Аймақтар • 21 Ақпан, 2020

Қарағандыда қорықшы Нұрғалиевті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шығарылды

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласында «Охотзоопром» мекемесінің инспекторлары Ерлан Нұрғалиевті өлтірді, Петр Ницыкты өлтіруге оқталды және топтасып заңсыз аң аулады деген айып тағылған Қызылорда облысының жеті тұрғынына қатысты сот үкімі шығарылды. Атап айтқанда, айыпталушылар Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шүкілдіковке өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сотталғандар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтейтін болады.

Қарағандыда қорықшы Нұрғалиевті өлтіргендерге қатысты сот үкімі шығарылды

Сонымен қатар аталған қылмыстық іске қатысы бар Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімов алты жылға сотталды. Бұлар жазаларын орташа қауіпсіз колонияда өтейді. Сотталғандардың бәрі бес жылға дейін аң аулау құқығынан айырылды және зардап шегушілер қорына 20 және 30 АЕК көлемінде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Зардап шеккендердің моральдық және материалдық зиянды өтеу жөніндегі азаматтық талабын сот ішінара қанағаттандырды. Судья материалдық зиян ретінде 1 млн 850 мың теңге және моральдық зиян есебінде 5 млн теңге өндіріп алу туралы үкім шығарды.

Бұдан бөлек, сот үкіміне сәйкес, 17 киікті өлтіргені үшін сотталушылар 89 миллион теңге өтемақы төлейтін болады.

Еске салсақ, өткен жылдың қаңтар айында Қызылорда облысының жеті тұрғыны Қарағанды облысындағы Нұра ауданының аумағында заңсыз киік аулап жүргендерінде «Охотзоопром» мекемесінің қорықшыларына кез болған. Қолға түскісі келмеген қылмыскерлер қорықшыларды жабылып соққыға жығады. Соның салдарынан инспектор Ерлан Нұрғалиев ауруханада қаза болып, Петр Ницык ауыр жарақаттар алған болатын.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше