Аймақтар • 24 Ақпан, 2020

Ақпанның бораны ашулы

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында желдің қатты күшеюімен бірге жолдың көктайғаққа айналу қаупі зор болып тұр. Ақпанның бораны биыл тіптен ашулы. Ауа райы күрт өзгерген уақытта оқыс жағдайларды болдырмау үшін тәртіп сақшылары және төтенше жағдай қызметкерлері жол қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге тығыз байланыста жұмыс істеуде.

Ақпанның бораны ашулы

Боран қаупі болуы себеп­ті алыс жолға шығудан бас тарту туралы ескертулер мен ұсы­нымдар SMS-ха­бар­­ламалар мен әлеуметтік же­лілер арқылы жап­пай жібе­ріліп жатыр. Бірақ облыс тұрғындарының кейбірі бұған қарамай жолға шығып, қар құрсауында қалып қоюда. Со­ның бірі – Ғабит Мүсірепов ауданының 55 жастағы тұр­ғыны Сергей Тарасов. Ол  кеш­кісін Тахтаброд ауылы­нан Но­воишим ауылына бара жат­қан. «Екатеринбург-Ал­ма­ты» тас жолындағы Рузаевка ауы­лының маңында боранның құр­сауына түсіп, алға жүруге мүм­кіндігі болмай тұрып қа­лады. Осы жерде Сергей Та­расов басқа азаматтардың қа­уіпсіздігін ойлап, смартфонына бейнеүндеу жазып алып, өз тарапынан жерлестеріне өзіне төнген қауіпті көрсете отырып, жолға шығудың қауіпті екенін ескерткен.

Осы ауданның полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айдос Ідірі­совтің айтуына қарағанда, 18 ақпан күні қар құрсауынан 6 фур, 6 «КамАЗ», 10 же­ңіл көлік пен 2 «Газель» авто­кө­­лігі шығарылған. Жүргі­зу­шілер мен жолаушы­лар­дың біршамасы Рузаевка ауы­лын­­дағы қонақүйге, қал­ған­дары лицей жатақханасына ор­на­ластырылды. Барлығы ыс­тық тамақпен қамтамасыз етілді.

Ал Жамбыл ауданында па­трульдік полицейлер мен тө­тен­ше жағдай қыз­мет­­кер­лері ҚХР азаматына да кө­мек көрсеткен. Боранның болатынын айтқан ескертулерге қарамай Нұр-Сұл­тан қаласынан автокөлігімен Қай­ранкөл ауылына шығып кеткен 32 жастағы Джан Сяобо жолдағы «Украинское» ауылы­на 5 шақырым қалғанда қалың қарға кептеліп қалған. Сақшылар мен құтқарушылардың, жергі­лікті атқарушы органдар­дың күшімен арнайы техника жұмылдырылып, қы­тай­лықтың көлігі қардан шы­ғарылды. Джан Сяобо да бейнежазба түсіріп, өзіне көмек көрсеткендерге шын жүректен алғысын айтты.

Өңірде боран әлі де тыншымай тұр. Облыстық ПД бас­тығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев ауа райының қолай­сыздығына байланысты жеке құрамға қала сыр­тындағы жолдарды тәулік бо­йы ба­қы­лауды және көмек­ке мұқтаж азаматтарға жедел түрде қол ұшын беруді тап­сыр­ды. Басты мақ­сат – боран салдарынан ешкімнің зардап шекпеуін қам­тамасыз ету.

 

Солтүстік Қазақстан облысы