Қоғам • 21 Ақпан, 2020

Бейбіт жиындар позицияны ашық білдірудің құралы

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұма күні Петропавл қаласына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов, министрліктің заң департаменті бастығының орынбасары Әділбек Мұхамбетқалиқұлы келіп, «Азаматтық альянс қауымдастығы»  мүшелеріне, саяси партиялар өкілдеріне және басқа да белсенді азаматтарға «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы» заң жобасын түсіндіріп, әңгіме өткізді.

Бейбіт жиындар позицияны ашық білдірудің құралы

Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Митингілерді ұйымдастыруды хабарлау принципін енгізуіміз керек, бұл біздің Конституциямызға қайшы емес. Егер заңды бұзбаса, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығына нұқсан келтірмесе митингтерге қарсылық жоқ. Қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін егу уақыты келді. Қоғамға да, мемлекетке де позициялардың ашық білдірілуіне түсіністікпен қарау керек. Бұл қажеттілік, оған мәжбүрлікпен емес, саналылықпен өздігімізден жетуіміз керек», деген сөзінен кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиындар туралы заң жобасын әзірлеген. Жанат Қожахметовтың айтуына қарағанда ол көптеген демократиялық елдердің осы тәріздес заңдарының тәжірибесін зерттеу арқылы жасалған. Заң жобасы азаматтардың құқы мен бостандығының сақталуына толық кепілдік береді.

Сонымен қатар шешен қандай адамдарға және қандай жағдайларда бейбіт жиындар ұйымдастыруға болмайтындығын да атап өтті. Бейбіт жиындар өткізуді жариялау, оған келісім беру немесе бермеу тәртіптері, орындарды белгілеу, қанша адамға дейін  рұқсат ету және т.б. нормалардың бәрін шешен тәптіштеп баяндап берді. Соның ішінде бейбіт жиын өткізуге Петропавл қаласында төрт орын белгіленген екен.

Тыңдаушылар арасында заң жобасымен жіті танысып, оны зерттеген адамдар аз болса да өздерінің құқын шектеуі мүмкін деген кейбір нормалар олардың сұрақтарын тудырды. Мәселен, заң жобасында "250 адамға дейін қатысатын шараны өткізу үшін билікті хабардар ету жеткілікті" деп көрсетілген. Егер мұндай хабарлаудан кейін заңда белгіленген мерзім ішінде жергілікті атқарушы органнан жауап болмаса, акция өткізу келісілген болып саналады екен. Бірақ жергілікті құқық қорғау органдары тіпті 250 адамға жетпейтін жиындарды да «адам саны асып кетті» дегенді сылтауратып күшпен таратып жіберуі мүмкін ғой. Өйткені, келгендерді кім санап жатыр, олардың ішінде жай көруге барғандар да, журналистер де болады емес пе? Ал кез келген сотқа «санымыз 250-ден аспап еді» деп дәлелдей алмайсың, сондықтан ұйымдастырушы жауапкер болып шықпай ма деген сұрақ қойылды. Оған Ж.Қожахметов қазіргі бейнекөрініс техникалары мұндайға жол бергізбейтінін, егер құқық қорғау органдары тарапынан заңсыздыққа жол берілсе, олардың жауапкершілік тартатынын айтты.

Жалпы, жиналғандар заң жобасы туралы біршама мағлұматтар алып, өздері үшін пайдалы ақпарат алды.