Спорт • 20 Ақпан, 2020

Грек-рим күресінен Нью-Делиде бес жүлде алдық

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үндістанның астанасы – Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатын Қазақстанның ұлттық құрамасы бес жүлдемен қорытындылады. Тарқатып айтсақ, жерлестеріміз 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді иеленді.

Грек-рим күресінен Нью-Делиде бес жүлде алдық

Жарыстың алғашқы күні алғашқы күні төрт жүлде алып қуантқан еді. 77 кило салмақта күш сынасқан Тамерлан Шадукаев Азия чемпионы атанды. 55 кило салмақта белдескен Қорлан Жақанша, 87 кило салмақта күрескен Азамат Кұстыбаев және 130 кило салмақта айқасқан Мансур Шадукаев қола медальді еншіледі.

Өкінішке қарай, екінші жарыс күні аса сәтті болмады. Отандастарымыздың арасынан тек 70 кило салмақтағы Ибрагим Магомедовтың ғана жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жетті. Финалда ирандық Амин Кавиянинежадқа есе жіберген ол күміс жүлдені иемденді.

Сол күні жеңіс тұғырына көтерілуге Айдос Сұлтанғали (60 кило) мен Евгений Поливадовтың да (82 кило) жақсы мүмкіндіктері болды. Алайда қола медаль үшін тарыста ұтылған жерлестеріміз бесінші орында қалып қойды.

Азия чемпионатының қорытындысы бойынша бірінші орынды Иран құрамасы олжалады. Өзбекстанның өрендері екінші орын алса, Қазақстанның балуандары үшінші сатыға табан тіреді.