Қоғам • 20 Ақпан, 2020

«Созылмалы дертке» ұшыраған орталық

217 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 26 сәуірде Семейге жұмыс сапарымен келгенде қаладағы ядролық медицина орталығының әлі күнге дейін жұмыс істемей тұрғанына алаңдаушылығын білдіріп: «Орталықтың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты жауапсыз қарап отырғанын көрсетеді. Сондықтан айтыс-тартысты дереу тоқтатып, елге тиімді ортақ мәмілеге келу керек» дей келе, облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министріне орталықты жабдықтап, қысқа мерзім ішінде іске қосуды тапсырған болатын.

«Созылмалы дертке» ұшыраған орталық

Жылына 3 мың сырқат қаралуға тиіс еді

Президент жуықта Ақордада Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовті қабылдағанда да ядролық медицина орталығына баса назар аударғаны белгілі.

Бірден айта кетейік, осыдан 11 жыл бұрын, нақтыласақ, 2009 жылдың маусым айында Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Семейдегі өңірлік диспансер аясында ядролық медицинаны дамыту үшін радиологиялық орталық кластерін ашу қажеттігін тапсырған-ды. Содан 2012 жылы наурыз айында Семей өңірінің ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен халқы сан жыл тағатсыздана күтіп жүрген ем­деу-сауықтыру орталығының құры­лысы басталып, 2013 жыл­дың желтоқсан айында халық игілігіне берілуі тиіс болатын. Алайда сол «болатынның» болатын түрі көрінбейді әзірге.

Мемлекет тарапынан 6 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлін­ген бұл орталықтың әуел­дегі мақсат-мұраты қандай еді? Ра­сында, қолға алмақ болған жоба-жоспарлар ғажап еді. Ядролық медицина орталығының жобалық-сметалық құжатын жасаған халықаралық сарапшылар: «Бұл әлемдегі ең озық ғылыми-тәжі­рибелік орталық болады. Ядро­лық медицинаның озық үлгісі әлем бойынша осы жерде қалып­тасады» деген бо­латын... Ал Се­мейдегі өңір­лік онкологиялық диспан­сердің мамандары: «Бұл орталық­тың өзге орталықтардан артық­шы­лығы, осында жасалған радио­фармацевтикалық дәрі-дәрмектер онкологиялық ауруларды емдеп жазуы тиіс.

Жүрек-қан тамыры аурулары, бүйрек қызметі мен эндокринология бойынша да орталықта ем-дом қабылдау жоспарланған. Осыған орай радионуклидті терапия бөлімі ашылып, 15 төсекпен жаб­дықталмақ. Бұл жерде диффузды жемсау мен қалқанша безінің қатерлі дерті емделеді, яғни, эндокринология бойынша заманауи технологиялардың көмегімен сапалы қызмет көрсетіледі» деген еді...

Ең маңыздысы, егер орталық тездетіп ашылған жағдайда ауыр дертке ұшыраған науқастарды шет елдің бағасы удай клиникаларына жібермей, осы жерде-ақ емдеуге болады екен. «Радиологиялық орталық бізге өте қажет. Мұндағы технология ТМД елдерінде жоқ. Біз әлі күнге дейін жемсау ауруларының қатерлі обыр дертіне ұшыраған төртінші деңгейлі сырқаттарды ота жасау үшін Ресейге жібереміз. Ондай оталарды осында жасауға болады. Радиологиялық медицина кластерін Семейде құрамыз деп отырмыз. Өйткені, Семейде еліміз бойынша онкологиялық аурулардың асқынған түрі өте көп мөлшерде тіркелген. Радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектерді алу, өндіру үшін изотоптар зерттеледі. Бұл ерте диагностика жасаудың кілті. Мұнда сырқаттар радиойодтерапиясын қабылдауы керек. Бұл әлем бойынша өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. ТМД-да мұндай әлеуеті жоғары, дамыған медицина орталығы жоқ. Біз мұны ескеруіміз керек. Сондықтан орталықты тездетіп іске қосып, халық игілігіне бергеніміз жөн» деген болатын бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой 2017 жылы Семейге ведомствоаралық комиссия құрамында келген сапарында.

Адам тағдырын ойыншыққа айналдырған мердігерлердің кесірінен әлі күнге дейін құрылысы аяқталмаған орталықтың ашылуын шет елдің қымбат клиникаларына барғысы келмейтін науқас жандар ғана емес, сол шет елде білім алған ақ халаттылардың өздері де асыға күтіп жүр. «Бізде «осы орталықта жұмыс істейміз» деп сан жылдан бері сарсыла күтіп жүрген дәрігерлер бар. Олар Еуропа мен Азияның үздік клиникаларында оқып келген. Мердігерлердің жауапсыздығынан оқытқан мамандарымыз жұмысқа кірісе алмай отыр. Орталықтың үшінші қабатында 15 палатаға арналған стационар орналасқан. Осы жерде жылына 600 онкологиялық сырқат радиотерапия қабылдап, ем-дом алар еді. Ерте бастан сырқаттарын анықтауға жылына тағы қосымша 3 мың адам келуі тиіс еді. Орталықтың радиоизотопты диагностика және терапия бөлімінің іске қосылуына орай онкологиялық дерттерді емдеуге Қазақстанның бүкіл аймақтарынан және көрші елдерден адамдар келуі жоспарланып қойылған еді. Көрші Ресейдегі Новосібір, Барнаул қалаларындағы дәрігерлер де «Орталықтың жұмысы қашан аяқталады?» деп сұрап қояды» деген-ді Семейдегі өңірлік диспансер директоры Марат Сандыбаев екі жыл бұрын берген сұқбаттарының бірінде.

Мәселенің бәрі жүйеге тіреліп тұр...

«Осындай халыққа, халық болғанда қарапайым халыққа пайдасы зор орталық құрылысы неге тоқтап қалды? Бұған кімдер кінәлі? Орталық құрылысы енді қашан аяқталады? Аяқтала ма, аяқталмай ма өзі?» деген күмән мен күдікке толы сауалдардың қойылуы заңды. Осы ретте бұл тақырып бұған дейін сан мәрте қаузалғандықтан орталық құрылысының тежеліп тұруының басты себептеріне, кемшіліктерге жол берген тараптарға қысқаша ғана тоқталсақ дейміз. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, ішектей шұбатылып, ұзаққа созылған дау-дамай радиологиялық орталыққа бағасы қымбат медициналық құрылғыларды орнату кезінде басталғаны мәлім. 2015 жылдың қаңтар айында орталық құрылысын өз мойнына алған бас мердігер «ИртышГЭСстрой» ЖШС мен «Медтехника» акционерлік қоғамы арасында кикілжің басталады. «ИртышГЭСстрой» ЖШС әуелі орталықты жоғары деңгейлі медициналық жабдықтармен жабдықтау үшін қосалқы мердігер ретінде «Медтехника» акционерлік қоғамымен келісімге келеді. Алайда Ядролық медицина орталығына дәл медициналық құрал-жабдықтарды әкеліп, орналастырар шақта екі мекеме арасында араздық туады. Бұған басты себеп – орталықтағы сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйенің талапқа сай келмегендігі. Дәл қазіргі уақытта да орталықтың ашылу-ашылмауы тікелей осы жүйенің жұмысына байланысты болып тұр. Араздық соңы соттасуға ұласады. Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық соты 2015 жылдың 5 маусымында «Сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйені алып тастау қажет» деген шешім шығарды. Бір қызығы, тура екі ай өткенде Шығыс Қазақстан облыстық азаматтық және әкімшілік істер бойынша аппеляциялық сот алқасы керісінше «Радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйені пайдалануға болады. Мемлекеттің ақшасын оңды-солды шаша бермейік» дегенге саятын шешімге келеді. Соттасу мұнымен де тоқтамайды, Шығыс Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасы 2015 жылдың 12 желтоқсанында «Орталықтағы жүйені алып тастау қажет, әйтпесе қоршаған орта мен тұрғындарға зиянын тигізуі мүмкін» деген кесім айтады. Екі мекеме арасындағы дау-жанжал одан әрі өршіп, іс 2016 жылдың қыркүйегінде Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жетіп, олар барлық істі қайта қарауды, қосымша материалдар жинақтауды ұсынады. Сонымен бұл іс 2017 жылдың 9 қаңтарында Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасында қаралып: «ИртышГЭСстрой» ЖШС-інің «Медтехника» АҚ-ына жасаған арыз-шағымы негізінде сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйені алып тастау бойынша арыз-шағымы қанағаттандырылмайды» деген шешім шығарылады. Алайда бұл жерде де бір кілтипан бар. Сот алқасы бұл шешімді Мәскеу қаласындағы Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорындарға қарасты «Ядролық медицинаны жобалау және дамыту жөніндегі федеральды орталық» мекемесінің сарапшылары берген зерттеу қорытындысына сүйене отырып шығарған екен. Бұл мекеменің сарапшыларын тәуелсіз сараптама жасату үшін «Медтехника» АҚ-ы жетекшілері 2016 жылдың қараша айында шақырыпты. Соңынан аталған ресейлік сараптама тобының Қазақстан Республикасы аумағында аккредитациядан өтпегені, лицензиясының жоқтығы, сондықтан кәсіпорын қорытындысының заңдық күшінің жоқ екендігі анықталады.

