы бір мә­се­ле, негізгі бағыт­тардың бірі ре­тінде пайдалану­сыз жатқан 70 мың гектар жерді егіс­тік жер ретінде айналымға енгізуді, ме­ханикаландырылған жасақтың көме­гімен алқаптарды суландыру желілері мен каналдарын,
5 су қоймасын ретке келтіруді, 5 мың гектарға жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу керегін де жеткізді. Мақсат – импортты төмендету және өңірді жергілікті азық-түлікпен қамтамасыз ету.

Осы мақсатта Жамбыл облы­сын­да іске асырылып жатқан ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатындағы қа­нат­­қақты жобаның берері мол. Бұл Жамбыл өңірі үшін ғана емес, республика үшін де ма­ңызды. Жобаның алғашқы қа­дам­дары жасалып, 7886 аула несиеге қол жеткізсе, 194 аула­ға шаруашылық техникасы алын­ған. Әкім бұл жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айтты. Жиын­да ауыл тұрғындарының орташа табысын 41,6 мың теңге­ден 104 мың теңгеге дейін арттыру, ал 2,2 мың шаруаны өзін өзі жұ­мыспен қамтығандар санатынан жеке кәсіпкерлер санатына ауыс­тыру мәселесі де айтылды.

Жамбыл облысында жол мәселе­сі де күрделі. Дегенмен, ағым­дағы жылы Жамбыл облысы аумағындағы 692 ша­қырым автомобиль жолдарын жөндеу жоспарлануда екен. Бердібек Сапар­баевтың айтуынша, 668 шақырым автожол орташа жөндеуден өтіп, 6,1 ша­қы­рым­­дық жол қайта жаңар­тыл­са, 18 шақырымдық жаңа жол салынады. Сондай-ақ жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында 100 жаңа автобус сатып алу, электронды билеттеу жүйесін енгізу де жоспарланған.

Осы уақытқа дейін тұрғындар үшін ауыз су үлкен мәселе болып кел­ді десек,­ биыл 70-тен астам ауыл ауыз­ су­мен қамтамасыз етіл­мек. Бұл тұр­ғын­­дар­ды таза ауыз сумен қам­тамасыз ету көр­сеткішін 57,3 пайыздан 77 па­йыз­ға дейін жеткізуге мүм­кін­­дік бе­реді. Сон­дай-ақ облыс әкімі 48 мың тұрғы­ны бар 35 елді мекенді газдан­ды­ру жұ­мы­сының жүргізілетінін де жет­­­кізді. Соны­мен қатар биыл облыс­ аумағында ба­лама энер­­­гия көз­­де­рін өндіретін төрт стан­са­­ны іс­ке қосу жоспарланып отыр. Ағым­дағы жылы Жамбыл облы­сында 14 жаңа мек­теп салы­нып, 3 орын тап­­шы­лы­ғы бар, 1 апатты және 1 үш ауы­сым­­ды мек­тептің мәселелерін шешу жос­­­парлануда. Биыл 285 мектеп жылы са­нитарлық жүйелермен жаб­дық­­талады. Нәтижесінде, бұл мәселе то­­лық шешіледі. Барлық мектеп бей­не­­­­бақылау жүйесімен қамтылады. Ден­­­саулық сақтау саласында 18 же­дел­ жәр­дем көлігін сатып алу, ме­дици­­на­лық жабдықтау деңгейін 92 пайыз­ға жет­кізу, міндетті әлеуметтік ме­ди­цина­лық сақтандыруды енгізу бойын­ша жұ­мысты белсенді жалғастыру жос­­пар­лануда және өңірде 91 спорт алаң­ша­сы салынады. 1200-ден астам жасқа грант беріліп, жеңіл атлетикалық және гим­настикалық манеждер құры­лысы басталады.

Тұрғындардың дені негізінен тұрғын үй, жол салу, ауыз су, газ тарту мәселе­лерін айтты. Шу ауданының тұрғыны Тұрсынбай Абдуллаев Шу вокзалынан күніне 40 шақты пойыздың өтетінін, алайда келесі жолға жету әсіресе қарт кісілер үшін қиын екенін айтып, әкімнен осы мәселені шешіп беруін сұра­ды. Жамбыл ауданының тұр­ғыны Жамбыл Баймаханов жер­лерді жекеменшіктен қайта­рып алу мәселесін көтерсе, Мо­­­йын­құм ауданынан келген Жам­был Ағыбаев Талас газы­ның Мо­йынқұм мен Талас аудан­да­­рының орталығынан шығып жат­қанын, алайда әлі күнге дейін Мо­йынқұм ауданында көгілдір отын жоқ екенін жеткізді. Ал Бай­зақ ауданының тұрғыны Саха Мана­тов Байзақ, Меркі, Шу аудан­да­рынан 102 ша­руаның қант қызылшасының мәселесімен қала­ға келгенін айтып, қант қы­зыл­­шасын егушілерге қол­дау болса деген ниетін жеткізді. Со­ны­­­мен қатар Тараз қаласының тұр­­ғыны Досжан Нарбеков «Көктем» тұрғын үй ала­бында 5 жыл бұрын жеке қаржы­ға жарық тарт­­қанын, енді оның бағана­ла­ры құлап жатқанын, су да жоқ екенін жеткізді.

Тұрғындарды тыңдаған Б.Сапар­­баев көпшіліктің көтер­ген мәсе­лесіне зерделеу жұмыс­та­ры жүргізілетінін, еш­қандай мәселе назардан тыс қалмай­ты­нын айтты. Ал көпшіліктің «Көп ба­лалы аналарға баспана салып беру мә­селесі жалғасын таба ма?» деген сауа­лына әкім «Көп ба­лалы аналарды қолдау үшін бұл жұмыстарды жалғас­ты­ра­мыз», деп жауап берді.

 

Жамбыл облысы