Экономика • 20 Ақпан, 2020

10 жыл субсидияланған саланың жыры

57 реткөрсетілді

Мал шаруашылығындағы тауарлы-спецификалық субсидияларды қысқарту мемлекеттік бағдарламасының аясында биылдан бастап тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау тоқтатылады деп жоспарланған. Осы шешімге орай соңғы уақытта бірқатар құс фабрикасы басшыларының, сондай-ақ, Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының тарапынан түрлі пікірлер айтыла бастаған-ды. Әлеуметтік желіде де әлеуметтік маңызы бар тамақ қымбаттап кететін болды деп ерте бастан дабыл қаққандар бой көтергені де рас. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың неліктен тоқтатылатыны туралы жан-жақты түсіндіріп, салада қалыптасқан ахуал туралы жан-жақты мағлұмат берді.

Жалпы, жұмыртқа өндірісі елімізде соңғы он жылда екі еседен астам өсіп, импорт көлемі де айтарлықтай ұлғайғанын айта кету керек. Жұмыртқа өндіретін ең ірі 35 фабриканың басым көпшілігі Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Алматы облыстарында шоғырланған. Саланы субсидиялау жаңадан басталған 2010 жылы отандық кәсіпорындар 3,3 млрд дана жұмыртқа өндіріп, ішкі нарықтың қажеттілігін тек 70 пайызға қамтамасыз етіп, мемлекет жылына 150 млн жұмыртқаны шетелден алатын. Отандық жұмыртқаның 64 пайызын  агроқұрылымдар, қалғанын жеке шаруалар өндіретін. Арада 3 жылға жетпейтін уақыт ішінде импорт көлемі жылына 21 млн-ға төмендеп, есесіне экспорт 58 млн-ға жеткен. Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының бұрнағы жылдардағы дерегіне көз жүгіртсек, 2018 жылы Қазақстандағы құс фабрикаларының түгелге жуығы ішкі нарықты былай қойып, өнімдерінің 10-40 пайызын экспорттауға көшіпті. Әрине, бұл жетістіккке 2010 жылдан бастап үздіксіз жүргізіліп келген мемлекеттік субсидиялаудың оң ықпалы тигені түсінікті.

Ауыл шаруашылықы министрлігінің баспасөз қызметі субсидия бөлу жұмыстары туралы:

– Бұл ретте жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары «инвестициялық субсидия» (салынған инвестицияның 25%-ы), «несиенің және лизингтің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау», «соңғы нысандағы жұмыртқа бағытындағы асыл тұқымды тәуліктік төлді сатып алу» және «тағамдық жұмыртқа өндірісінің құнын арзандату» сияқты мемлекеттік қолдау түрлерімен қамтылды. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияның көмегімен 10 жыл ішінде құс фабрикаларының өндірісі 83%-ға артып, жылына 4,3 млрд жұмыртқаға жетті. Үкімет жұмыртқа өндірушілерді қолдау мақсатында 2010 жылдан бастап 2019 жылға дейін «құс өсірушілерге» субсидия түрінде 75 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді,– деп хабарлады.

Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде осы 10 жылда құс шаруашылығы саласы қалпына жаңғырды. Фабиркалардың техникалары қайта жарақтандырылды. Олардың көпшілігі мемлекет тарапынан берілген жеңілдетілген несие және инвестициялық салымдарды субсидиялау арқылы жаңартылған. Яғни, Үкімет тарапынан бөлінетін субсидиялардың арқасында саланың жағдайы тұрақтанды деуге негіз бар. Бүгінде Қазақстанда құс шаруашылығы өнімдерінің жыл сайынғы өсімі осыны айқын көрсетіп отыр.

Мемлекеттің көмегімен жұмыртқа өндірісіне бөлінетін субсидияның арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі 120 %-ға қамтамасыз етілді. Яғни, осы аталған фактілерді назарға ала отырып, қазіргі уақытта жұмыртқа өндіруге бағытталған құс шаруашылығы саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігін толық қамтамасыз етіп тұр деуге болады. Министрліктің ұстанымы бойынша, енді саланың әрі қарай дамытуды мемлекеттің иығына артып қоюды шектеп, нарықтық жағдайға көшіретін, табиғи жолмен жүргізетін уақыт келгендей.

2018 жылы 670 млн дана жұмыртқа экспортталса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 1,5 млрд дананы құраған. Яғни, құс фабрикалары өнімділігі жыл сайын артып келеді. Мемлекеттің қолдауын ұзақ жылдар бойы көрген сала аяғынан нық тұрғанын осы көрсеткіштердің өзі-ақ айқын аңғартса керек.

– Үкіметтің 2018 жылғы 24 шілдедегі №18975//423 қаулысымен бекітілген «ҚР АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламасында аграрийлерді қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін «өнім бірлігіне арналған субсидиялар» деп аталатын «тауарлы-ерекше субсидияларды» кезең-кезеңмен қысқарту көзделген. Мал шаруашылығындағы тауарлы-спецификалық субсидияларды қысқарту мемлекеттік бағдарламада 2020 жылдан бастап жоспарланған, – делінген министрліктің түсініктемесінде.

Бұл орайда айта кетерлік мәселе, субсидия беруді тоқтату, «жұмыртқа шаруашылығына» мемлекет тарапынан енді мүлде көңіл бөлінбейді дегенді білдірмейді. Құс фабрикаларына сыйақы мөлшері жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ, өндіріс қуатын көбейту үшін тартылған инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары жалғаса береді. Яғни, саланың ішкі нарықты қамтып, экспорттық әлеуетін арттыруына мүдделі екенін министрлік айқын байқатып отыр. Соған қарамастан, жұмыртқа өндірушілердің «нарықты көрші елдердің өнімі жаулап алады» деп алдын ала дабылдатуда.

Жалпы, тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялауға қатысты өзгерістер болатыны былтыр желтоқсан айында белгілі болғанын айта кетейік. Ел Үкіметі жыл соңында азық-түлік тауарларының импортын алмастырудың тиімділігіне жүргізілген талдауды ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің аграршыларға арналған субсидияларды қайта қарау жоспарын мақұлдаған-ды. Қабылданған шешімге сәйкес минстрлік өзін-өзі қамтамасыз ететін бірқатар салалар бойынша субсидияларды алып тастауды жоспарлап отыр. Аталмыш саланың қатарына «жұмыртқа шаруашылығы» да бар. Енді уақытта саланы одан әрі дамыту өткізу нарығын кеңейтуге және терең өңдеуге көшу арқылы өндірісті әртараптандыруға бағытталуы тиіс. Айталық, жұмыртқаны қайта өңдеуді дамыту жұмыртқа ұнтағы, меланж, ақуыз және құрғақ ферменттелген сарыуыз, құрғақ жұмыртқа қоспалары және тағы басқаларын. өндіруге мүмкіндік береді. Бұл отандық кондитерлік және тамақ өнеркәсібін сапалы және арзан өніммен қамтамасыз етуге бағытталу керек. Баспасөз қызметі хабарлағандай, минстрлік осы бағытта отандық жұмыртқа өндірушілерді қолдауға дайын.

Соңғы жаңалықтар

iPhone 12 Pro рендері шықты

Технология • Кеше

Ұқсас жаңалықтар