Руханият • 25 Ақпан, 2020

Амал – ауызбіршілік мерекесі

1797 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Ұлы да­ланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын «Кеңістік – барлық нәрсе­нің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уа­қыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деп салқар уақыттың сақара халқы үшін алатын орнын айқындаудан бастауы тегін емес.

Амал – ауызбіршілік мерекесі

Еділден Ертіске, Оралдан Қазы­ғұртқа дейін созылған қазыналы ұлан-байтақ дала кеңістігін игерген дана халқымыз, ұлы жіңгір уақытты да ұтымды меңгеруге қол жеткізіп, жұлдыз бағып, ай санап, күннің ра­йын, аспанның шырайын бақылап, шаруашылығын үйлестіріп, мыңғырған малын өргізіп, қара қазанын шүпілдетіп қайнатып, сары баласын желкілдетіп өсіріп келген. Әлбетте, Ұлы дала халқы үшін уақыт санауының басы, алғашқы күннің жаралып, тұңғыш арайдың таралып, табиғат түлеп, күллі ғалам өмірге келген асыл мезет – Ұлыстың ұлы күні.

«Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп ақжарылқап сәтте төс түйістіріп, құшақ айқастыра көрісіп, сағына сәлемдескен Алаш жұрты үшін Ұлыс деген көне түркі сөзі Жаңа жыл деген мағынаны, сонымен бірге ел деген мәнді де қатар беруі бекер емес.

Ұлы Абай «Сонымен, бұлар өзін өзі де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлыс» дейді екен де, жүре береді екен. Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп жазуы көп сырды аңғартады.

Ақ кіреуке сірескен қарды Наурыз келгенде аспанға көтерілген Қызыр­күннің қызуы балқыта елбіретіп, ба­уыры түкті Жер-ананың балбырап тоңы еріп, малдың сүмесіне сүйенген батыс пен шығыстағы, Сарыарқадағы малшы қауым үшін алғашқы төлдің тууы, уыздың шығуы, тұңғыш ақтың  таңдайға тамуы – зор қуаныш. Ал түстіктегі егіннің мәуесін емген диқан халқымыз үшін алғашқы жауқазынның бүр жаруы, миуалы жеміс-жидек ағашының гүл атуы, Наурызек торғайдың сай­рауы – көктемнің келуі, жылдың енуі, құт-берекенің молаю белгісі болып саналған.

Жалпы, әлемнің Шығыс мен Баты­сын­дағы көптеген халықтың дәстүрлі мәдениетінде Жыл басын әдетте көктемде қарсы алуы, баршасының Күнге маңдай тосып табыну рәсімін жасауы осы мерекенің тарихи тамыры, сабақтастық салты желілес екенін танытады. Байырғы дәуірден ұмытылмай ұласқан әз мереке Орталық Азия мен Сібірде, сонау Байкалдан Балқанға дейін ен жайлаған түркі ұлыстарында, түстіктегі парсы, Кавказдағы бауырлас елдерді қамтуы Наурызнаманың кеңістігі ауқымды екенін көрсетеді. Осы мерекеде өтетін сан алуан салттардың түрі іліктес, мазмұны бай, таралу аумағы аса ауқымды болуына ежелгі Тұран мен Иранның мәдени мирасының тоғысуы, көшпенді мен диқаншы дәстүрдің бір-біріне ұласуы байтақ жол ашқан.

Наурыз – 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес ресми тойланатын халықаралық мәртебелі мейрам, солай болуы әбден жарасымды.

Елдік рухтың тамырына балта шапқан коммунистік жүйе Қазақстанда Ұлыстың ұлы күнін тойлауға 1926 жылы тыйым салды. Әйткенмен халық өзінің сүйікті мейрамын мүлде ұмытып кетпей, еліміздің кейбір аймақтарында үзік-үзік тойлап келді. Кеңестік заманда кертартпа көрініс ретінде қуғын-сүргінге ұшырап, ысырылып қалған әз Наурыз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен 1988 жылы Алматыда алғаш тойланып, 62 жылдан соң халықпен қайта қауышты. Ал 1991 жылы 15 наурызда Елбасы Наурыз мейрамын ресми мереке деген Жарлыққа қол қойды. 2001 жылы Наурыз мейрамы мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2010 жылдан бері Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн бойы арнайы тойланып келеді. Әз Наурыз тәуелсіздіктің жаршысындай ерте оралып, ақжолтай болмысымен елді бірден баурап, халқымыздың ынтымағы мен достығын ұйыстырушы маңызды мерекеге айналды.

Қазақ даласында Наурыз мейрамы, түрлі деректерге қарағанда, әр заманда әр қилы уақытта, дәлірек айтқанда, ақпан мен наурыз айларының ішінде тойланып келгені соңғы кездегі зерттеулерде айқын болып отыр. Мұның себебін ғалымдарымыз қазақ даласының аумағы алып, табиғаты мен климаты сан алуан райлы болуымен, сонымен бірге әр аймақта ұстанған халық күнтізбесінің жүйесі, санаты, қисап тәртібі әр қилы, әр өңірдегі есепшілердің ұстанған жолы мен әдісі, қалыптастырған дәстүрі аймақтық ерекшелікке ие болуымен түсіндіреді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп, кәрі, жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді... Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі», деп жазады.