Осы жерде тағы бір маңызды мәселені айтпасқа болмайды. 2015 жылдың 24 қаңтарында құрамында МАГАТЭ, Орталық Азия елдерінің және тағы басқа да ірі ұйымдардың сарапшылары, атомшы-физиктер, физика зертханасының меңгерушілері бар ведомствоаралық комиссия Семейдегі орталықтағы сұйық радиоактивті қалдықтың қалай жинақталып, сақталатынын тексеруге келеді де, атқарылған жұмысқа мүлде көңілдері толмайды. Алайда осыған қарамастан 2016 жылдың 26 қарашасында облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының сол кездегі орынбасары Қанат Дырынбаевтың төрағалығымен мәселе қайта қозғалады. Облыстағы мамандар шет елдік сарапшылардың пікірлерінің дұрыс еместігін айтып, «Алаңдайтын ештеңе жоқ, сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтап, жинау жүйесі талапқа сай» деген тұжырымға келіп, жұмысты жалғастыра береді.

Жағдай осылайша әбден ушыққан кезде облыс әкімі Даниал Ахметов Үкіметке ұсыныс жасап, Ядролық медицина орталығын толық тексеруден өткізуді сұрайды. Нәтижесінде 2017 жылы сол кездегі Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың төрағалығымен республикалық ведомствоаралық комиссия құрылып, олар орталықта орын алған кемшіліктерді жіпке тізгендей жіліктеп көрсетіп бергені белгілі. Комиссия Ядролық медицина орталығындағы сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтап, сақтайтын жүйенің мүлде талапқа сай еместігін, радиациялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келмейтінін, қондырғылардың жобалық-сметаға сәйкес жасалмағанын анықтады. Мердігер мекеменің бұл істі қолға алуына ешбір рұқсаты жоқ екені де сол кезде белгілі болады. Тіпті, бұл жүйенің Шымкенттен әкелінгені, бірақ қай мекеме жасағаны белгісіз екені де сол уақытта мәлім болған-ды. Семейдегі Ядролық медицина орталығындағы циклотрон операторы Дәурен Бидахметовтің сол кезде комиссия мүшелеріне айтқан мына бір сөзі есте қалыпты. «Жобада немістің әлемдік деңгейде мойындалған «Инвиро» компаниясының құрылғысы көрсетілген. Мердігерлер болса, Италияның «Комишер» компаниясының құрылғысын әкелдік деп отыр. Қазіргі уақытта бұл жерде сорғы құралы жоқ, желдеткіш пен баспалдақ, басқыштар қарастырылмаған. Қалдықтарды жинап, сақтайтын цистерна талапқа сай емес. Дұрыс орнатылмаған. Бұл судың ағынына төтеп бере алмауы мүмкін. Арнайы құбырлар жүйесі мен су құбыры да қалай болса солай шашылып жатыр. Радиологиялық қауіпсіздікке сай материалдар мұнда орнатылмаған» деген еді ол. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының сол кездегі басшысы Марат Шоранов 2017 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттары Семейге келгенде бас мердігер әуелгі жобадан мүлде ауытқып, ойына келген құрылғыларды сатып алып, алғанда да бір жерден емес, әр жерден алғанын, тіпті сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтауға еш қорықпастан жанармай құюға арналған бакті ала салғанын, бұған мүлде жол беруге болмайтынын айтқанда естен тана жаздағанбыз. Ұзын сөздің қысқасы, республикалық комиссия да сол жолы пәрмендері болғанымен, дәрменділік танытып, мәселені толық шеше алмай: «Кемшіліктердің барлығын жоюды, құрылыс жұмыстарын аяқтауды бас мердігерге міндеттеу керек» деген жалаң ұсыныспен елордаға аттанғанын білеміз. Міне, содан бері де үш жылға жуық уақыт өтті. Орталық құрылысы сол қалпы тұр. Бұған дейін талай науқасты ауруынан айықтыруға, денсаулықтарын нығайтуға тиіс, бағасы қымбат медициналық құрылғылар да шаң басқан қалпы тұр. Шаң басқан демекші, орталықтағы ең бағалы құрылғылардың бірі – позитроннды-эммиссионды томограф (ПЭТ). Мұндай құрылғы Қазақстан бойынша бесеу екен. Екеуі Нұр-Сұлтан қаласында, біреуі Алматыда жұмыс істеп тұрса, екеуі Семейде шаң басып, орталықты «күзетіп» тұр. Ал осы жобаны уақытында іске қоса алмаған бас мердігер – «ИртышГЭСстрой» ЖШС директоры Александр Изотов 2017 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің екі бірдей бабымен (190 бап, 4 бөлім және 222 бап, 3 бөлім) 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленген болатын. А.Изотовпен бірге облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы бөлім жетекшісі Қанат Мұқан және «ИртышГЭСстрой» ЖШС директорының орынбасары Наталья Афанасьева да кінәлі деп танылған.

Түйін

Сонымен, әбден жырға айналған орталық құрылысы қашан аяқталады? Қазіргі жағдайы қалай? Облыс әкімі Даниал Ахметов 2019 жылы 17 қазанда өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында Семейдегі Радиологиялық орталықтың құрылысын аяқтауға бағытталған Жол картасы аясында қазақстандық және шетелдік эксперттердің қатысуымен ғимараттың техникалық, жабдықтардың медициналық және технологиялық зерттеуі жүргізілгенін, жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін «Инсон» ЖШС-мен келісімшартқа қол қойылғанын жазған болатын. «Бұл іске сондай-ақ, жабдықты жеткізу және тексеруге дистрибьюторлық құқығы бар, желдету мен ауаны баптау жүйесін жинақтау, іске қосу мен жөндеу жұмыстарында тәжірибесі мол компаниялар жұмылдырылды. Ғимараттың стационарлық тұрғыда қорғалуын есептеу барысына Курчатов қаласының «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты», нысанның радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресейдің «РИП» ЖШҚ қатысады. Орталыққа қатысты 2015 жылдан бері 16 сот ісі қаралды. 2019 жылдың 11 маусымында Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулы шығарып, оның негізінде «Медтехника» АҚ сұйық радиоактивті қалдықтарды жинау және сақтау жүйесін аяқтауға тиіс еді. Алайда қосалқы мердігер жұмысты бастаған да жоқ. Бірақ, біз бұған қарамастан құрылысты соңына дейін жеткізіп, аяқтауды көздеп отырмыз» деген-ді аймақ басшысы. Осы мақаланы әзірлеу барысында жақында облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына хабарласқанымызда: «Облыс әкімдігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе нысан құрылысын аяқтау бойынша Жол картасын әзірледі. Жол картасына сәйкес нысан облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының балансына алынды. 2020 жылы нысан құрылысын бастау үшін облыстық бюджеттен 353,5 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігіне республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін бюджеттік ұсыным әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарына қайтадан конкурс жариялау жоспарланып отыр» деген жауап алдық.

СЕМЕЙ