Аймақтар • 24 Ақпан, 2020

Қансонарда бүркітші шығады аңға...

438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бір қызық ісім екен сұм жалғанда...» деп ұлы Абай айтқан саятшылық өнердің сайысы жексенбі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл селосының «Құлагер» атты ипподромында аяқталды. Ол ресми түрде бүркіт, сұңқар, қаршыға өнерлерінің республикалық чемпионаты деп аталған.  

Қансонарда бүркітші шығады аңға...

Үш күнге созылған сайыс құс иелерінің ғана емес жалпы терістік халқының қызықтаған тамаша қызығына айналды. Бұл күндері ауа-райы да жылымық болып, сайысты тамашалауға келгендерді бүрсең қақтырмады.

Бүркітшілер еліміздің он аймағынан келген екен. Атап айтар болсақ, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларынан, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарынан. Сондай-ақ жарысты өзінде өткізуші Сллтүстік Қазақстан облысының саятшылары қатысты.

Жарыс үш кезеңмен өткізілді. Алғашқысы: ұшырылған құстың саятшы иесінің қолына дыбыстап шақырғанда қайта келіп қонуы. Екінші кезеңде құстың еркін ұшуы тамашаланып, бағаланды. Ең соңында қаршыға мен сұңқардың қоян мен кептерге, ал бүркіттің шапқан ат сүйреген түлкінің терісіне тура түсуі сыналды. «Томағасын тартқанда бір қырынан» қайқаң қағып аспанға көтерілген құстың қанат-қйрығы суылдап, төмен шүйілгенінің өзі керемет көрініс екен.

1

Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан облысынан келген Дәурен Аршабайдың сұңқары бірінші орын алды. Ал Алматы облысынан келген Алмас Сейітжанның қаршығасы алдына ешқайсын салмады. Ол ұшырылған кептерлерді жарқ еткізіп, қақшып тастап отырды. Бүркіттер арасынан бірінші орынды Маңғыстау облысының Тастүлегі алды. Бүркітші Айшуақ Таймановтың бұл құсы да алғыр, нағыз зар шағында екен.

Жарысқа қатысқандардың бәріне, оның ішінде жеңімпаздарға лайықты жүлделер берілді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы