Қазақстан • 23 Ақпан, 2020

Ауыз су сапасы қалыпқа келтірілді

233 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы 3 айда Қызылорда қаласындағы «Арай-2» және «Арай-3» шағын аудандары тұрғындарынан тиісті орындарға ауыз су сапасының нашарлауына байланысты 19 шағым түскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы Марат Жәмиев баяндады.

Ауыз су сапасы қалыпқа келтірілді

Тұрғындар арызына байланысты «Қызылорда су жүйесі» мен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарынан құрылған комиссия су құбырларын жүргізген мердігер мекемелердің  құрылыс талаптарын сақтамағанын анықтады. Құрылыс жүріп жатқанда су көзіне жалғанбаған құбырдың екі жағы бітелуі керек. Бұл талаптар сақталмағандықтан, оның ішіне құм, топырақ түсіп, сол күйінше жалғанып кеткен. Ол құбырдағы қысым аз кезде байқалмай, кейін біліне бастаған. Қазіргі күні су сапасы қалыпқа келтірілді.

Бүгінде қалаға күніне 42,7 мың текшеметр көлемінде су беріліп тұр. Ал жаз айларында бұл көрсеткіш екі есеге жуық көбейеді. Су сапасына қатысты белгіленген кесте бойынша бактерологиялық сараптама уақытылы жасалып тұр.

Кәсіпорынға қарасты 800 шақырым су құбырының 20 пайызын жаңарту қажет. 400 шақырымдық кәріз жүйесінің де осынша бөлігі ескірген. Бұл бағытта жоспарланған жұмыстар кестеге сәйкес атқарылады.