Руханият • 22 Ақпан, 2020

Жазушы Дидахмет Әшімханның 70 жылдығы Өскеменде басталды

728 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл кісінің ойлары, толғамдары өңірлік шеңберде емес, ұлттық, мемлекеттік ауқымда.

Жазушы Дидахмет Әшімханның 70 жылдығы Өскеменде басталды

Өскемендегі облыстық Балалар және жасөспірімдер кітапханасында белгілі жазушы, публицист Дидахмет Әшімхановтың 70 жылдығына орай «Жер аңсаған Сарыатан» атты кеш өтті.

кеш

Кешке Алматыдан арнайы келген қаламгердің ұлы Дәулет Әшімхан кітапхана ұжымына алғысын білдіріп: «Биыл әкеміз туып-өскен Шығыс өңірінде бірқатар шаралар ұйымдастырмақ ойдамыз. Тойдың басы Өскеменнен бастау алғанына қуаныштымын» деп ризашылығын жеткізді.

ал

Кеш жүргізушісі Алтынғадыс Күнтуғанұлының «Әкеңіз несімен есте қалды?» деген сұрағына: «Әкеміз әуелде қатал еді. Кейін 14-15 жасқа келгеннен соң дос болып кеттік десем артық айтпаспын. Әзілдесіп, қалжыңдасып жүретінбіз. Тең дәрежеде сөйлесетін. Әкемнің маған берген тәрбиесі – мені жанынан қалдырмайтын. Әкемнің жанында жүріп Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази секілді тұлғалардың әңгімелерін естідім. Үлкендердің сөзін тыңдап өстім. Мұның маған көп пайдасы тиді» деп жауап берді.

күн

Қаламгерді еске алу кешіне қатысқан, сөз зергерімен аралас-құралас болған, жерлесі Әлібек Қаңтарбаев замандасы жайында әсерлі естелік айтты. «Дидахметтің менен екі-үш жас кішілігі бар. Шыңғыстайда интернатта бірге тұрдық. Әшімхан ақсақал қойда болғандықтан барлық балалары интернатта тұрды. Ішіндегі ересегі Дидахмет еді. Туған-туысқанға деген сүйіспеншілігі керемет еді. Интернатта әскердегі сияқты ғой. Үлкендер зорлық-зомбылықты көп жасайтын. Бауырларына алаңдап, шыж-быж болып соларға ара түсіп жүретін. Содан кейін көмекке мені шақыратын. Балалық кез. Интернатта тамақты шақтап беретін. Әлгісінен жырып, маған әкеледі. Ол енді қазіргіше айтсақ, сыбайлас жемқорлық. Бір-екі кәмпитін жеп алғаннан кейін Дидахметтерге ешкімді тиіскізбейтінмін. Мен 11 сыныпта оқығанда Дидахмет 8 оқып жүрді. Сол кезде аудандық газеттің бір жақ жетім бұрышына «Шырқал, ән» деген үш шумақ өлеңі басылды. Ойбай-ау, сонда үлкен бір классикалық дүние туғызғандай айрықша қуанып, жалғыз бір ақ көйлегін киіп алып, анда да, мында да безектеп жүгіргені есімде. Тұңғыш шығармашылық жемісі еді бұл» деді жазушы өткен күндерге сағына еске алып.  

Кешке қатысқан белгілі ақын, Өскемен қалалық Ішкі саясат, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин жазушы мерейтойы қалалық, облыстық деңгейде емес, республика деңгейінде аталып өтсе де жарасымды екендігін атап өтті. «Өйткені, бұл кісінің ойлары, толғамдары өңірлік шеңберде емес, ұлттық, мемлекеттік ауқымда. Сондықтан бұл мерейтой тұтас халықтың, әдебиеттің мерекесіне айналады деп ойлаймын» деді ол.

Шара барысында сөз сөйлеген ғалым-зерттеушілер Бақытжан Келгенбаева мен Айжан Қартаева Дидахмет Әшімхан шығармашылығы сан қатпарлы, көп зерттеуді қажет ететіндігін тілге тиек етті. Ақын Әскерхан Ақтай қаламгердің «Жынды жел» әңгімесінің сахналық нұсқасын әзірлегенін сүйіншілеп: «Бірнеше театрларға ұсындым. Бұйырса, 2021 жылы Алматыдағы Әуезов театрында қойылуы мүмкін. Қызылорда облыстық драма театры да қызығушылық танытып отыр. Биыл ең әуелі Өскемендегі драма театрда қойылса жақсы болар еді» деді.

Өскемендік журналист, суретші Мерей Қайнаров жазушының 70 жылдығына орай республикалық суретшілер байқауы ұйымдастырылып жатқанын хабарлап, өтінімдер 25 наурызға дейін қабылданатынын жеткізді.     

Кеш барысында Дидахмет Әшімханның өмірден өткен соң жарық көрген «Кеш» атты кітабының да таныстырылымы өтіп, кітапхана ұжымы мен оқырмандарға табысталды.

     ӨСКЕМЕН