Еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында БҰҰ Даму бағдарламасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ Денсаулық сақтау және Сыртқы істер министрліктерімен бірлесіп қанатқақты жобаны қолға алыпты. Бұл бағытқа шамамен 300 мың доллар қаражат жұмсалады. Оның көмегімен тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп, экологиялық заңнаманы жетілдіру көзделіп отыр дейді БҰҰ ДБ Урбанизация және тұрақты даму департаментінің жетекшісі Арман Қашқынбаев.
– Ең бастысы, бұл жоба халықтың денсаулығын жақсартуға арналған. Оны жүзеге асыруды үш бірдей министрліктің қолдап отырғаны қуантады. Химиялық заттарды тиімді басқару БҰҰ жариялаған тұрақты дамудың 17 мақсатының ішіне кіреді. Бұл бастаманы Қазақстан да қолдайтыны мәлім. Сондықтан аталған мәселенің қаншалықты маңызды екенін аңғару қиын емес. Әлбетте, осымен тоқтап қалу ойымызда жоқ. Себебі Қазақстандағы химия өндірісінің жағдайы белгілі. Алда атқарылатын шаруа шаш етектен. Бұл бағытта басқа да ведомстволармен әріптестік орнату жоспарымызда бар. Алдымен әлемдегі озық тәжірибелерді зерттеп, Қазақстанға енгізудің жолдарын қарастырамыз. Химиялық заттарды өңдеуге байланысты тың технологиялар таңдалмақ. Әрине жергілікті ерекшеліктер ескеріледі, – деді А.Қашқынбаев.
Дегенмен де елімізде химиялық заттарды тиімді реттеу жүйесі әлі де жолға қойылмаған дейді сарапшылар. Мәселен, мамандар соңғы жылдары жұқпалы емес аурулар күрт артты деп дабыл қағып отыр. Әсіресе ересектерге қарағанда, балалардың арасында ауру-сырқау көбейіп барады екен. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша қазақстандықтар көбіне тыныс алу жолдары ауруларынан зардап шегеді. Атап айтқанда, 2017 жылы тыныс алу ауруларына шалдыққандар 42,9%-ды құрады. 2009-2016 жылдары аралығында балалар арасындағы демікпе – 2,6 есе, ал ісік аурулары 60 пайызға артқан. Туа біткен аурулардың да белең алғаны байқалады.