Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде сатирик, "Ара" журналының бас редакторы Көпен Әмірбектің 70 жасқа толуына орай «Көпен аға келе жатыр..» атты кездесу өтті.
Кездесуді оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген ашып: «Жастар сізді ұзақ күтті. Университетімізде осындай кештер жиі өтіп тұрады. Шығысқа қош келдіңіз» дей келе сатириктің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Биылғы 70 жылдығымның Абай елінен, Шығыстан бастау алғанына қуанып отырмын» деген Көпен Әмірбек кездесу барысында балалық, студенттік шақтары, ұстаздары, замандастары туралы әсерлі әңгімелер айтты. Бұл кісінің Көпен деген атының қойылуының өзі бір тарих екен.
«Көпен деген ат өте сирек. Өскеменде Көпен деген бір ақын бар. Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 15 жыл бұрын Көпен деген полковникке генерал атағын берді. Қай жақтан екенін білмеймін, теледидардан көріп: «Ойпырмай, Көпен деген екеу едік, генералмен үшеу болдық» дегенім есімде. Көпен есімінің шығу мәнісі мынада. Шешем 10 бала тапқан. Алтын құрсақ ана. Үш қыз, жеті ұл. Тұла бойы тұңғышы менмін. Әке-шешем қойшы болған. Сырдың жағасында, қамыстың арасында өскенбіз. Киіз үйде тұрдық. Көбіне үстіміздегі киіммен жата салатынбыз. Мектеп бітіріп, Алматыға келіп, студент атанғанда простыня дегеннің не екенін бірінші рет көрдім. 17 жасымда. Шешем киіз үйдің сыртында күбі пісіп тұрады. Ең жақсы әуен күбінің піскені ғой. Күбінің піскені күйдің басы секілді. Кешке таман отар қой келеді. Қозылар жамырап, бірі маңырап, бірі аңырап жатады. Оркестр секілді. Біз осындай далада өстік. Расул Ғамзатовтың бір сөзі еске түседі. «Дүниедегі ең жақсы әуен қандай?» дейді. «Қыздың күлкісі». «Жоқ». «Қоңыраудың сыңғыры». «Жоқ». «Аттың дүбірі». «Жоқ». «Бұлбұлдың үні». «Жоқ». «Сонда сіз үшін қандай әуен жақсы?» дегенде: «Мен үшін ең керемет әуен менің Хазар (Каспий) теңізімнің толқындарының бір-біріне соғылып, шулаған толқындарының үні. Жаңағы айтылған әуендердің барлығы соның ішіне кіріп тұр» депті жарықтық. Сол секілді өз басым малдың аңырағанынан, қозының жамырағанынан артық әуен көрмедім. Атымды Көпен деп әжем қойған. 9 жасымда қайтқан екен ол кісі. Көпен деген аттың не мағына беретінін елуге таяғанда таптым. Кітаптан. Көпен деген шөп бар екен. Сөйтсем, баяғы заманда бабаларымыз шалғы орақпен шөп шапқанда бір қатарды Көпен деп атаған екен. 10 көпенді жинағанда 1 көпене, 10 көпенені жинағанда 1 шөмеле, 10 шөмеле 1 мая болады екен» деді сатирик.
ӨСКЕМЕН