Оқырманға ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің баласы Ахаттың «он төртінші март күні әкем бүгін – ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Бұрынғы аты – Наурыз. Парсы тілі Жаңа күн деген сөз деп айтқаны есімде», деп жазғаны белгілі болар.

Мұндай мысалдардан біз тек батыс өңірінің қазақтары ғана емес, шығыстағы жұртымыздың кейбір аумағы Жаңа жылды 14 наурызда қарсы алғанын біле аламыз. Сол абыз Шәкәрімнің Наурыз туралы елден жазып алған бір өлеңі былай:

Ұлыс күні кәрі-жас,

Құшақтасып, көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай

Жамырасып өріскен.

Әлбетте, жеті жұрт өткен киелі Үш қиян топырағында Амал мерекесі, көрісу дәстүрі мығым сақталып, бүгінгі күнге ұласып, тәуелсіздіктің арқасында жаңаша түлеп, кең мазмұнға ие болып,  барша халқымыз тойлайтын айтулы мерекеге айнала бастауы – «Рухани жаңғырудың» игілікті жемісі.

Күннің көзі мейірін төгіп, қыстың  сірескен қалың қасат қары еріп, қара жер бусанып, табиғат түлеп, жан-жануар төлдеп, аяздың беті әрі, шуақтың беті бері қараған осы шақта зымыстан ақ боран бұрқақта бір-біріне хабарласа алмай қалған ел ой мен қырдан ағылып келіп, бір-біріне сағына қауышып, құшақтасып, көрісуі – табиғи тұрмыс-тіршіліктен туған кәде. Данышпан ақын Абай осы мезгіл туралы «Жазғытұры» атты өлеңінде былайша суреттейді:

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

Шаруа қуған жастардың мойны босап,

Сыбырласып, сырласып, мауқын басып.

Жыл басы Наурыз – адамдардың табиғат-анадай түлеп жаңғырып, бір-біріне мейір-ықыласын төгуге, қайрымдылық жасауға, бір-біріне қолұшын беріп көмек етуге үндейтін достық пен татулықтың мерекесі. Самарқанның көк тасы еріген осынау шапағатты сәтте адамдар бір-біріне деген өкпе-реніші болса кешірісіп, құшақтасып, қайта табысып, бір анадан туғандай болып, бауырласып кететін көнеден жалғасқан аталы дәстүр бар. Түркілік ұғымда әлем жаралған бұл күнде әзелгі заманда бүкіл тіршілік иелері қоса жаралған, сол себептен дәл әз Наурыз күні барша адам да бір жасқа толады. Сондықтан да адамдар бір-бірімен көріскенде «Ұлыс оң болсын, бір жасың құтты болсын» деп те амандасады. Демек, табиғат толғататын бұл күнде адамдар да қайтадан анадан туғандай жаңарып, бауырласатыны, құшақ айқастырып қауымдасатыны – ынтымақтың дәнекері болған құтты мейрамның бабадан балаға жалғасқан асыл ғибраты.

Наурыз – мал төлдеп, біреу екеу болып, ағаш бүр жарып, дән себіліп, бұлақтың көзі аршылып, соқа сайланатын, көктемгі шаруаға екпін бітетін ырысты еңбектің тойы.

Жасы кіші ұлы қарияға сәлем беріп бата алу да парыз:

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алсаң,

Содан олжалы жол болар.

Береке-ырыздықтың, елдік тұтастық пен күш-қуаттың рәмізі ежелгі сақ заманынан жалғасқан – Наурыздың Нарқазаны. «Ұлыс күні қазан толса» ырымының мәні, ел тұрмысы мен түсінігінде орын алуы туралы абыз Әбіш ағамыз «Құс қанаты» хикаятында былайша суреттейді:

«Бұл – қыстың соңы «құс қанаты». Бұдан соң қар түспейді...

Жаз биыл жайлы болатын түрі бар. Ауылда ғой жұрт қазір ерсілі-қарсылы шапқылап жүр. Бүгін бір-бірімен сарала таңнан барып амандасады. Кемпір біткен асадалдың түбіндегі өлі астың бәрін қазанға салады. Бүгіннен қалса, мәкіру... Қара су құйсаң да қара қазан ошақта толып тұрады бүгін. Көрісуге келген жұрт үй сайын аяқ-аяқ наурыз көже ішеді. Бүгін қазаны толмаған үйдің биылғы ырзығы кем болады... Жарықтық жаңа жаз, жаңа көктем бұлардың шаңырағына да тек шапағат боп кіргей».

