Н. Мұқышев «Азаматтың әлеуметтік ID картасы», «Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» сияқты жобалардың жұмыс нәтижелеріне назар аударып, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді электрондық және проактивті форматқа көшіру туралы жан-жақты айтып берді.
«Қазақстан азаматының әлеуметтік ID картасы» - бұл жәрдемақылар мен төлемдер түсетін пластикалық карта. Картаның көмегімен қызметтерге ақы төлеуге болады. Бұл ретте, егер картаның иесі жеңілдік санатына жататын болса, ақша есептен шығарылмайды, бірақ төлем туралы хабарлама көрсетіледі. Әлеуметтік ID карта АӘК төлемін, қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеуді, мектептерде көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына ақысыз тамақтануды көздейді.
Оны пилоттық іске асыру Ақтөбе әкімдігімен бірлесіп 2019 жылғы шілдеде басталды, операторы «Қазпошта» АҚ.
«Картаның ақтөбеліктер үшін тиімді екенін көргенде, біз жобаны біртіндеп кеңінен қолдану туралы шешім қабылдадық. Осылайша, әлеуметтік ID карта қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстарында сәтті енгізілуде. 45 мыңға жуық карта шығарылып, 31 мың транзакция жүзеге асырылды. Биыл әлеуметтік карталарды бүкіл ел бойынша енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді Нариман Мұқышев.
Вице-министрдің айтуынша, еңбек саласын цифрландыру шеңберінде «Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жеке куәлік бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Бұрын бұл үшін жұмыс берушінің талабы бірнеше құжат жинау керек болатын. Бұл уақыт пен ақшаны ысырап етушілік. Сонымен бірге жоба жұмыс берушілердің шарттарды басып шығару және сақтау шығындарын, осы процесті жүргізуге штатта бірнеше адамның болуы сияқты шығындарды азайтады.
«Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» жобасына 26 мың ұйым қосылған. Бүгінгі таңда 1,1 миллионнан астам электрондық шарттар тіркелген. Бұл жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді, жұмысқа қабылдау процесін жеңілдетеді, құжаттардың жалған болу қатерін азайтады. Биыл Еңбек кодексіне түзетулер қабылданып, шарттарды жүйеде жүргізу міндетті болады деп сенеміз. Бұдан басқа, біз қызметкердің жеке ісін автоматты түрде қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді ол.
Министрліктің мемлекеттік қызметтерін цифрлау бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. 2019 жылы ҚР Еңбекмині қызметінің 80%-ы электрондық форматқа ауыстырылды. Бүгінгі күні әлеуметтік-еңбек саласындағы 40 мемлекеттік қызметтің 18-і электрондық, 14-і проактивті, яғни SMS арқылы және 10-ы композиттен көрсетіледі. 2020 жылдың соңына дейін министрліктің электрондық форматта қолжетімді қызметтерінің үлесін 90% - ға дейін арттыру жоспарлануда.
«Біздің міндетіміз – жыл соңына дейін азаматтар біздің қызметтеріміздің 70% -ын электрондық форматта алуын қамтамасыз ету. Бұл негізінен түсіндірме. Бүгінгі күні көптеген азаматтар проактивті қызметті ұсыну туралы SMS-хабарлама алған болса да, оған жауап бермейді және ХҚКО-ға барады. Цифрландыру өзара процесс екенін баса айтқым келеді. Қызметті электрондық немесе проактивті түрде қолжетімді ету жеткіліксіз, оны азаматтар пайдалануға тиіс. Сондықтан мен барлығын қызмет алудағы инновациялық әдістерді белсенді қолдануға шақырамын», - деп түйіндеді вице-министр.
Еске салайық, Еңбекмині цифрлық жобаларды іске асыру және мемлекеттік қызметтерді электрондық және проактивті форматқа көшіру арқылы республикалық бюджетте 3,03 млрд теңге үнемдеді. Осы соманы есептеу кезінде «Электрондық еңбек биржасы» және «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» сияқты жобалар, сондай-ақ электрондық форматқа көшірілген мемлекеттік қызметтер ескерілді.