14 Тамыз, 2013

Үш елдің азаматтығын иеленіп15 жыл бойы қазақстандық зейнеткер саналып келген

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырын қоғамдық тәртіп сақшысы қызметіне арнаған В.Гунгер деген петропавлдық 1994 жылы зейнетке шығысымен «Шу, қарақұйрық!» деп атақонысы Германияға тартады. Алайда, Еуропаның төрінен ойып тұрып орын алғанымен, мұнда көп тұрақтай алмайды. Аттың басын Ресейге бұрып, осы елдің тұрғынына айналады.

Сөйтсе, оның қу түлкі құсап бұлайша із жасы­руының сыры енді мәлім болып отыр. Прокуратура өкілдері шекара қызметі органдарымен деректерді салыстыру барысында оның үш мемлекеттің азаматтығын иеленумен қатар 4 миллион теңге зейнетақыны заңсыз алып келгенін әшкерелеп берді. Қазір күдіктіден ешқайда шықпау жөнінде қолхат алынып, Петропавл қаласындағы пәтерін пайдалануға тыйым салынды.

Оның заң тәртібін біле тұра, қылмыстық әре­кеттерге саналы түрде баруының арғы жағында Қазақстанның қаражатын сүлікше сора берейін деген қитұрқы ниет жатса керек. Қылмыстық әрекеттерін індетіп қазса, еуро және рубль түріндегі зейнетақылардың жапалақша жарбаң етіп шыға келуі ғажап емес.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы.