Аймақтар • 20 Ақпан, 2020

Алматыда «Women in Business» форумы өтіп жатыр

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Doubletree by Hilton Almaty қонақ үйінде әйелдер кәсіпкерлігіне арналған «Women in Business» екінші форумы өз жұмысын бастады.

Алматыда «Women in Business» форумы өтіп жатыр

Іс-шараны Алматы қаласы Іскери әйелдер кеңесі Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Форумның бас серіктесі – «Қазақстан Халық банкі» АҚ. Қазақстан Баспасөз клубы ақпараттық және ұйымдастыру тұрғысынан қолдау көрсетті.

Форум  бизнес, әйелдер кәсіпкерлігі және әлеуметтік мәселелерге арналған нағыз диалог алаңын құру мақсатында екінші рет өткізіліп отыр.

Форум жұмысына экономиканың нақты секторынан 300-ден аса кәсіпкер-әйел, сондай-ақ, тәжірибелі сарапшылар қатысып, әйелдер кәсіпкерлігінде кездесетін мәселелерді шешуге арналған өз тәсілдемелерімен бөлісті.

Форумды Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев ашып, ол әйелдер кәсіпкерлігін дамыту саласындағы жобалар жайында ақпарат берді.

Форум аясында бизнес-ортаны дамыту, әйелерді оқыту және олардың бизнесін қаржыландыруға арналған қолжетімді бағдарламалар, экономикалық саясат, жеңіл өнеркәсіп пен қаланың креативтік индустриясын, қала инфрақұрылымын дамыту, салық төлеу және кәсіпкерлердің жекебас тиімділігін көтеру сынды көкейтесті мәселелер талқыланып отыр.

«Әйелдер бизнесін қолдауға арналған құралдар» тақырыбындағы панельдік пікірталасқа «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, сондай-ақ, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қатысты.

«Fashion индустрия креативтік экономиканың қозғалтқышы ретінде» деп аталатын сессия кезінде дизайн-өнімнің ел экономикасына қосатын үлесі жалпы ішкі өнімдегі пайыз көрсеткіші арқылы емес, осы дизан-өнім арқасында қалыптасатын жаңа мәдени парадигма деңгейімен, сондай-ақ қазақстандықтар арасында және шетелде ел имиджінің көтерілуімен бағалануы тиіс деген идея айтылды.

Форумда Айнұр Тұрысбек (Ainur Turisbek), Жанель Бертаева (Lenazh), Құралай Нұрқадилова (KURALAI сән үйі), Әсел Әділ (Adili), Ольга Ким (Brosh) сынды еліміздегі креативтік экономиканың дамуына күнделікті үлес қосып отырған белгілі әйелдер сөз алды.

Сонымен қатар Форум алаңында бизнес тиімділігін көтеру, соның ішінде, әйелдер бизнесіне арналған Agile-тұғыр, жекебас трансформациясының бизнес табысына ықпалы, салық заңнамасындағы басты өзгерістер сынды тақырыптарға арналған шеберлік сабақтары мен практикумдар өтеді.