Аймақтар • 24 Ақпан, 2020

Мақамы мәшһүр Маңғыстау

738 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жеті қайқы мен белгілі бес жүй­ріктің елі – Маңғыстау ән мен күй, жырда өзіндік ерек­ше­­лігі бар өңір. Өлке өне­рін жи­нақтау, ұрпаққа насихаттау мақ­сатында жеті жыл бұрын Әнуар Бимағамбет, Кенжебек Ая­ғанов, Ақылбек Тас­қара секілді азаматтардың ұйым­дастыруымен «Мақамы мәш­һүр Маңғыстау» атауымен күй­л­ер антологиясы CD-диск тү­­рінде жарық көріп, жинаққа Маң­­ғыстаудың бұрын-соңды бей­­мәлім 45 күйі енген болатын.

Мақамы мәшһүр Маңғыстау

Ал 2016 жылы мәдениет басқар­ма­сы, облыстық ғылыми-әдіс­те­ме­лік қызмет көрсету орта­лы­ғы­ның қолдауымен маңғыстаулық өнер шеберлерінің антологиясы «Баба сарын бабауы» деген атаумен тың­дар­манға жол тартты.

Жақсы іс жалғасын тауып, биыл өл­кенің дәстүрлі музыкалық мұра­ларын өнерсүйер көпшілікке жет­кі­зу­ді мақсат еткен жаңа жоба «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Жоғарыда ай­тыл­­ған еңбектердің насихаттау ауқы­­мы тарлығынан, соның ішінде дис­­кілердің тиражын көбейтуге ай­тар­­лықтай қаржы қажет болуына орай мәселенің ең оңтайлы ше­шімі Maqamsaz.kz сайтын құру бо­лып табылған. Яғни, заманауи қажет­ті­лік. Репертуарын құру, IOS және ан­дроид­қа арналған мобильді қосым­ша­сын жасауға екі жыл уақыт жұм­сал­ған сайт атауы Maqamsaz.kz деп ата­лады.

Маңғыстау облысының мә­ден­и­ет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысы­мен жасалған сайт репертуарына бас-аяғы 180 шығарма енген. Осы өңір­дің музыкалық орындаушылық мек­те­біне тән бұл туындылардың дені көп­шілікке беймәлім десек қате­лесп­ейміз.

–  Репертуардағы шығармалардың саны 200-ге дейін жеткізіліп, жыл сай­ын толықтырылатын болады. Бұл сайттың бір ерекшелігі – шы­ғар­малардың авторы, орындаушы­лары туралы толық мәлімет бе­ріл­еді. Сондай-ақ әр туындының жар­ыққа шығу тарихы мен нотасы орналас­тырылған, дейді жоба авторы Сұл­тан­бек Құдайберген.

«Мақамы мәшһүр Маңғыстау» әуен­дерін сайттан не мобильді қо­сым­­шадан тыңдап, нота арқылы үй­­ренуге болады. Maqamsaz.kz сай­тын­дағы туындыларды ән, күй, жыр-терме және жыр күйі деп аталатын төрт бөлімнен көре аласыз. Олардың күйтабақ, магнитафон кассетасына жазылған нұсқалары халық арасынан жиналып, цифрлы таза­лаудан өткен соң сайтқа са­лын­ған. Жоба авторларының айтуын­ша, дәстүрлі музыканы нотаға түсіруге машықтанған мамандар – маң­ғыс­таулық дәулескер күйші­лер Айт­берген Жаңбыршы, Айдар­бек Оң­айб­аев, Жұмабек Қадыр­құ­лов­тар­дың еңбегі зор.

– Есімі аталған азаматтар бұл туын­дыларды бірнеше күн тыңдап, нота­ға түсірді. Маңғыстаудың музы­ка­лық мұраларының да ноқтаға да, нотаға да басы сыймайтын кішкене «тарпаңдау мінезі» бар. Сондықтан бұл еңбекті жасау біраз уақытты алды. «Тірінің мерейі, өлінің үрейі» үшін деп шаруаны бірлесе атқарып шықтық. Әлі де алда жасалар жұмыс көп, – деді С.Құдайберген.

Аталған жобада 50 автор, 60 орын­даушы қамтылған. Соның ішінде тыңдарман мұнда әрі автор әрі орындаушы ретінде Бе­ген­­дікұлы Сүгір жыраудың, Ұз­ақ­­б­ай жырау Қазжандыұлы, Әл­қуат Қожабергенұлы, Шамғұл Ыбырайым­ұлы, Қарағұл Қонашұлы­ның дауысын ести алады.

Жоба авторлары алдағы уақытта маң­ғыстаулық өнерпаздардың жыр­шы­лық-орындаушылық шебер­лі­гі туралы оқу-әдістемелік құрал шы­­ғаруды қолға алмақшы. Бұл ба­­ғыттағы жұмыстар аяқталған соң жыршылар мектебін құрып, жо­ға­ры­да сөз болған оқу-әдістемелік құрал арқылы өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру шаралары жос­парда тұр.

 

Маңғыстау облысы