Наурызда отпен төңіректі аластап, үйдің төрінде жұп шырақ жағу, кетік шыны-ыдыстарды сындырып өртеу, жерошаққа жаққан оттың үстіне арша тастап, жасөспірімдердің от үстінен секіру әдеті ежелгі замандарда орын алған. Бұл рәсімнің мәні – аспандағы Күн-анаға табынып, соның жердегі бөлшегі деп отты қастерлеу, от арқылы тазалану сақ жұртынан қалған сарқыт.

Соңғы жылдарда киелі Маңғыстау жерінде бұрындары ұран-от жағылған Отпан тауының басына шығып Амал мерекесінде алау жағу дәстүрі қайта жаңғырды. Маңғыстау өлкесінің табиғат жаратылысы да ерекше, бұл топырақта ежелгі мәдениеттердің сан алуан қатпары бар екенін археологиялық зерттеулер айқындап отыр. Сақ, сармат, оғыз, қыпшақ секілді жұрттардың қазыналы мирасының ізі қалған Отпан тау бүгіндері қайта түлегендей. Әз Наурыз ежелден елді бірлік пен татулыққа, ынтымақ пен ырысқа шақыратын болса, Отпан тау­да жағылған отты алау алты Алашты берекеге үндеп, жастарымыз бен қонақтарды Наурызнама сейілінде шаттық пен ғибратқа бөлейтін жаңа да көне кәдеге айналды.

Ежелгі дәуірден ұлыстың ұйытқысы, жаңару мен жаңғырудың жаршысы болған әз Наурызда өткен жылы Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси өмірінде тарихтың жаңа парағы ашылып, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев және Прези­дент Қ.К.Тоқаев екеуі халық алдына қа­тар шығуы елді терең ғибратқа, бабалар дәстүрінің сабақтастығына тәнті етті.

Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Қ.К.Тоқаев әз мереке туралы былай деп түйінді пікір білдірген: «Бәрі­мізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар. Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды. Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы. Бұл мереке өмірі­мізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі. Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құр­мет пен келісімді нығайтуға сеп­тігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам. Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу».

Наурызнама мерекесінде ежелден Қыдыр ата бейнесі ғибрат пен өнегеге толы. Қыдыр ата қолын жайып, таяғын нұсқап, күн мен түн, бай мен кедей, хан мен қараша теңелген, табиғат-ана тамылжып, қара тас та мейірімнен балқыған осы асыл сәтте бата берсе, адам баласының басына бақ пен ырыс қонады деп иланады ел. «Қырықтың бірі Қыдыр» деген ұғыммен халқымыз жасы ұлы қариядан бата алып, өсиетін естуге, аманатын арқалауға әсіресе әз Наурызда құштар болған. Осы күні жастар арықты аршып, бұлақ пен құдықтың көзін тазалап, тал егіп, көпір мен жолдарды түзеп, айнала төңіректі мұнтаздай етіп тазалап, сауапты жұмыс істеуден өзара жарысқа түсетін. Қарияның ақ батасын алуға, ықыласына ие болуға асығып, ізет пен инабат, әдеп пен әдемілік сайысына түскендей күй кешуі – халқымыздың ата салты.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялауы қазақтың қаны мен жанына сіңген асыл мінезін, ұлттық кодын оятуға жол ашты. Әлбетте, бұрындары Қыдыр атаны тек қана театрландырылған сахнадан емес, әр отбасы өз үйінде қарсы алуға армандап, өз ауылының жасы үлкен, жаны жайсаң жанын Қыдырға балап, оның ықыласын алып, рахметіне бөленуге лайықты ізгі амалдар жасайтын. Жастар білек біріктіріп, саусақ іліктіріп, сап түзеп асарлатып, толағай шаруа тындырып, «батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді», «алтын алма, алғыс ал»,  «баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп үлкендерден бата алатын. Сол себептен де наурызнамада «Ұлы кісіден бата алсаң, сонда олжалы жол болар», «Менің берген бұл батам, әз Наурызға сақтаған сүр батам» деген жолдар кездеседі.

Бес мың жылдан бері Ұлы дала төсінде ізгіліктің шұғыласын шашып, табиғатпен үндесе мерекеленіп келе жатқан Наурыз мейрамы – адамдарды ешқашан нәсілдік, діндік, ұлттық  сипаттармен бөлектемей,  керісінше, барша халықты ұйыстырып, қоғамды топтастыратын, өзара сыйластық пен түсіністікке  жол бастайтын ұлық мереке. Сондықтан да Наурыз – тек қазақ халқының ұлттық мейрамы емес, барша Қазақстан халқының ынтымағын арттырып, ырысын еселейтін айтулы жалпыхалықтық мереке. Біз алдағы уақытта Наурыздың негізгі идеялық мазмұнын осы жалпыхалықтық сипатпен жан-жақты өркендете беруіміз керек.

Арайлы күннің шуағы төгіліп, табиғат түлеген әз Наурызда халқы­мыздың мейірбандығы мен ырысы тасып, ынтымағы артып, мемлекетіміздің күш-қуаты кемелдене берсін! Ұлыс оң болсын, халқымыздың басына бақ қонып, Қыдыр дарысын!

 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы